1 қазан – халықаралық Қарттар күніне орай «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі қоғамға Үндеу жариялап, «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік!» айлық акциясына қатысуға шақырады.
Үндеу мәтінінде төмендегідей ой-пікір жазылған:
«Бұл күн – біздің аға буынға ризашылығымызды білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктеріне назар аударуға жақсы себеп. Қарияларды қолдау, оларға қамқорлық көрсету – аға буынға көрсеткен парызымыздың аз ғана бөлігі. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жылдар бойы елімізде қазан айы «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік!» акциясына ұласып келеді. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе-көлденең өтпеген. Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артып келеді. Жасының егде тартуына, денсаулығының сыр беруіне байланысты қарттардың көптеген шешілмеген мәселесі туындайтынын білесіздер, сондықтан оларға қолдау көрсету – туған-туыстары мен барша қоғамның міндеті.
Мемлекетіміз қарттарға деген қамқорлықты экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес. Дегенмен елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар бар.
Кейбір қариялар жасы ұлғайған шағында жан жылуы мен мейірімге зәру. Барлық қазақстандықты, жұмыс берушілерді, бизнес құрылым өкілдерін, аға буынның ел игілігіне қосқан еселі еңбегін ұлықтауға, «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік!» айлық акциясына атсалысуға шақырамыз.
Қарияларға материалдық тұрғыдан қолұшын созуға, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Өз елінің патриоты ретінде акцияға бейжай қарамайтын азаматтар жергілікті әкімдіктермен, өңірлік ардагерлер кеңестерімен байланысқа шығып үлес қосады деген үміттеміз».