Өз өмiрiн ұстаздық пен ғылым-ға арнаған Майдан Әбдіғалиұлы 1943 жылы Алматы облысы Қоғалы ауылында дүниеге келген. Ол 1962 жылы Киев халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, екінші курсында әскерге шақырылады. Кейін оқуын жалғастырып, 1969 жылы қаржыгер мамандығын алған.
Еңбек жолын Алматы облысының салық инспекциясында салық инспекторы болып бастаған Майдан Әбдіғалиұлы әр жылдары мемлекеттік статистика органдарында еңбек етті. Алматы халық шаруашылығы институтының аға оқытушысы, деканның орынбасары, партия ұйымының хатшысы, Қаржы кафедрасының доценті қызметтерін атқарды.
1997 жылы қызметін Астана қаласындағы Қазақ аграрлық университеті Қаржы кафедрасының доценті ретінде жалғастырды. Елге қажет маман даярлайтын еңселi бiлiм-ғылым ордаларында еңбек еткен жылдары ол көптеген үлгілі шəкiрт тəрбиелеп, жоғары білім беру саласының өркендеуіне сүбелi үлес қосты.
Майдан Сәтқалиев – банк ісі бойынша оқулықтың және Қазақстанның қаржы саласына арналған бірқатар мақаланың авторы.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымы ұлағатты ұстаз Майдан Әбдуғалиұлының өмірден өтуіне байланысты ұлы Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Майданұлы Сәтқалиевке, отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Марқұмның жаны жәннатта болып, нұры пейіште шалқысын.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымы