Академикпен кең отырып әңгімелесуге Еуразия ұлттық университетінің ғимаратында кездесетін болып келістік. Бұрын көрмеген ғалыммен кездесу қалай болады деп аздап қобалжып, параққа жазып алған сұрақтарымды қайта-қайта қарап, бір пысықтап алдым. Сөйткенше, аталған оқу орнына да жеттім. Алдымнан ұзын бойлы, жүзінен мейірімі төгілген кісіні көргенде, көңілім бірден жайланып сала берді. Сондай зиялы, қарапайым тұлғаның бойынан қазақылықтың иісі аңқып тұр. Құдды ауылдағы жақын ағамды көргендей болдым. Осы жолы елімізге белгілі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рысқұл Ойнаровпен отандық ғылымның дамуы, қазақ тілінің жағдайы, ұрпақ тәрбиесі туралы сөйлестік.
Ғылымның дамуына орта керек
– Рысқұл аға, әңгімені қазақ ғылымының дамуынан бастасақ...
– Шынымды айтсам, отандық ғылымды дамыту туралы сан түрлі пікір айтылады. Ғалымдардың өздері де осы саладағы қордаланған мәселелерді көтеріп, газет-журналға, телевидениеге сұхбат беріп жатады. Бір жағынан, дұрыс. Алайда ғылымды дамытуға кешенді қарамаймыз. Қарапайым сөзбен айтқанда, ғылымның дамуына орта керек. Мысалы, кеңес дәуірінен бері Алматы – еліміздің ғылыми орталығы. Әлі де сол деңгейде. Өйткені онда Ұлттық ғылым академиясы мен қаншама ғылыми зерттеу институты, жоғары оқу орны орналасқан. Ғылымның әр саласында мықты ғалымдар жұмыс істеді. Тың жаңалықтар ашылды. Екінші ғылыми орталық Қарағандыда болды. Іргелі өндіріс ошағы атанған шаһарда да ғылыми зерттеу институттары мен бірталай жоғары оқу орны бар. Мұнда да білікті ғалымдар шоғыры қалыптасты. Ал бұрынғы облыс орталығы – Ақмолада екі-үш жоғары оқу орны болғанымен, ғылыми орта болған жоқ.
Жалпы, ғылыми ортаның маңызы бөлек. Ғылымды дамыту үшін алдымен жастар тәрбиесін түзеуіміз қажет. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені бекер емес. Адамның ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесі мен ішкі мәдениеті көп нәрсені шешеді. Соның бәрі бірге дамуы керек. Қазіргі жастар заман көшінен қалмай дамығанымен, олардың тәрбиесіне көңіл бөлмей жүрміз. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Кейбір жас ғалымдар ғылым саласында бір нәтижеге қол жеткізсе, бірден шетелге кеткісі келеді. Мәселен, Америка болсын, Еуропа болсын, олар талантты адамды сатып алады. Сөйтіп, өздерінің ғылымын дамытады. Мысалы, кеңестік кезеңде шахмат ойыны керемет дамыды. Соның нәтижесінде даңқты шахматшылар шықты. Оларды даярлаған белгілі бапкерлер ортасы қалыптасты. Сол секілді бізге де ғылыми орта керек. Мен Астанаға 2000 жылы көшіп келдім. Содан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, Назарбаев университетіне біраз ғалым шақырылды. Сонда да елордада ғылыми орта қалыптасты деп айта алмаймын.
– Не себепті?
– Ғылыми орта болу үшін ғалымдар жиі бас қосып тұруы қажет. Онда түрлі ғылыми семинар өтіп, өздері зерттеп жүрген салалары бойынша баяндама жасап, қызу талқылау жүріп жатса, қанекей. Бір жағынан, мұндай іс-шара ғалымдардың еңбегін насихаттауға дайын жарнама. Бірақ мұндай ғылыми орта жоқ. Үнсіздік. Бүгінгі ғалымдар өз бетімен ізденіп, халықаралық журналдарға материалын жариялап, PhD қорғай береді. Мұны біздің кезіміздегі ғылыми ортамен салыстыра алмайсың. Қазір қазандай бұрқ-сарқ қайнаған сондай ортаны сағынамын.
