• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Қыркүйек, 2024

Шоудаунға қолдау қажет

80 рет
көрсетілді

Астанада шоудаун (showdown) үстел теннисінен саяси партия өкілдері арасында турнир өтті. «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігі бас болып өткізген додаға қатысушылар шеберлік сынасты.

Турнирді ұйымдас­ты­рушы, «Зағиптар үс­тел теннисі федера­циясы» РҚБ президенті Серік Жүзбай саяси партиялар арасында дода өткізу арқылы осы спорт түрін кеңінен насихаттауды көздейтінін жеткізді.

«Бізге қаржылай қолдау, қам­қорлық қажет. Бүгінгі саяси партия өкілдері арасындағы турнирді де демеушілер кү­шімен ұйымдастырып отырмыз. Қолбайлау болып тұрғаны – теннис үстелі. Шетелден жасатуға қомақты қаражат керек. Астана қаласындағы орталықта бір ғана үстел бар. Осы аядай ғана ор­талықта алты саяси партия өкілдері спорт­тық сайыста тартысқа түсті. Қатысушылар шоудаун үстел теннисі спортының қалай дамып, өркендеп келе жатқанынан құлағдар болды. Біздің үнімізді тиісті орындарға жеткізіп, мұқтаждығымыздың өтелуіне септігін тигізсе дей­міз. Келешекте кенжелеп келе жатқан осы спорт түрін кеңінен на­сихаттап, дамытқымыз келеді. Сайысты «Партия күші – бір­лікте, көз жанары – жүректе» деп атауымыздың да өзіндік сыры бар. «Саусақ бірікпей, ине ілік­пейді» қашанда. Федерация жұмысын жандандыруға билік тарабы да қолдау көрсетіп, қамқорлық танытса, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қайратымыз жетеді», деген Серік Жүзбай кәсіпкерлерді де қолдауға, демеушілік танытуға үндеді.

Айналмалы жүйе бойынша өткен сайыста «Байтақ» партиясы чемпион атанып, «Respublika» партиясының өкілдері күміс медальды иеленді. Қола жүлде «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдеріне бұйырды. Жеңімпаз атанған, жүлде иеленген команда мү­шелеріне медальдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Елімізде шоудаун спортына қызығушы зағип жандардың да қатары артып келеді екен. І топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Нұрлан Жетпісбаев әр өңірде ашылған филиалдардың да жұмысы жанданып келе жатқанын жеткізді.

«Біз зағип жандарды қолдау, жігерлендіру мақсатында жыл сайын түрлі сайыстар өткі­земіз. 2022 жылы алғаш ұйым­дастырғанда 12 облыстан қаты­сушылар келсе, былтыр 16 облыстан үміткерлер жиналды. Жылдан-жылға шоудаун үстел теннисіне қатысуға ықылас танытушылардың қатары артып келеді. Біздің спортшылар қараша айында Польшаға, Швейцарияға халықаралық сайысқа қатысуға барады. Алдағы уақытта Астана қаласында халықаралық турнир өткізіп, елімізде осы спорт түрінің қалай қарқын алып келе жатқанын паш етсек дейміз. Бірақ барлығына қаражат қолбайлау болатыны қынжылтады. Демеушілер тарапынан қолдау тапсақ, қаржылық қажеттілігімізді өтеп беретін атымтай-жомарт азаматтар демеушілік танытса, қуанар едік», дейді Н.Жетпісбаев.

Халықаралық турнир өткізу үшін стандартқа сай жабдықты қамтамасыз ету маңызды. Мұндай үстелді Италияда сапалы жасайтындықтан, тапсырыс беруге қомақты қаражат қажет. Бұл спорт түріне қатысамын деген жандарға ешқандай шектеу жоқ. Н.Жетпісбаев орталықта жасы жетпістің ішін қуалаған зейнеткер кісі де үстел теннисін ойнайтынын жеткізді. «Мұнда аяқ-қол қимылдап, адамды ши­ратады, есту қабілетін де жақ­сартады. Жетпістен асқан қария сергек жүреді, әбжіл қи­мылдайды. Тіпті жарыс кезінде өзінен әлдеқайда жасы кіші ойыншыларды да ығыстырып кетеді», дейді Н.Жетпісбаев.

«Ауыл» партиясы Астана қалалық жастар қанатының төрағасы Мәди Жүзбек мүм­кіндігі шектеулі жандарға жас­тар тарапынан қолдау көрсету мақсатында турнирге қатысуға келгенін айтты. «Көру қабілетінен, тіпті көз жанарынан айырылған жандардың қайсарлығына тағы да тәнті болдық. Расында да шоудаун үстел теннисін ойнау, әдіс-тәсілін үйрену айтарлықтай қиын екен. Көзімізді тұмшалап бетпердемен жауып, қолымызға теннис қалағын бергенде қо­балжу да болды. Зағип жандар қашанда қоғамның мүшесі, ешқашан шетқақпай көрмеуге тиіс. Біз алдағы уақытта осы спорт түрін жастар арасында насихаттау мақсатында турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. «Көзімнің қарасы» зағиптар орталығындағы турнир тар­тысқа толы болды. Чемпион атануға барымызды салып едік, бұйырғаны қола жүлде. Бұл спортты тереңдей игеру үшін жиі ойнап, тәжірибе жинау маңызды. Алдағы уақытта дамуына өзіміз де үлесімізді қосамыз», дейді М.Жүзбек.

«Зағиптар үстел теннисі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі бірнеше облыста филиалын ашып, жұ­мысты жүйелі жүргізіп келеді. Зағип жандардың құқық­тарын қорғап, әлеуметтік мәселесін оңынан шешуге, қоғамға бейімдеу жолында тап болатын кедергілерді жоюға селбесетін бірден-бір ұйым.

Шоудаун үстел теннисінің тарихы 1960 жылдан тамыр тартады. Канадалық Джо Льюис пен Патрик Йорк жанары жарық әлемді көрмейтін зағиптар үшін ойлап тапты делінетін бұл спорт түрі кейін жазғы Пара­лимпия ойындарының бағдарламасына да енген. 1980 жылы Нидерландта өткен төрт­жылдық додасының бағдар­ламасында шоудауннан да спорт­шылар сынға түсті. Одан кейін әлем біріншілігі де ұйым­дастырылды. Дегенмен де нақты ережесі ұзақ талқылаудың нәтижесінде пісіп-жетіліп, 2009 жылы бекітілді.