• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 19 Қыркүйек, 2024

Ғалам ғажаптары: Айға да АЭС салынады

255 рет
көрсетілді

Жақын арада «Nasa» Айға ядролық реактор орнатады. АҚШ-тың Ғарыш басқармасының мамандары оны 2030 жылы салуды жоспарлап отыр.

Нақты үдеріс баяғыда басталған. 2022 жылы 3 компанияның инженерлеріне Ай бетінде тұруға лайықты, қуаты 40 ки­ловаттық ядролық қондырғы жасау туралы пәрмен берілген еді. Ережеге сәйкес, ол 10 жылға дейін істеп тұруға тиіс. Жоба құны – 5 млн доллар. «Айдағы ядролық қуат көзін көрсету осы энергияның қауіпсіз екенін дәлелдеу, Айда ұзақ мерзімді барлау үшін қажет», деген еді «Nasa» тех­ноло­гиялық демонстрациялық миссиялар бағ­дарламасының директоры Труди Кортес.

 

Киелі кешірім

Ғаламның ғажабы деген атқа әбден лайық бір оқиға бар. Ол кегін кешірімге айырбастаған ана туралы.

Бұл оқиға Иранда болған. 2007 жылдың күзінде Самерех есімді әйелдің 18 жастағы ұлы кісі қолынан қайтыс болады. Қылмыскер кісі өлтіргені үшін өлім жазасына кесілді. Қыршын кеткен бозбаланың ата-анасы қылмыскерді дарға асатын күнді асыға күтеді. Сағат жылжып, мойынға арқан түсетін күн туады. Құсадан қан жұтқан әйел дарға асылайын деп тұрған жігітті кешіреді. Соңғы демі шығар уақытта бәрін тоқтатады. Тоқтатады да: «Егер бұл өмірде кешіруге болмайтын бір қателік болса, ол – кешіре алмау» дейді. Сол күні күллі Иран халқы жылаған еді...

 

Бір күнді өткізіп жіберейік...

Мұқағалидің «Уақытты тоқ­татар шамаң бар ма?» деген өлеңі ойға оралды. Артынша уа­қыт белдеуін жақында ғана ауыс­тырғанымыз еске түсті. Ал қазір Самоа штатының күн­тізбеден бір күнді алып таста­ғанына таңғалып отырмын.

Самоа штатында 2011 жылдың 30 желтоқсаны болған жоқ. Мұндай шешімді билік уақыт белдеуін UTC–11-ден UTC+13-ке ауыстыру үшін қабылдады. Оның себебі тіптен қызық. Әуелде сауда қатынастары АҚШ пен Ұлыбританияға бағытталған-тұғын. Кейінірек іскерлік бағыт Аустралия мен Жаңа Зеландияға өтті. Солай бір күнді алып тастап, екі ел арасындағы уақыт айырмашылығын жойды.