Облыстық Тәртіптік кеңестің жаңа жылдағы алғашқы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын аяққа басқан мекеме басшылары аяусыз сын садағына ілініп, оның ақыры қатаң жазалауларға ұласты.
Есіл ауданына қарасты Жарқайың бастауыш мектебінің меңгерушісі Кемел Такишевтің тапқаны қапқанына аз болса керек, көп ойланбастан өзін өзі «жаңа қызметке» тағайындау туралы бұйрықты беріп кеп жібереді. Сөйтіп, негізгі қызметіне қоса, қазандықтың от жағушысы «лауазымын» қоса атқарып шыға келеді. Сірә, қолынан келтіріп қонышынан басқаны аздай, бюджеттің қаражатын төбеге шырт түкіріп, қалтаға баса беретін майшелпекке баласа керек. Қазандықтың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қаранардай қара күш иелеріне анда-санда төбе көрсеткені болмаса, жарытып жұмыс істемеген. Ал, еңбекақы алуға келгенде есесін жібермеген. Бірақ, оның оңай олжаға кенелуді арман етіп, арандай ашылған арам пиғылын прокуратура өкілдері әшкерелеп, соңғы нүктені Тәртіптік кеңес қойды.
Ол кінәсін мойындап, қанша ақталса да, қызметінен босату туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды. От жағамын деп жүріп от басқан оның әділдіктен тайған әрекеті өзгелерге сабақ болса, кәнеки!
Бақыт РАМАЗАН, журналист.
Солтүстік Қазақстан облысы.