ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов бастаған халықтық штаб мүшелері «Атырау облысы Су Арнасы» КММ мен «Атыраунефтемаш» ЖШС ұжымдарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесуде энергия тапшылығы, энергетикалық тәуелсіздік мәселесі, сондай-ақ 6 қазанда өтетін референдум, АЭС салудың маңыздылығын талқылады.
«Қазір халқы өте тығыз орналасқан оңтүстік өңірде энергия тапшылығы айқын сезіліп жүр. Бұл жағдай біртіндеп еліміздің барлық аймағында байқалады. Сондықтан АЭС салудан қорықпауымыз керек. Біздің міндетіміз - өскелең ұрпаққа пайдаға асатын дүние қалдыру», деді Мәжіліс депутаты.
Облыстық Халықтық штаб мүшесі, техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұловтың айтуынша, күн мен жел энергиясына қарағанда АЭС салудың тиімділігі жоғары.
«Әлем бойынша 17 ел Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттікке АЭС салуға ниет білдірген, оның ішінде Қазақстан да бар. Күн мен жел энергиясы табиғатқа тәуелді. Сондықтан оларға қатты сенім артуға болмайды. Баламалы энергия көздерінің пайдалану мерзімі – 15 жыл болса, АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі 60-80 жылға дейін барады. Қазақстанда екі реакторлы АЭС салынса 2,4 Гб тоқ көзі пайда болады. Мамандардың есебі бойынша елімізге кемінде 4 жаңа АЭС қажет. Себебі, 2,4 Гб тоқ көзі елдегі тапшылықты толық қамтымайды», деді штаб мүшесі.