• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2015

Көзбояушылық

542 рет
көрсетілді

Үкімет бөлген қаражатты дімкәс жандардың қажетіне жұм­сау­дың орнына өз қалтасынан шығар­ған­дай «үнемдеп» қалуға тырысатын шенеуніктер облыста жоқ емес. Онсыз да тағдырдың ауыр тау­қы­метін жастайынан тартып, жығылған үстіне жұдырық сияқты өмірдің ауыр азабын арқалап келе жатқан қиын да қилы жан азабы оларды түк ойландырмаған тәрізді. Адамгершілік асыл қасиеттермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұндай бассыздық әрекеттер прокуратура тарапынан әшкереленбегенде «жаны ашымастың қасындағы басы ауырмас» қылық әлі де жалғаса берері кәдік еді. Облыстық прокуратураның қоғамдық кеңес отырысында кел­тірілген мәліметтерге сүйенсек, мүгедектерге «мүсіркей» қарау­шылық аудандарда жаппай сипат алғанын байқау қиын емес. Соған қарағанда, тиісті мекемелер тарапынан бақылау-тәртіптің босаңсығаны ма, әлде мемлекет қазынасын «қағудың» бір қитұрқы жолы ма деген ойға еріксіз келесің. Мәселен, Есіл ауданының тұ­р­ғ­ыны К.Бекқожин екінші топтағы мүгедек ретінде бір жыл бойы тиесілі 12 арнайы гигиеналық құралдың орнына 2-уін ғана алған. Бір ғажабы, аудандағы мүгедектердің көпшілігі денсаулыққа ауадай қажетті осын­дай медициналық препараттармен қамтамасыз етілмеген. М.Жұ­мабаев ауданын­да өңірдегі дім­кәс жандардың төрттен бірі тұра­ты­нына қарамастан жоғарыдағыдай фактілердің тіркелгенін былай қояйық, санаторий-курорттық ем-домдарға қатысты жеңілдіктерден қағылғаны таңдандырмай қоймайды. Ал Тайынша ауданының лауазымды тұлғалары тірек-қимыл мүшелері зақым­данған және көзі нашар көретін ғаріп адам­дарға тифлотехникалық құралдарды уақтылы жеткіз­беуіне еш өкінбейтін сияқты. Өйткені, мұн­дай жағымсыз жайттар бірнеше мәрте орын алған. «Бір апамнан бір апам сорақы» дегендей, Шал ақын ауданы шенеу­ніктерінің мына көзбояу­шы­лығы айды аспаннан бір-ақ шығарғандай әсер қалдырады. Көру қабілеті нашар Г.Костелеова деген мүгедекке арнайы қолсағат беріліпті. Тіпті, алғаны жөнінде қол да қойған көрінеді. Ал тексеріс барысында қолсағат аудандық жұмыспен қамту бөлімі басшысының сейфінен сопаң етіп шыға келген. Бір ауданның ортан қолдай бір маманы жүрмек түгіл орнынан әзер қозғалатын мүгедек­ті курьерлік жұмысқа «орна­лас­тырып», «сақалшы-сақалшы дегенге өз сақалын бояйдының» керін келтіріп тынған. Міне, осындай деректерге қарап-ақ мүдделі ведомостволар мен олар­дың қарауындағы қызмет­керлердің өз міндеттеріне қалай қарай­тынын бағамдай беруге болады. Жақында құзырлы органдар тағы бір басшы­ның жалғанды жалпағынан басып келген адымын аштырмады. Сөйтсе, ол жүйке ауруына шалдыққан балалар диспансеріне жетекшілік еткен тұста жөргекқаптарды 3-4 есе артық бағаға пұлдап, 3 миллион теңгенің көзіне су құйған. Тықыр таянғанын сезісімен табанын жалтыратқан. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.