Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, рухани-мәдени өркендеуін, ұлттық қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты қамтыған батыл бастамаларға толы болды.
Әр тарауы бүкіл әлемде геосаяси жағдай ушығып, ел іші түрлі саяси, қоғамдық жаңғыруды бастан кешіп жатқан алмағайып кезеңде қалың бұқараның реформаларға артып отырған мүддесі мен үмітін, көздейтін мақсаттарын саралап көрсетіп берді. Басым маңыздылығы жағынан берік тәртіпке келтіріліп, оңтайлы жүйеленген бағдарлама барша халықтың қажыр-қайратын ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын стратегия мен тактика қызметін атқаратын құжат ретінде қабылданды.
Қазірде қоғам тарапынан қызу талқыланып, қапысыз қолдау тауып жатқан құжаттың қомақты бөлігі, әдеттегідей, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарына арналды. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігі баса айтылды. «Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті» екені атап өтілді.
Кейінгі жылдары тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септігі тиетін көптеген шара қайта қаралып, қауырт қолға алынып жатыр. Мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып келеді. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» сынды ауқымды жобалар тыңғылықты, табанды жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық бағытта өркенді өзгерістер кең қанат жайып келеді.
Әлбетте, Президент айтқандай, экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түседі. Сонда ғана еліміздің әлеуеті артады. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни әрбір шешім, әрбір жоба, ең алдымен, елге пайдалы болуы қажет.
Бағдарламалардың қай-қайсысы болсын әлеуметтік мәселелерді жаңа қаржылай көмек, қолдаулар ойлап табу емес, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жолымен шешуге негізделген. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы тың бастамаларды ойдағыдай жүзеге асыра алсақ, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуде де, отбасылардың әл-ауқатын арттыруда да, әлеуметтік саланы біржола дұрыс жолға қоюда да жылдам жетістіктерге қол жеткізетініміз күмән тудырмаса керек. Қандай проблеманы да саяси талаппен емес, әлеуметтік белсенді әрекетпен ғана еңсере аламыз.
Реформалар әлеуметке, қоғамға, адамға баса көңіл бөліп, елдің әрбір тұрғынына қалыпты жұмыс, пайдалы іс тауып беріп, әлеуметтік қорғауды жан-жақты қолдауды жалғастыра береді. Әділетті қоғам орнату үшін әлеуетті экономика керек. Ал ол жалқының емес, жалпының ерік-жігері, күш-қуатымен жүзеге асады.
Жолдаудағы жүрек жылытқан жағымды бір жаңалық келер жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы болды. Кезінде ерекше қастерленетін, күш-қайраты мен еңбекке епсектігіне арқа сүйейтін бейнеткеш қауымның кейінгі жылдары қадірі қашып, беделі түсіп кеткені белгілі. Енді сол барша игілікті құрыш қолдарымен жасап жатқан мамандық иелеріне жан-жақты назар аударылады. Тіпті заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілмекші және ол мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеліп отырмақшы. Сондай-ақ бірқатар мамандық иесінің біліктілігін арттыруға, әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлінеді, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсетіледі, тұрғындар әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болып отырады.
Бір сөзбен, Мемлекет басшысы демократиялық ел билеудің дәстүрлеріне жүгіне отырып, елімізде өркениет жолымен өрге бастыру үшін барша бұқара мен әрбір азаматты ортақ мақсатта, тізе қосып еңбек етуге шақыратын түрлі бастаманы уақтылы көтеріп отыр. Келешек көкжиегіміздің қандай екенін, оның қандай жолдармен жүзеге асатынын қалай пайымдайтынын ашық ортаға салып, жұртшылық көңіліндегі көп күлбілтелі сауалдарға жауап берді. Еш нәрсені жасырып қалмады, асырып айтпады. Ендігі міндет – Президент бастамаларын қолдап, межелі міндеттерді жүзеге асыруға белсене атсалысу. Азаматтық қоғамның кемелдігі де осындай сындарлы құжатты қаншалықты ұйымшылдықпен, іскерлікпен қоштағанымызға қарап анықталады.