• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Дін 19 Қыркүйек, 2024

Керекудегі Құран жарысы

71 рет
көрсетілді

Кереку қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІІІ республикалық байқауы өтті.

80 үміткер қатысқан байқауда үміт­керлер Құранды мәнерлеп оқу, 10 пара, 20 пара, 30 пара сынды төрт аталым бойынша өзара кім мықтыны анықтады. «Қазақ – ертеден Құран десе құлағы түрулі тұратын, Алланың сөзін құрмет тұтатын халық. Кімнің үйіне барсаңыз да төрінде Құран ілулі тұрады, ал оны біреу оқыса, ұйып тыңдайды. Елімізде жыл санап қариларымыздың қатары артып келеді. Осы байқауды өткізуге демеуші болған Бахаридин Нұғманұлына, Сәдуақас Олжабаев қариымыз бастаған әділқазы мүшелеріне алғысымды білдіремін», деді іс-шараға арнайы қатысқан бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Екі күнге созылған жарыс нәти­жесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, қомақты қаржылай, заттай сыйлықтарға ие болды. Атап айт­қанда, қазылар алқасының шешімімен «Мәнерлеп оқу» сайысында атыраулық Саламат Иманғалиев, 10 пара бойынша астаналық Дінмұхамед Әбішев, 20 пара бойынша қарағандылық Арсен Есімбек, ал 30 пара, яғни Құранды толық оқу бойынша алматылық Әбілқайыр Жұбан жеңімпаз деп танылды.

Бас жүлдені жеңіп алғандар мен жүлдегерлердің бәріне 300 мың теңгеден 4 млн теңгеге дейін қар­жы­лай сыйақы табыс етілді. Ал Құранды толық жаттау­дан алдына жан салмаған Әбілқайыр Жұ­бан «Haval» маркалы автокөлікті тақымына басты.

Еске сала кетсек, республикалық байқауға қатысуға алдымен әр өңірде облыстық іріктеу жарыстары ұйым­дастырылған болатын. Мұндай Құран жарыстарын елімізде жыл сайын өткізу жақсы дәстүрге айналған.