Қала мен даланың айырмасы көп: ауасы мен аспаны да бөлек, Күннің шығуы да, батуы да ерек. Самсаған жұлдыздардың жарығы көз қарықтырады. Байқасақ, қаланың биік үйлері мен қаптаған құрылысы қиялды шектейді. Артық ойға орын бермейді. Ал шексіз дала ми кеңістігін кеңейтеді, шабытыңды тасытып, тынысың ашылады. Шетсіз сары дала ойыңды да шексіз ететіндей. Қас тұлпардай құйғытып шабады. Аттаған әр қадамың – тұнған тарих. Әр тау-тастың айтар аңызы бар. Құстары да осы даланың жырын жырлайды. Анау төбе, мына жазық ұлттың кешегі елесіндей қылаң береді. Ұлытау өңіріне жасаған үш күндік сапарымызда бір сәт осындай күй кештік.
Өткен аптада «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне ақпараттық тур жасап, киелі һәм тарихи жерлерге арнайы барып қайттық. Өңірдің көп жұрт біле бермейтін тылсым көріністерімен де таныстық. Айта кетейік, аталған іссапар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті (ОШЖДК) мен БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) «Тұран жолбарысын реинтродукциялау және Ұлытау тау жотасының табиғи және тарихи-мәдени нысандарын қорғауға көмектесу» жобасы аясында өтті. Тур осы жоба барысында қол жеткізілген аралық нәтижелерді көрсетіп, Ұлытау аймағында туристік саланы дамытуға ықпал ету мақсатын көздейді. Әсіресе, өңірдің тарихи және табиғи әлеуетіне назар аударуға, тұрақты туристік инфрақұрылым құруға, келушілер үшін аймақтың тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Сапар барысында қатысушыларға мазмұнды бағдарлама ұсынылып, түркі өркениетінің бесігі саналатын Ұлытаудың бірегей табиғи нысандарына саяхат жасалды. Жошы хан тарихи-мәдени кешенінен бастап, Алаша хан мен Мақат мазары, Кейкі батырдың үңгірі мен Әмір Темір жазу жазған тастың көшірмесі бар Алтын шоқы, Ақжар борлы шатқалы, Әулиетау мен Хан ордасы сынды тарихи жерлерге атбасын бұрдық. Шыңғысханды ақ киізге орап хан көтерген дейтін тұстың қасиетіне ырымдап, біз де бір аунадық (нені болса да жақсылыққа жоритын халықпыз ғой). О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін Ұлытаудың маң даласында үш күн бойы жолсызбен жүріп, жалпы қашықтық, шамамен 900 шақырымды артқа тастаппыз. Алған әсер мол, түйгеніміз де аз емес. Әлқисса.
Иә, Ұлытау десе, әр қиядан ұларды іздейтініміз анық. «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген халық сөзінің қай жыл, қай ғасырдан бері айтылып кете жатқаны да беймәлім. Ел арасында ұлар хақындағы аңыз көп. Естуімізше, ұлар – тек қия-шыңды мекендейтін қасиетті құс. Іздеген әр жанға көріне бермейді, ізін де көрсетпейді. Өте сақ. Жергілікті жұрт та ұлар құстың тарихын жақсы біледі. Ұлытау өңіріндегі туризм сарапшысы әрі гид Сағадат Мұхамбетов қысы-жазы тау басын мекен ететін отырықшы, дене тұрқы кекілікке ұқсас келетін шағын ғана ұлар ешкімнің мазалағанын, тыныштығын бұзғанын қаламайды дейді.
Күн көзімен құбылған...
Қорғасын ауылынан он сегіз шақырым жерде Тамды өзенінің бойымен Қостанай облысына қарай түскенде табиғаттың айрықша сұлу мекені бар. Тіпті көпке беймәлім, адам жиі аяқ баса бермейтін аңғар деуге де болады. Тау сілемдері саз топырақ пен гипстің түрлі минералдарымен араласып, ақ және қызыл түстерге боялып тұратын Ақжар борлы тауларының ел арасында түрлі атауы бар. Біреулер «Ақжал борлы шатқалы» десе, енді біреу «Қызыл» деп те атайды. Ақжарға келсеңіз, бір аяғыңыз Ұлытауда, бір аяғыңыз Торғай даласында тұр дей беріңіз. Жайыла созылған борлы шатқал екі облыстың да аумағын алып жатыр. Тіпті төбесінен сонау жаққа көз тіксеңіз, Қостанай облысы көрінеді.