– Енді ғылым қалай дамиды?
– Ғылым жеке-дара ешқашан дамымайды. Ғылымның дамуына адамның білімі, біліктілігі, ішкі мәдениеті бірдей дамуы керек деп тағы айтамын. Біз жастарды ғылымға неге даярлаймыз? Олар да елге еңбек етіп, отандық ғылымды дамытуға үлесін қосса дейміз. Бір өкініштісі, қазіргі жастар біз ойлағандай емес. Бұған бола оларды жазғырмаймын. Уақыт солай ма, әлде еліміздегі ғылым дамуының әлі де кемшін тұсы бар ма, дарынды жастар ғылыми дәрежесін алғаннан кейін шетелде жұмыс істегісі келеді. Онда барғаннан кейін тұрақтап қалады. Сондықтан адами мәдениеттің негізінде ұлттық мәдениетті көтеру керек секілді. Ұлттық мәдениеті жоғары адам өз елінен ешқашан кетпейді. Біз дамыған Еуропа туралы көп айтамыз. Өз басым, жұмыс бабымен Еуропаның біраз жерін араладым. Еуропа халықтарының бәрі де өз елін, ана тілін жоғары қояды. Бір-бірімен өз тілдерінде сөйлеседі. Мысалы, Италияға барғанда италиялықтардың кәрі-жасына қарамастан, өз тілінде сөйлесіп жүргенін көрдім. Тек басқа елден келген азаматтармен ғана ағылшынша тілдеседі. Еуропаның кез келген мемлекетіне барсаңыз, осындай көріністі көресіз. Бірде Швеция орманын аралап жүріп, адасып кеттім. Содан орманнан шығатын жол іздеп, қорықшының баспанасы секілді бір кішкентай үйді көріп, есігін қақтым. Үйден жасы келген кемпір шықты. Менің ағылшын тілім оңып тұрған жоқ, сонда да оған адасып жүргенімді айтып түсіндірдім. Әлгі кемпір менімен ағылшынша өте жақсы сөйлесті. Ол кісі өз ана тілін білгенімен қоса ағылшын тілін де еркін меңгерген. Бұл да – мәдениеттіліктің бір белгісі. Қысқасы, елдің, адамның мәдениеті көтерілмесе, ғылым алға дамымайды. Мұны билік өкілдері түсінсе деймін. Қазір елімізге сан тараптан инвесторлар келіп жатыр. Солардың бірі осында зауыт салып, заманауи құрал-жабдықтарын әкелді делік. Ал сонда еңбек ететін біздің азаматтардың білімі мен мәдениеті соған сай ма? Егер ол инвестор әлгі зауытқа 6-буындағы жаңа технологияны алып келгенімен, онда істейтіндердің мәдениеті төмен болса, шетелден келген қожайынға ешқандай пайда жоқ. Сондықтан ғылымды дамыту туралы айтқанда, тек ғылымды ғана емес, адамдардың мәдениеті мен білімін қоса көтеру қажет деп санаймын.
Математика – күрделі ғылым емес
– Еліміздегі мықты математиктердің бірісіз. Осы ғылымның басқа саладан ерекшелігін айта кетсеңіз?
– Математика соншалықты күрделі ғылым деп айта алмаймын. Негізін түсінсеңіз, ең оңай сала. Математика «Неден?», «Не себепті?», «Қайдан?» деген сұрақтарға жауап береді. Мәселен, адамзат жаралғаннан бері қаншама миллиондаған жыл өтті. Содан бері адам баласының жинаған байлығы не дегенде, ойлау жүйесі дер едім. Ойлау жүйесі әртүрлі сала арқылы дамиды. Айталық, әдебиет те, бейнелеу өнері де, музыка да ойлау жүйесін дамытады. Математикада оңтайлы ойлау деген әдіс бар. Мұнда бір ойдың шындығын келесі сатыдағы ойда қорытып, дәлелдейді. Соны адамдарға үйретуге есеп керек. Математика ғылымының да өз философиясы бар.
– Ғылыми орта сіздің математикаға енгізген жаңалығыңызды жоғары бағалайды, осыған тоқталсаңыз?
