Өңірде кәмелетке толмаған жастар арасында құқық бұзушылық белең алып барады. Мәселен, облыс орталығында 231 жасөспірім, сондай-ақ балаларын бетімен жіберген тұрмысы төмен 276 отбасы ювеналды полицияның есебінде тұр.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Қостанай қаласының өзінде кәмелетке толмағандарға қатысты 1 200-ге жуық құқық бұзу дерегі тіркелген. Тәртіп сақшылары бұл келеңсіз оқиғалардың дені, яғни 83 пайызы түнгі уақытта тіркелгенін айтып отыр.
«Түн ортасында жанында не ата-анасы, не заңмен бекітілген қамқоршысы жоқ қараусыз жүретін жасөспірімдер көбейіп кетті. Мұндай балалардың көбі түнде аға-әпкелеріне немесе туыстарына еріп жүре беруге болады деп ойлайды. Алайда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен тәртібін бақылауды қамтамасыз ету мақсатында заң түнгі уақытта баланың қасында заңды өкілдің жүруін талап етеді», дейді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.
Сонымен қатар түнгі клубтар мен дәмханаларда, компьютер орталықтары мен кинотеатр тәрізді ойын-сауық орындарында бейсауат жүрген 77 бала тәртіп сақшыларының назарына іліккен. Сорақысы сол, биыл мас күйінде ұсталған 58 жасөспірімнің біразы наркологиялық диспансердің, біразы полицияның есебіне тіркелген. Сондай-ақ бала тәрбиесіне дұрыс қарамаған 83 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр.
«Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзу фактілерінің жиілеп кетуі көбіне отбасы тәрбиесіне байланысты. Үйде «әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның» жоқтығын сезінген бала бос жүріске салынады, жаман әдетке үйір болады. Мұндай жайттардың алдын алу мақсатында жылына бірнеше рет республикалық «Жасөспірім» жедел алдын алу акциясын өткізіп тұрамыз. Аталған іс-шара аясында мектептерді аралап, балалармен кездесеміз. Түнгі рейдтерді күшейтіп, ойын-сауық орындарына бақылауды күшейтеміз. Сондай-ақ бізде тіркеуде тұрған жасөспірімдердің үйіне барып, олардың ата-аналарымен баланың мінез-құлқы, оқу үлгерімі, бос уақытын қалай өткізетіні жөнінде әңгімелесеміз», дейді ювеналды полиция мамандары.
Қостанай облысы