Бір қарағанда, Аустралиядағы Улуру төбешігіне өте ұқсас, бірақ құрылымы өзгеше тау жотасы келушілердің салмағынан төселіп жатқандай. Ең әсерлісі, күннің көзі қайда түссе, сол тұсы түрлі түске боялып, суретшінің кенебіндей құбылады. Әсіресе, күн шығар, күн батар сәттегі борлы шатқалдың көрінісі көз сүйсіндіреді. Бұл төбелердің мұндай түстерге боялуы ондағы майда аметист кристалдардың сазды топырақта көп болғандығынан болуы мүмкін дейді зерттеушілер. Ал туристер Ақжарды Марс планетасының пейзаждарымен ұқсастырып, «марстық» деп те атайды.
Ақжардың ғажайып көрінісіне куә болу оңай шаруа емес болып шықты. Жолсыз он сегіз шақырым дегеніңіз кез келген көлікке дес бере бермейді. Күрт бұрылыс, тосын төбе, қиыр жол. Сары дала шет-шегі жоқтай жеткізбейтіні тағы бар. Сөйтіп, келе жатқанда тым алыстан бір топ киік ғарыштың жылдамдығымен ызғытып барады. Ғажап көрініс. Жергілікті жұрт алдын киік кесіп өтсе, жақсы ырымға балайды.
Мұнда шұңқырлар мен үлкенді-кішілі ойпаттар жиі кездеседі. Шоқылардың үстіңгі қабатында кристалданған гипс көп. Дегенмен осынша жылдан бері қар мен жаңбырдың суына төтеп беріп келе жатқаны таңғалдырады. Бұл маңда қатты ыстық күн мен ылғалдың жоқтығынан өсімдіктер мен жануарлар өте аз.
Мақат саханасы
Ақжар тауларынан кейінгі тоқтаған нүктеміз – күні бүгінге дейін бір кірпіші бұзылмай сақталып келген Мақат саханасы. Мазар борлы шатқалдан аса алыс емес. XX ғасырдың басында салынған ескерткіш Ұлытау облысы мен Қостанай облысының шекарасындағы Қорғасын ауылынан 8 шақырым жерде, Арғанаты тауынан бастау алып, Торғайға келіп құятын Қараторғай өзенінің бойында тұр. Ел білетіндей, бұл мазарды Төлек руынан шыққан Мақат есімді беделді кісі өз әулетіне арнап салдырған. Тұмса табиғат тұнған бұл жер ХІХ ғасырда Қараторғай өзенінің жағасын мекен еткен бай Мақат Саржанұлының қыстауы болған. Саханаға жерленетін адамның денесі жерге көмілмей, ерлер және әйелдер үшін арнайы бөлінген жерасты камераларында сақталған.
Көпшілікті таңғалдырған көне кесененің бар құпиясы да, аңыз әңгімесі де ерекше сәулет үлгісінен басталады. Сахананың биіктігі – 6 метр. Сыртқы бұрыштары мен қабырға жиектері қызыл кірпіштен жартылай доғал қаланып, шығыңқы бағанамен өрілген. Күмбезі конус тәрізді болып келеді. Бас қасбеті «П» әрпі пішіндес белдеумен сәнделіп, ортасынан доғал кіреберіс есік шығарылған. Үш қабырғасы кілем оюына ұқсас өрнекпен әдіптелген. Негізгі қасбеттің ішкі қабырғасына саты орнатылған. Дәліз арқылы сатымен 1 метр тереңдіктегі қабірге түсуге болады. Оның есігі шымылдықпен жабылады. Әйел мен ер адамға арналған екі қабірдің бұрыштарында шаршы пішінді саңылау қалдырылған. Есік алдындағы саханада үш құлпытас тұр.
Бұл сахананың ерекшелігі – бір уақытта үш адамның, яғни ер адамның, әйел адам мен баланың мәйіті бірге қойыла береді. Кіреберісте шымылдықты ашқанда ең бірінші маңдайың тиетін – баланың орны. Сосын сол жақ түбінде ер адамның мәйітін қоятын жер бар. Ортасына әйелдер қойылады. Мұнда жатқан мәйіт шіліңгір шілденің аптап ыстығында да иістеніп кетпейді. Себебі, сахананың ішінде әрбір мәйіт қойылған жерде ауа тазартатын арнайы құбыр желісі бар. Сондықтан ашық қабірстанның ішінде мүлде иіс тұрмайды. Үнемі қоңыр салқын. Ішкі қабырғасы кірпіштен өрілген. Бірқалыпты салқын ауа сақталып тұрады. Сахана ішінде орын босату керек болған жағдайда, мұнда жатқан мәйіттің еті ағып кеткеннен кейін, сүйегін қапшыққа жинап, төменге түсіреді. Ал орын босату керек болмаса, басқа мәйітті әкелгенше сол жерде жата береді.
