2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша отандастарымыздың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарындағы зейнетақы активтері 20,9 трлн теңгеден асып, жыл басынан бергі 8 ай ішінде 3 трлн теңгеге немесе 17%-ға өсті. Зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі 4,1 трлн теңгені құрады, деп жазады Egemen.kz БЖЗҚ-ға сілтеме жасап.
Зейнетақы жинақтарының 96,25% мөлшері МЗЖ есебінен қалыптасқан, қазіргі уақытта оның көлемі шамамен 20,1 трлн теңгеге жетті (бір жылдағы өсім – 23,9%, жыл басынан бері – 16,3%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары - 627 млрд теңге, бір жылдағы өсім – 17,7%, ал жыл басынан бері 10,3% артты. Ең үлкен өсімді (жылына 49,2%, жыл басынан бері - 33,2%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, оның көлемі - 7 млрд теңге.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсе бастады. 2024 жылдың 8 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 148,9 млрд теңгеге жетті.
«Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында салымшылардың шоттарына түскен зейнетақы жарналары шамамен 1,78 трлн теңге болды (өсім өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 29,5% немесе 406,01 млрд теңгеге артық). Жарналардың барлық түрлері оң сипатты көрсетті: МЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) жыл басынан бері 01.09.2024 жылға дейін 1,6 трлн теңге (бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3% артық) түсті, МКЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-ға шамамен 75 млрд теңге (өсім 19,3%), ЕЗЖ – 2,1 млрд теңге (өсім 43,4%) жиналды», делінген БЖЗҚ хабарламасында.
БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері шамамен 1,9 трлн теңгеге жетті. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 883,05 млрд жуық теңгеге (немесе 85,3%) артық.