• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Дәстүр 20 Қыркүйек, 2024

Құдалық

116 рет
көрсетілді

Аман Ауғанбайұлы дейтін жетпісті еңсеріп қалған ағамыз бар. Өзі сонау жылдары Алтайдың арғы бетінен келген. Бұл кісінің басқа қазақтардан айырмашылығы – қып-қызыл ұлтшыл. Әмбе қазағы айлы аспанның жұлдызындай жамырап кеткен солтүстік өңірде тұрады. Қашан көрсеңіз, екі аяқты көсіліп тастап, біреулермен қызылшеке дауласып отырғаны. Сондағы айтатыны: «Сендер неге қазақша сөйлемейсіңдер?».

Бірде ауданда үлкен жиналыс болған екен. Жаңадан келген аудан әкіміне ақсақалдар «Қарағым ендігіміз ұят, бұдан былай аппаратыңды қазақша сөйлет!» депті. Әкім қос алақанын жайып «қазақша білетін кадр жоқ» деп мүләйімсиді. Топ ортадан Аман аға ыршып тұрып: «Мен бармын, кәне қызметің, әкеле ғой, істеп жіберейін», депті. Сасып қалған әкім мырзаның жанары жыпылықтапты. Куә болғандар «күлкіге бір көмілдік» деп, естеріне түскен сайын езу тартатын көрінеді.

Осы Аман ағамыз жуық жылдары келін түсіріпті. Бұл – өз алдына бөлек хикая. Оны өз аузынан естідік. Балаларының кенжесі, шаңырақтың иесі бір күні: «Әке, кешікпей келін әке­лемін», депті. «Ойбай, мына­уың жақсы жаңа­лық қой, келін қай жақтан, қал­қам?» десе, баласы «Хромтаудан» деп жауап қатыпты. Ағамыз­дың жүрегі зырқ етіпті. «Ол жақ­тың қазағы «орысбай­лау» болушы еді, енді менің келінім­мен орысша сөйлесуім қалған екен ­ғой», деп іштей қынжылады. Осы­ны ойлағанда, Аман ағаның қаны ойнап шыға келген. Ашуланған­да екі көзі ит қуған ешкі баста­нып, жұқа қабағына шаншыла қалу­шы еді, дәл сөйтіпті. Шеке тамыры көге­ріп, бөбежігі бүлкілдеп тұ­рып, ұлы­на: «Балам, келін қазақша ­біле ме?», депті. Баласы болар-бол­мас ба­сын шайқайды. Түсінікті.

Осыдан кейін ағамыз, өз сөзі­мен айтқанда, «қарсы шабуыл­ға» да­йындалған. Құда болудың жоспарын жасаған. Сөйтіп, арада апта өткенде кемпірін ертіп, қоржын-қоспағын арқалап құда­лыққа келген. Құдасы қарсы ала­ды. Әбекеңде үн-түн жоқ. Үйден ат­танарда кемпірі: «Әй, сен шал жөнсіз сөйлеп, құдаларды рен­жітпе, аңдысын байқайық. Сөйлейтін кезде мен белгі берем, оған дейін тыныш отыр», депті. Құдалар болса өзара орысша сөй­лесіп шауып жүр... Шай ішілді, қоржын сөгілді, тыныс кеңіді. Ағамыз кемпіріне қарап қояды, «белгі» беруді ұмытқан сияқты. Ақыры төзімі таусылған ағай ағытылып кетіпті. Төрде шіреніп отырып: «Менің келінім қайда? Шақырыңдар!», дейді. Құдалар жағы қызды іздеп абыр-сабыр. Бір пәленің басталғалы келе жатқа­нын басқасы білмесе де жеңгеміз біледі, ол кісі «белгі» беріп әлек. Шалы оны ескеруден баяғыда кетіп қалған.

Келін келді. Ағамыз орнынан көтерілді. «Менің келінім сен бе, қарақ!». Келін үнсіз, басын изе­ген болады. «Ондай болса, – дейді көкеміз, – менің шаңырағымды аттаған сәттен бастап, бірауыз орысша сөйлемейтін боласың. Егер олай істеу қолыңнан келмесе, сені от орныңнан қозғамайын. Қазір аттанам», депті. Аман аға осылай деп, сазарып отырып қалады. «Айтқан үкіміңізді естіген құдалар жағы қайтті?» деп көкемнен сұрадым. Олар «ужас, ужас», депті.

Келін шырақ ақылды екен әрі қайын атасының осындай міне­зінен хабардар болса керек. Көзі­нің жасын төгіп тұрып, атасына «әміріңізге құлдық!», депті. Осылай келінді бері қаратып алған ақсақал құдаларға қарай шабуылға көшіпті. «Құрметті құдаларым, сым­батты құдағиларым, ертең мен сіздерді тойға шақырамын. Ме­нің алыстан, сонау Қытай елінен туыстарым келеді. Олар сіздерді көріп: «Аман орыспен құда бо­лып­ты», дейді ғой. Бұл сөзді естіген­ше, менің өлгенім артық. Не айтасыздар?», депті шешіле сөй­леп. Құдалар жағы үнсіз. Тығырық­қа барып тіреліп қалған сияқты. Ағамыз екі жаққа тиімді мына­дай ұсыныс айтып, «ертеңнен бас­тап тойға келетін құдалар қазақ­ша сөйлеу­ді үйренсін, олар дайын болғанда той жасаймын» деген екен. Құдалар жағы да ұлттық салт-санадан ажы­рамаған, сөзге тоқтаған текті ел екен. Болашақ құдасының айтқанына келісіп, бас изесіпті.

Тура екі ай өткен соң Аман аға дүркіретіп той жасапты. Қыз­дың әке-шешесі қосылып тұрып, Алтай қазақтарының ескі қара өлеңін айтқанда, Аман ағамыздың өзі ағыл-тегіл жылапты. Тойдың ертеңінде ағамыз құдасын құ­шақтап тұрып, «Алтайдан ата­жұртыма алып келіп сенімен құда қылған, Құдайға шүкір», депті.