– Математикада «интеграл операторлары» деген ұғым жиі кездеседі. Мен осы саланы ұзақ зерттедім. Бұған кандидаттық, докторлық еңбектерімде де жан-жақты тоқталдым. Осы интеграл операторларының жұмысын дамытуға оны дербес жағдайында бір жаңалық тауып, «Ойнаров шарты», «Ойнаров ядросы» деген терминді ғылымға енгіздім. Менен кейін де бұл шарттарды басқа да ғалымдар зерттей бастады. Жаңалықтың мағынасын түсіндіру қиындау. Дегенмен қазақшалап айтқанда, былай: Таулы өлке. Енді соны мекендеп отырған малшы жердің оты таусылғаннан кейін отарын басқа жаққа апарсам дейді. Жан-жағы биік таудың ортасында ғана ашық жер бар. Содан кішкентай саңылау тауып, малды шөбі мол беткейге шығарады. Менің ғылымға енгізген жаңалығым да солай. Басқа ғалымдар мен тапқан саңылау арқылы сол саланы одан әрі зерттейді.
– Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру туралы не айтасыз?
– Бұл тақырыпқа байланысты газет-журналға біраз мақала жаздым. 90-жылдары Математика және механика институтында қызмет істеп жүргенде терминологияға байланысты түрлі семинарға қатысып, осы саланы біраз зерттедім. Мәскеудегі терминология орталығына барып, солардың жұмысымен таныстым. Осыдан 40 жыл бұрын «интеграция» деген сөз сирек қолданылатын. Қазір осы ғылыми терминді жиі айтамыз. Мысалы, математика ғылымына байланысты терминдерді де басқа салаға да қолдана береміз. Өйткені уақыт, қоғам жаңарған сайын терминдердің де мағынасы кеңейеді. Мәселен, «математикалық анализ» деген сабақ бар, соны қазақша «математикалық талдау» деп атайық десек, кейбіреулер бұған келіспейді. Қазақтың тілі бай, оралымды, кез келген ғылыми терминді өзімізге икемдеуге болады. Сондықтан терминологияға өте мән беру керек.
– Ұлт зиялысы ретінде сізді қоғамда не толғандырады?
– Толғандыратын мәселе өте көп. Айталық, бұрын халқымыздың бойында ар-ұят деген қалқан бар еді. Кейінгі отыз жылда сол қалқанымыздан айырылып қалғандаймыз.
– Мұндай күйге қалай түстік деп ойлайсыз?
– 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғанда бөркімізді аспанға атып қуанғандардың бірімін. Сол күні түнімен ұйықтамай шыққаным да есімде. Өйткені қазақтың азат ел болуын жас күнімнен аңсадым десем, өтірік айтқаным емес. 60-жылдардың ортасында университетте оқып жүргенде жатақхананың бөлмесінде бірге тұратын жігіттермен есікті ішінен тарс жауып, жарықты өшіріп қойып, осы тақырыпта әңгімелесуші едік. Егемендік алғаннан кейін бірден даму жолына түсеміз деп ойладық. Бірақ жағдай біз ойлағаннан басқаша өрбіді. Алыпсатарлық белең алды. Бұрын халқымыз алыпсатарлықты жек көрген еді. Баю мақсатымызға айналды. Соның салдарынан обал-сауап пен ар-ұятты ұмыта бастадық. Әлі де ештеңе өзгеріп кеткен жоқ. Соған қатты қапаланамын. Енді осылай кете береміз бе деп қорқамын. 1991 жылы тәуелсіздік алғанда ғылым жолында жүрген бір топ досыммен бірге «Егемен ел болдық, енді өзіміз қарыштап дамимыз» деп қуанып, сол кезеңді көрсек деп армандадық. Бүгінде сол достарымның көбі өмірден озды. Кейбіреуі ауырып жатқанда: «Біз еліміздің өркендегенін көрсек деп аңсап едік. Енді оны көре алмаймыз, соған сен жет» деп, ақырғы аманаттары секілді тілектерін айтты. Шынымды айтсам, достарым аңсаған дамыған уақытты мен де көре алмайтын сияқтымын.
– Сонда болашаққа сеніміңіз аз ба?
– Бұрын сенуші едім, қазір күннен-күнге сенімім азайып барады. Әсіресе өз салт-дәстүрінен, тілінен, дінінен жерінген бауырларымды көріп, жаным түршігеді. Мемлекеттік тілдің де жағдайына алаңдаймын. Осы тақырыпта әлеуметтік желіге үш пост жаздым. Біз – біраз бодандықтың қамытын киген, түрлі идеологияның ықпалында болған, 4-5 қоғамдық формацияны бастан кешкен халықпыз. Соның кесірінен ұлтымыз екіге бөлінді.
Мәселен, орыстанған қазақтарды алайық. Олар жан-тәнімен орыс тілін қорғап, өздерін қазақ тілділерге қарағанда жоғары санайды. Еліміздің толық қазақ тілді болуына да қарсы. Бұлардың қарсылығы орыс этносы өкілдерінен де басым түседі. Бір жағынан, оларды алған тәрбиесі мен өскен ортасына қарап, кінәлаудың өзі қиын. Дегенмен көш жүре түзеліп, ел қазақ тілді бола бастағанда бұлар да қатарымызға қосылады деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілді меңгеру – мәдениеттілік белгісі. 1997 жылдың шілде айында шыққан «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Аталған заңда республиканың әрбір азаматы мемлекеттік тілді білу парыз деп көрсетілген. Егер осы заң толық жұмыс істегенде қаншама іс алға басар еді. Қатынас қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіліп, айналымға енуші еді. Бұл өзекті мәселені Ұлттық құрылтай мүшелеріне де ұсындым.
Қарапайымдылық – ұлы қасиет
– Ғылым жолы ауыр деп айтамыз. Шынымен де солай ма?
– Ғылымға кеш келдім. Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуге келгенде, менімен құжат тапсырған талапкерлердің дені аудандық, облыстық, республикалық білім олимпиадасының жүлдегерлері екен. Мектепте оқып жүргенде олимпиадаға қатыспақ түгілі, ондай сөзді естіген емеспін. Орыс тілін де білмеймін. Сол жылдары Министрлер кеңесінің қаулысымен оқуға түскендердің арасында емтиханнан жоғары баға алғандарға Ресейдің орталық қалаларындағы іргелі университеттерге баруға жолдама берілді. Бұған мені де қосты. Оқу-ағарту министрі жолдама алуға шақырды. Барған жоқпын. Бір күні факультет деканы Қасен Ибрашев шақырып алып: «Сен неге жолдама бойынша орталыққа оқуға бармай жүрсің? Оған бару қажет. Қазақ балаларының өскені дұрыс», деп біраз ақылын айтты. Мен ол кісіге орыс тілін білмегендіктен оқи алмайтынымды түсіндірдім. Осы кезде тағы бір оқытушымыз: «Қасеке, бізге де бала керек қой, осы жігіт өзімізде оқысын», деп мені қолдап сөйледі. Университетте өте жақсы оқыдым. Киров атындағы стипендиат атандым. Оқу бітіргеннен кейін әскерге кеттім. Екі жыл Отан алдындағы парызымды өтегеннен кейін Алматыға келіп, ғылым жолын қайта жалғастыруды ойладым. Бірақ әкем: « Мен зейнеткерлікке шықтым, үйдің үлкенісің, бізге көмек беретін сен, ауылда бол», деп шақырып алды. Сөйтіп, зайыбым екеуміз ауылға келіп, мектепке орналастық.
