«Самұрық-Қазына» қоры Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына жалпы құны 393,1 млн теңге болатын жаңа заманауи жабдықтарды табыстады. Сатып алынған техника жарақаттар мен сүйек-бұлшық ет жүйесі ауруларының салдарынан болатын асқынуларды азайтуға көмектеседі.
Құрылғанына жиырма жылдан асқан, дегенмен, қондырғылары ескіріп тұрған еліміздегі алғашқы әрі бірегей, өз саласында жалғыз ғылыми-клиникалық орталыққа «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 7 түрлі қазіргі заманғы озық медициналық құрал-жабдықтың сертификатын тапсырды.
«Жылына тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен ауруларынан зардап шегетін 8 мың азаматымыз енді едәуір сапалы, жоғары деңгейдегі медициналық көмек алады. Жаңа жабдық медициналық орталық жұмысының тиімділігін арттыруға сеп болады деп сенемін», деді қор жетекшісі құттықтау сөзінде.
Бұған дейін орталық мамандары әртүрлі хирургиялық араласулардың жылдамдығы мен ерекшелігіне, науқастардың өмір сүру сапасына әсер еткен ескірген қатардағы аспаптар мен жабдықтарды пайдаланып келді. Ендігі сәтте сатып алынған жабдықтар сүйек-бұлшық ет жүйесі жарақаттары мен аурулары салдарынан болуы мүмкін асқынулар мен мүгедектіктің санын азайтып, халықтың әлеуметтік осал топтарына, балаларға, еліміздің барлық аймағынан келетін қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін медициналық жәрдем сапасын жоғарылатпақ. Сондай-ақ жетілдірілген емдеу әдісі травматологиялық-ортопедиялық көмектің қолжетімділігіне айтарлықтай әсер ететін шеберлік сыныптары мен семинар-тренингтер арқылы өңірлерге жаңа технологияларды таратуға жол ашады.
Мүгедектіктен сақтап, ауруларды дәл анықтайтын, күрделі операциялар жасауға септесетін озық бірегей медициналық қондырғылар тұрғысында Cobas автоматты биохимиялық талдағышы биохимиялық талдауларды жедел жасап, патологияның бар-жоғын дәл анықтаса, Richard Wolf лапароскопиялық хирургия құралдары сау тіндерге зиян келтірмей операция жасауға мүмкіндік береді. Mast quadrant ретракторлық жүйесі омыртқаның әртүрлі бөліктеріне күрделі хирургиялық операция жасауға оңтайлы қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Sonopet IQ ультрадыбыстық аспиратор жүйесі – бірқатар күрделі операцияны орындауға, Tivato 700 мультидисциплинарлық операциялық микроскопы жұмсақ тіндердің терең ақауларын емдеу үшін тамырлар мен жүйкеге микроскопиялық тігістер тігуге мүмкіндік береді. Humeca сымсыз дерматомы күйік шалған кезде теріні трансплантациялауға, ал аккумуляторлық күш жабдықтарының жиынтығы (ара, бұрғы) сүйекке жасалатын көптеген операцияға қажет.
Өз кезегінде Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының ұжымы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы мен оның қайырымдылық операторы – «Samruk Kazyna Trust» қорына заманауи емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік беріп, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз еткені, отандық медицинаны дамытуға қосқан орасан зор үлесі мен хирургия саласында инновациялық тәсілдерді енгізгені үшін алғысын білдірді.Ұлттық ғылыми орталықта күнделікті 50-ге жуық операция, 300-ге дейін зерттеу, жылына 8 мыңнан астам хирургиялық іс-қимыл жасалады.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