Қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында әрбір азаматтың белсенділігін ояту аса маңызды. Сонда ғана тазалықты қамтамасыз етуге болады.

Сәтбаев қаласында биыл төртінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауы тұрғындардың өздері тұратын аумақтағы санитарлық тазалықты сақтауға атсалысуына ықпалын тигізе бастады. Өйткені жыл санап байқауға қатысушылар қатары көбейіп келеді.
Биыл байқауға 15 ауланың тұрғындары қатысты. Солардың арасынан озық шыққандарға арнайы сыйлықтар берілді. «Жасыл аула» аталымы бойынша қаладағы Ерден көшесі, 193-үйдің тұрғындары «жеңімпаз» деп танылды. Өйткені үй ауласы жасыл желекке оранған, әртүрлі гүлдер көз тартады. Мұндай жердің тазалығы да тамаша болатыны айтпай-ақ белгілі. Оларға бейнебақылау камерасы сыйға тартылды. Нақ осындай бейнекамераға Гурба көшесі, 99-үйдің тұрғындары да «Қаланың өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша ие болды. «МИБ және ЖС үздік қызметкері» деп танылған «Қайсар» жекеменшік пәтер иелері кооперативіне дәнекерлеу аппараты табысталды. «Жайлы кіреберіс» аталымының жеңімпазы атанған Тәуелсіздік даңғылы, 55-үйге жаңа үлгідегі шаңсорғыш берілді. Абай көшесі, 65-үйдің тұрғындары биылғы байқаудың басты бәйгесін – теледидарды жеңіп алды.
Жеңімпаздарды марапаттап, сыйлықтарды табыстаған қала әкімі Мұрат Бөрібаев «Қалаға деген сүйіспеншілік – ауланы таза ұстаудан басталады» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде солай. Тазалықты сақтау, соған ұмтылу – тәрбиенің, мәдениеттің бір түрі. Сондықтан үйдің кіреберісінен бастап, оның тазалығын сақтауды өз міндеті санайтын, қаламыздың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатын барлық белсенді және бейжай қарамайтын қала тұрғындарына зор алғысымды білдіремін», деді.
Байқау келесі жылы да жалғасын табатын болады.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы