Олар он бес жыл отасты. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырлаған шығар, бірақ екеуінің бір-біріне деген сыйластығына ешқандай сызат түспеді. Ендеше, неге ажырасты?
Олар бір перзент сүюге зар болды. Алғашқы жылдары «әлі бастарың жас қой, бөпелі боларсыңдар» дейтін үлкендердің сөзін жұбаныш тұтып жүретін. Кейін... Көпке көрсетпесе де, екеуі оңаша қалғанда ағыл-тегіл жылайтын болды. Емделмеген дәрігер, көрінбеген тәуіп қалмады. Дос-жарандарының ұл-қыздары өсіп, тіпті тұрмыс құрып, отау көтере бастады. Ал бұлар бір баланы армандаумен жүрді. Ашық айтпаса да, көпшілік келіншекті кінәлайтыны белгілі. Әйел адам кейде еркекке қарағанда батылдау келе ме, қалай?
Бірде Ажар Құрметке ажырасу туралы ойын айтты.
– Сенің соңыңда ұрпақ қалу керек. Үлкендер де немере күте-күте шыдамдары таусылып бітті. Күш-қайратың бар кезде басқа біреумен көңіл жарастырғаның жөн. Екеуміз ажырасайық, – деген келіншегінің сөзіне әуелгіде не дерін білмей қалды.
«Қалай ажырасамын? Өзімнің сүйіп қосылған адал жарым емес пе?» деп Құрмет аз қиналған жоқ. Бірақ Ажардың ақылы да , батылы да басым болып шықты. «Таңертең үлкендерге осы шешімді жариялаймыз» деді ол.
Балаларының шаңырағы шайқалғанын қай ата-ана қаласын, ұл мен келіннің сөздері оларға найзағай соққандай әсер етті. Немере аңсап жүргендері де рас.
– Қарағым, келін. Осыншама жыл алдымыздан қия басып өткен жоқсың. Ешқандай өкпеміз жоқ. Құдай бермесе, не істейміз? Араларыңда дәнекер болмағасын ажырасқалы отырсыңдар. Мен көрші-қолаң, ағайын-туыстың басын қосып, құда-құдағайды дәмге шақырып, ризашылығымды білдіріп, алдағы өміріңе ақ жол тілегімді айтып, батамды бергім келеді, – деген қайынатасы сол сөзінде тұрып, баласы мен келінін сыйластығы бұзылмаған қалпы ажырастырды. Ажар бұларды, бұлар Ажарды қимай қоштасты.
Арада жыл өткенде Ажар әйелі қайтыс болған, жасы үлкендеу кісіге тұрмысқа шықты. Ол кісі де бұрынғы әйелінен перзент сүймеген екен. Олар «Екі жарты бір бүтін болсақ, ағайынның біреуінің баласын асырап алармыз» деген еді. Міне, ғажап! Ажар көп ұзамай бойында өзгеріс барын сезді. Шекесі торсықтай ұл келді өмірге! Сенесіз бе, жоқ па? Мұны естіген бұрынғы ата-енесі қастарына Құрметті ертіп, арнайы құттықтап келіп-кетті. Содан соң көп ұзамай Құрмет те үйленді. Бұл жақта да керемет жағдай орын алды. Жуырда ғана Құрметтің келіншегі де өмірге ұл бала әкелді. Ғажап қой!
Егер... ажыраспай жүре бергенде ше? Он бес жыл аңсап күткен перзент сүю бақытына ажырасқаннан соң ие болғандарын қарасаңызшы! Өмірді түсініп болмаймыз-ау, сірә. Олар перзент үшін ажырасты ғой. Періштелер тілектерін қабыл еткен болар. Қалай десек те, олардың екеуі де армандарына жетті, бақытқа кенелді.