Мақат байдың немересі Әбуғали Мақатовтың айтуынша, Мақат саханасының іргетасы 1898 жылы қалана бастаған. Кірпіштері қолдан құйылып, әр кірпішке құран аяттары жазылған, құрылыс жұмыстары 1907 жылы аяқталады.
«1890 жылдары Мақат атам Түркістанға барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп, маңайындағы ескі қорымдарды аралап, өз болашақ ұрпағына ескерткіш қалдырсам деген ойға келеді. Сахана тамның сүлбі жобасын сызып, еліне қайтып оралады. Келген соң өзі мекендеген Сарыадыр, кейін Қайыңшоқ, казіргі таңда Мақат деп аталатын жерге ерекше cахана там саламын деп бел буып, іске кірісіп кетеді. Осылайша, атам Мақат, інісі Ахмет екеуі тұрақтаған жерде, ауыл-аймақтың жігіттерін жалдап, кірпіш құйғызып, осы сахананы тұрғыза бастайды», дейді Әбуғали Мақатов.
Әбуғали Шарапұлының айтуына қарағанда, сахананың төбесіндегі күмбезінде от жағып, жау шапқан кезде түтіндетіп белгі беретін барлау орны болған. Ашық қабірде алты адам жатыр. Бәрі осы әулеттің туыс-туғандары: Мақаттың інісі Кенжебай Еркежан баласы, Айтбай, Есілбай, Ахмет атаның сәби кезінде шетінеп кеткен қыз баласы және Төлек руына жатпайтын, әкемнің рұқсатымен жерленген бөтен бір мәйіт бар. Ал соңғы жерленген Әбуғали Мақатовтың әкесі – Шарап Мақатұлы (шын есімі – Шаhарап).
Мақат байдың өзі кеңес өкіметінің қаһарына ұшырап, өмірінің соңын тау-тасты паналап, қуғын-сүргінмен өткізген. 1931 жылы қазіргі Қызылорда облысы Сұлутөбедегі Дайыртақыр деген жерде көз жұмады.
Шыңға да шықтық
Сапарымыздың үшінші күні артынып-тартынып Ұлытау тауларының ең биік шыңы – Әулиетауға шықтық. Жергілікті жұрт ерекше киелі санайтын бұл шыңға қатысты аңыз-әңгімелер де көп. Бұл таулар Алатау секілді тым биік болмаса да шыңына шығу оңайға соқпады. Қадам бастырмайтын жартасты жол лезде шаршатады. Тобылғы мен жабайы шыршалар да адымыңды аштырмайды. Алдымыздан шыққан ауыл тұрғындары жылына бір рет Әулиетауға шығуды әдетке айналдырған. Жарты жолды еңсерсең, төбесі еңіс деп сендірді. Таудың киесі де сол, талпынған жанды жарты жол қинайды деседі. Әулиетау атауы осы жерде жерленген бес әулиеге қатысты айтылады. Сонымен, шыңға мініп-түсу уақытымыз, шамамен, 2-3 сағатты құрады. Биіктеген сайын артқа қараймыз – төменде алақандай Ұлытау ауылы. Сондай-ақ Ұлытаудан Қараторғай, Сарыторғай, Ұлы Жыланшық, Терісаққан, Қаракеңгір, Жезді өзендері бастау алады. Аталған өзендердің бірнешеуінің тармағын шың төбесінен көрдік.
Жалпы, Ұлытау сілемдері – Сарыарқаның оңтүстік-батыс шетіндегі 240 шақырымға созылып жатқан ұсақ шоқылы, аласа таулы алқап. Ал Ұлытау ауылынан батысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 400 метрден 1 134 метрге дейін жетеді. Әулиетаудан басқа Едіге тауы, Кішітау дегендей тауларға бөлінеді. Ұлытау төңірегінде Түркі қағандығы заманының белгілері – тас мүсіндер көп сақталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуға тиіс» деген тапсырмасы аясында 2021 жылы «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл – еліміздегі он төртінші болып құрылған ұлттық парк. Аталған парк те биологиялық және ландшафттық әр алуандылықты сақтап қалу, арнайы экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғатты қорғау және келешек ұрпаққа тапсыру мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резервтік қордың бірегей табиғи кешендерін, объектілерін пайдалану мақсатын көздейді. Ұлттық парктің жалпы аумағы – 58 912 га. Оның ішінде Арғанаты орман саяжайы – 33 419 га, Ұлытау орман саяжайы – 20 847 га, Шоқ ормандар – 4 646 га, күзет аймағы – 28 420 га құрайды.