Арада екі-үш жыл өтті. Жаз еді, бір күні үйге әкем келді. Шай іштік. Әйелім дастарқанды жинайын деп жатыр еді, «жинама» деп қолын жайып: «Мен ауылға шақырғанда сөзімді жерге тастамай келгендеріңе ризамын. Бүгіннен бастап, қайда барам десеңдер де жолдарың ашық», деп батасын берді. Келіншегім екеуміз апыл-ғұпыл заттарымызды жинап, Алматыға тарттық. Мұнда жұмысқа тұру үшін мекенжайға тіркелу керек. Ондай таныс жоқ, біраз қиналдық. Қазақ ұлттық университетінен қосымша сағат алып, жұмыс істедім. Жалақысы өте мардымсыз. Сенбі-жексенбі күні вокзалға барып, вагон түсірдім. Ақыры сол кездегі Оқу-ағарту министрі Қ.Балахметовтің қабылдауына жазылып, үш ай дегенде көмекшісі арқылы өзім оқыған университетке оқытушы болып, толық орналастым. Біраз жыл студенттерге дәріс оқыдым. Одан кейін Ұлттық ғылым академиясының Математика және механика институтында аға инженер, жетекші ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болып, кандидаттық, докторлық диссертациямды қорғадым.
– Өмірде кімді ұстаз тұттыңыз?
– Арал қаласының іргесіндегі №19 мектепте оқыдым. Осы білім ордасында математикадан Темір Тілесбаев есімді мұғалім сабақ берді. Өте шыншыл, өткір адам еді. Кейін мектеп директоры болды. Бұл кісі біздің жаққа 1962 жылдары Орал өңірінен жолдамамен келген. Зайыбы кітапханашы болып істеді. Екеуі де сыпайы, мәдениетті адамдар. Олардың бір-біріне ізеті, сыйластығы, жарасымды киімі ауылға керемет әсер етті. Біздің де соларға ұқсағымыз келді. Өз басым, осы ағайымнан көп өнеге алдым. Кейін ол кісі отбасымен Алматыға көшіп келіп, өте жақын араластық. Менің әрбір жетістігіме қуанып, марқайып отыратын. Ал ғылымдағы ұстаздарымнан Ресей Ғылым академиясының академигі, әлемге есімі мәлім математик 107 жасқа келіп қайтыс болған Сергей Михайлович Никольскийді бөлек көремін.
– Сізді басқадан қарапайымдылығыңыз ерекшелеп тұрады, осының сыры бар ма?
– Қарапайымдылық маған әке-шешемнен, өскен ортамнан, туған ауылымнан дарыған. Қандай биікке көтерілсем де, осы қалпымнан өзгерген емеспін. Әйтпесе өзінен төмен адамға шікірейіп қарайтын талайларды көріп жүрміз ғой. Бұл адам мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Өз басым, «мен ғылым докторымын, профессормын» деп ешкімге кеуде қағып көрген жоқпын. Адам қандай жағдайда да адам болып қалуы керек. Көшедегі кез келген адамдармен араласып, сөйлесіп кете беремін. Қарапайымдылық – ұлы қасиет. Біздің буынды ата-ана, ауыл, қоғам тәрбиеледі. Бір мысал айтайын. Жаз шыға сиырдың жүнінен доп жасап ойнаймыз. Сондай ойынның қызығына батқан 6-7 жастағы кезім. Әлгі допты қуалап келе жатқанда әңгімелесіп тұрған бір топ үлкендердің жанынан сәлем бермей өтіп кеттім. Оны өзім сездім. Бір кезде менімен қатарлас бала «сені шақырып жатыр» деп, солар тұрған жақты нұсқады. Барып сәлем бердім. Бәрі де әке-шешемді, руымды сұрап, сәлем бермей өткен қылығымды жақтырмай тұрды. Бір сағат өткеннен кейін анам ойын үстінен «әкең шақырып жатыр» деп алып кетті. Табалдырықты аттай бергенде, әкемнің қамшысы арқамнан осып өтті. Жаным шығып кете жаздап, шешеме барып тығылдым. Әдетте мені қызғыштай қорып жүретін анам бұл жолы итеріп жіберді. Әкеме қарасам, қабағы түсіп кеткен. Бір кезде жүзі сұрланып: «Сен үлкен адамдарға сәлем бермей, жүгіріп өтіпсің ғой. Енді мұндай әдепсіз қылық жасасаң, бұдан да жаман болады», деп қатуланып сөйледі. Бұл оқиға маған өмірлік сабақ болды. Енді ауылда үлкендерді көрсем, анадайдан жүгіріп барып сәлемдесетін болдым. Әкемнің осындай мықты мектебінен өткеніме ризамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат Есенжол,
«Egemen Qazaqstan»