Жапония – табиғат пен технологияның үйлесімділігіне ерекше мән беретін ел. Мемлекет 2013 жылы «Mainichi» атты ерекше газет шығарып, ғаламшардың болашағына қамқорлық жасаудың тың тәсілін ұсынды.
Аталған басылым арнайы өңделген қағаздан жасалған. Яғни оның құрамына табиғи өсімдік талшықтары мен ағаш тұқымдары енгізілген. Оқырман газетті оқып болған соң, оны кішкене бөлшектерге бөліп, топыраққа отырғыза алады. Ал суарғанда тұқымдар белсеніп, газеттің қалдықтары толықтай биологиялық түрде ыдырайды. Нәтижесінде, бірнеше айдан кейін газеттен гүлдер немесе ағаш көшеттері өсіп шығады.
Ең кішкентай газет
Францияның «Terra Nostra» газеті 2012 жылы әлемдегі ең кішкентай басылым ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енді.
Көлемі небәрі 3,5х2,5 сантиметр ғана болғандықтан, оны тек микроскоппен оқуға болады. Бұл шағын басылымда саяси, мәдени және қоғамдық тақырыптар қамтылып, дәстүрлі газет форматындағы мақалалар ұсынылды. Осылайша, жоба авторлары газеттің тек ақпарат жеткізуші құрал ғана емес, сонымен қатар өнердің, шығармашылықтың, жаңа технологиялардың тоғысында дамитын сала екенін дәлелдеді.
Ең ауыр «етжеңді»
1987 жылы шыққан «The Sunday New York Times» газетінің жексенбілік нөмірі тарихта қалды.
Сол күнгі басылымның басты ерекшелігі – оның 1 612 беттен тұруы, салмағының 5,4 килограмға жетуі. Мұнда мақалалардан бөлек, компаниялардың жарнамалары кеңінен жарияланды. Осылайша, газеттің бұл нөмірі ауқымдылығымен Гиннесс рекордтар кітабына енді.