Аталған паркте өсімдіктердің өзге аумақта кездеспейтін «Қызыл кітапқа» енген бес түрі бар. Атап айтсақ, қырғыз қайыңы, қауырсын шөп, екігүлді қызғалдақ, қоңыраулы қызғалдақ, шренк қызғалдағы. Бүгінгі таңға дейін мұндағы өсімдіктің 382 түрі анықталған. Яғни дәрілік өсімдіктердің кең таралған бірқатар тұқымдары – итмұрын, мыңжапырақ, қарандыз, шайқурай, қына, шегіршін, жұлдызгүл, т.б. кездеседі.
Экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімі басшысы Ерден Рахманияновтың айтуынша, мұнда жәндіктердің 105 және өрмекші тәрізділердің 345 түрі кездеседі.
«Зерттелген аумақта кездесетін жәндіктер мен өрмекші тұқымдастардың 77 түрі анықталды. Құстардың 200 түрі, балықтың 8 түрі мемлекет қамқорлығына алынған. Оның ішінде парктің қорғауында мемлекет аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар еліміздің «Қызыл кітабына» енген жануарлардың бірнеше түрі мекен етеді», дейді ол.
Ерден Рахманияновтың айтуынша, «Әулиетау» туристік соқпағының төлқұжаты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде бекітілген. Аталған туристік соқпаққа 2022 жылдың қараша айында «Тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін жағдай жасау және Ұлытау тау алабының табиғи және тарихи-мәдени нысандарын сақтауға жәрдемдесу» жобасы аясында БҰҰ және «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып Ұлттық парктің «Әулиетау» туристік соқпағының кіріс тобының дизайндік жобасы әзірленіп, соған сәйкес туристік соқпақтың стелласы, электронды шлагбаум, 600 шаршы метрлік автотұрақ, 50 түп қарағай, отыратын орындар және қоқыс тастау жәшіктері қойылған.
«Ұлттық парктің «Едіге тауы» туристік соқпағының төлқұжаты дайындалып, алдағы уақытта бекітуге Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолданады. Жоба аясында қыркүйек-қазан айларында Әулиетау туристік соқпақты толықтай абаттандыру, көркейту жұмыстары жоспарланып отыр. Ал туристердің саны жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда аптасына, шамамен 150-200 адам кіреді», дейді Ерден Рахманиянов.
Ұйымдастырушылар 2022 жылдан бері БҰҰ ДБ және ОШЖДК-мен бірлесіп, экологиялық туризмді дамыту бойынша жұмыс жасап жатқанын атап өтті. Осы уақыт ішінде маркетингтік талдау, жаңа туристік бағыттарды жасау және оларды жабдықтау бойынша ұсыныстар дайындалып, ұлттық және халықаралық сарапшыларды тарту арқылы Ұлытау ауданының туризм стратегиясы әзірленген. Сондай-ақ Ұлытау МҰТП-ның туризмді дамыту жоспары дайындалып, ұлттық паркті басқару жоспарын әзірлеу бойынша кеңестер берілді. Одан бөлек Ұлытау табиғи мұрасын зерттеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алынып, МҰТП қызметкерлеріне арналған оқыту тренингтері ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта жергілікті халықпен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, тұрғындарға туристік бизнесті дамыту бойынша тренингтер өткізіліп, қонақүйлер салу, кәдесый дүкендері мен ұлттық нақыштағы бұйымдар шығаратын шеберханалар ашу сынды бастамаларға қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, Ұлытау ауылында қонақүй ашқан Баймамбетовтер отбасы – осы жобаның бір нәтижесін көрсетіп отыр. Кең әрі жайлы үй келесі маусымда алғашқы қонақтарын қабылдауға дайын. Үй иелері БҰҰ ДБ мен «QazaqGeography» бірлесе ұйымдастырған тренингтерден өткен.
«Ұлытау туристер үшін өте қызықты бағыт, қазіргі уақытта әлі де танымал бола қоймаса да, қарқынды туристік әлеуетке ие. Біз жергілікті тұрғындарды туристік бизнеске тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл бір жағынан олардың өмір сапасын арттыруға көмектессе, екінші жағынан елімізді туризм нарығында алға жылжытуға мүмкіндік береді», дейді жоба үйлестірушісі Мадина Қинаятова.
Туризмді дамыту жобасы өз жұмысын жалғастырады. Болашақта туристік соқпақтарды орындықтармен және саяжайлармен жабдықтау, ақпараттық стенд орнату, оқыту тренингтерін өткізу және басқа да іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Астана – Ұлытау – Астана