АСТАНА. 27 қаңтар. Куба революциясының лидері Фидель Кастро біраз уақытқа созылған үнсіздіктен кейін үнін шығарып, бірінші рет Куба мен АҚШ-тың арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың қалпына келтіруіне байланысты өзінің ойын білдірді. Бұл туралы Lenta.Ru хабарлады.
«Мен АҚШ-тың саясатына сенбеймін, сондықтан да олардың өкілдеріне бір ауыз сөз де айтқан жоқпын. Алайда, бұл әскери жанжалды бейбіт жолмен шешуден бас тартуды білдірмейді», - деп атап өтті Фидель Кастро өзінің сөзінде.
Оның айтуынша, АҚШ пен Латын Америкасы елдері арасындағы қарым-қатынастың ешқандай күш қолданылмай шешілген кез келген проблемаларының реттелуі тиісті халықаралық нормалар мен принциптер тұрғысынан қаралуы керек.
«Біз қашанда бүкіл әлем халықтарымен, соның ішінде өз қарсыластарымызбен арадағы ынтымағымыз бен достығымызды қорғайтын боламыз», - дегенді қосты 88 жастағы Куба революциясының көсемі.
Куба 12 қаңтар күні АҚШ-пен жасалған келісім шеңберінде 53 саяси тұтқынды бостандыққа шығарды. Вашингтон бұл тараптағы жұмыстың күшейе беретінін айтып отыр. Бірақ ресми Гавана елде саяси тұтқынның жоқ екенін жеткізді. Куба билігі әдетте мұндай адамдарды «Американың ақша төлеп қойған жалдамалылары» деп атайды.
АҚШ пен Кубаның жарты ғасырға созылған жаулық қарым-қатынасының соңы өткен жылдың желтоқсан айында аяқталғандай болып көрінеді. Осы кезде АҚШ президенті Кубамен жақындасу бағытының ұсталатынын жариялап жіберді.
Екі елдің арасындағы текетірес 1959 жылы Бостандық аралы революционерлер қолдарына көшкеннен кейін басталды.
Мұрат Айтқожа.
Дерек, сурет: Lenta.Ru.