Ақтаудағы Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада керемет іс-шара өтті. Қазақ руханиятының қабырғалы өкілі Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығы аясында мектеп оқушылары арасында жазушы шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл байқаудың жөні бөлек. QC холдинг компаниясы мен Мұнайлы аудандық орталық кітапханасы бірге ұйымдастырған «Әбіш оқулары» сайысына аталған аудан мектептеріндегі 8-11 сынып оқушылары қатысты.
Оқушылар арасында Әбіш шығармаларындағы Маңғыстау тақырыбын насихаттау, жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды көздейтін іс-шараға Мұнайлы ауданы тұрғындарының басым бөлігі болып табылатын шеттен келген қандастардың балалары көбірек тартылды. Нақтырақ айтқанда, осынау рухани бәйгеге аудандағы 14 мектептен 43 оқушы қатысты.
Байқау шарты бойынша қатысушылар Әбіш Кекілбайұлының «Құс қанаты», «Автомобиль», «Бәсеке», «Бәйгеторы» хикаяларын бір ай бойы оқып алдын ала дайындалды. Бірінші кезеңде екі шығарма бойынша оқушылар тест тапсырды, одан сүрінбей өткендер тағы екі күн дайындалып, екінші кезеңде тағы екі шығарма бойынша тест сұрақтарына жауап берді. Екінші кезеңнің сынынан өте алған жүйріктер үшінші кезеңде «Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері» туралы эссе жазып, тақырыптың ашылуы, әдеби талдау әдісі, сыни ойлау дағдысы, грамматикалық сауаттылығы мен стилі тұрғысынан сынға түсті.
Профессор, филология ғылымдарының докторы Әділет Қабылов бастаған қазылар құрамына жүзден жүйрікті анықтау оңайға түспеген. Жеңімпаздарды марапттау Ақтау қаласындағы облыстық кітапхана ғимаратында өтті. Кітапқұмар құрбыларының қуанышына ортақтасқан Мұнайлы аудандық өнер мектебінің шәкірттері мың бұрала билеп, ән мен күйді төгілтті.
«Бұл іс-шараны ұлттық руханиятымыз бен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған кемеңгер тұлға, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлын еске алып, оның төл әдебиетіміздің поэзия, проза, драматургия, сын, публицистика және аударма жанрларына қосқан орасан үлесін, жалпы шығармашылық жолы мен азаматтық болмысын насихаттауға арнап отырмыз. Біздің бастамамызды қолдап, аталған байқауды өз аумағында өткізуге келісім берген Мұнайлы ауданы әкімдігіне алғыс білдіреміз. Жастар – елдің болашағы, олардың ұлттық өнерге, мәдениет пен әдебиетке терең қаныға өсуіне жағдай туғызу – бізге міндет. Бұл осы мақсатта туындаған ой еді, мұнайлылық балалардың ынтасын, құлшынысын көріп қуанып тұрмыз. Бұл бағыттағы жұмысымыз жалғасын таба береді, кітап оқушылар бәсекесін қызғылықты форматта өткізу арқылы қазақ әдебиеті көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын оқушылар арасына насихаттай беретін боламыз», деген «Qazaqstan Constrauction Holding» ЖШС директоры, «Әбіш оқулары» байқауы идеясының авторы және демеушісі Нұралхан Кульчиков жеңімпаз жеткіншектерге бағалы сый-сияпат тапсырып, Мұнайлы аудандық кітапханасына тарту ретінде оннан астам үстел мен орындық берілетінін жеткізді.
Өңірдің зиялы қауым өкілдері жастарды кітап оқуға шақырған байқаудың мәні мен мағынасын, ұйымдастырылуын жоғары бағалады.
Маңғыстау облысы