• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 21 Қыркүйек, 2024

Жиын-терім берекелі болғай!

277 рет
көрсетілді

Солтүстікте биыл астықтың шығымы ересен. Бірақ соны алу қиынға түсіп тұр. Қыркүйектің ортасына дейін сілбелеп жауын жауды. Егіс алқаптарының түбінде комбайндар тізіліп, күн ашылғанымен, жер құрғамағандықтан қаңтарылып тұрды.

Биыл Қызылжар өңірінің диқандары 4,4 млн гектарға астық сіңірген, соның 3,3 млн гектары – дәнді дақылдар. Егін орағына облыста 7 мыңнан артық комбайн шығарылған. Астық қабылдайтын 46 элеватор (сыйымдылығы – 3,2 млн тонна) бар. Олардан басқа 3,7 млн тонна астық қабылдай алатын 332 астық қабылдау пункті бар. Диқандар литрі 250 теңгеге арзандатылған жанар-жағар­маймен толық қамтылған.

Ауыл шаруашылығы басқармасының соң­ғы мәліметіне қарағанда, 1 млн 210 мың гектар жердің астығы орылып, бас­­тырылған. Алынған астық көлемі 2 млн 100 мың тоннадай. Астық шығымдылығы орта есеппен гектарынан 17,1 центнерден ай­на­лып жатыр. Былтыр бұл уақытта 1 млн 370 мың гектар алқаптың астығы оры­лып алынған еді. Алынған астық көлемі 1 млн 400 мың тоннадай болған. Гектар шы­­ғым­дылығы ол кезде 10,6 цент­нер­­ден айналған.

Қызылжар ауданында 7,5 мың гектар жерге егін салатын, Жомарт Омаров басқаратын «JJ Trade group» ЖШС-на соғып, орақ барысын білдік.

«Биылғы егін бітік шықты, бірақ алу қиынға айналып тұр. Көп жауған жаңбырдан арамшөп те қаптап кетті. Оны құрту – қосымша жұмыс. Біздің егіс алқабымыздың шығымдылығы әртүрлі. Ең нашар деген алқаптан гектарына 20 центнерден алып жатырмыз. Сонымен бірге 25–30 центнерге дейін астық өскен алқаптар бар. Сонда орта есеппен 25 цент­­нерден айналатын шығар. Бізге ең бастысы ауа райы құрғақ болып, енді бір 10 күндей тұрса деп тілейміз», деді.

Диқанның айтуынша, қазір ас­тық қабылдау орындары аузы-мұр­нынан шы­ғып, машиналарға толып тұр. Астық­тың ылғалдылығы да жо­ғары, соңғы алын­ған астық қана бір­шама құрғап, 15 пайызға дейін түскен. Алдыңғы тап­сы­рыл­ғандар 20–25 пайыздық ылғалды­лық­пен өткен.

Тәжірибелі диқан биылғы астық бағасы да 3-сыныпқа 80 мыңнан аспайтын шығар деп ойлайды. «Әдетте астық көп болған жылдарда баға төмендейді ғой. Әзірге азық-түлік корпорациясы бидайдың бағасын нақты белгілеген жоқ, бірақ 80 мың теңгенің шамасында болар деп ойлаймын», деді.

Ауыл шаруашылығы басқармасы әзірге астық қабылдау кәсіпорындарына 370 мың тон­надай астық жеткізілгенін мәлімдеді. Соның 226 мың тоннадайы – бидай. Соның ішін­де жұмсақ сұрыптысы – 210 мың тоннадай. Сапасы үшінші сыныпқа сәйкестері – 93,5 мың тонна. Бұл – барлық бидайдың 44,3 па­й­ызы. Ал төртінші сұрыптағылар – 97,9 мың тонна, 46,4 пайыз. Қазір 39 астық қа­был­дау кәсіпорны жұмысқа толық кіріс­кен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы