...Әнге қосылып, шырқап кеттi
Астананың 10 жылдығында Президенттiң мәдени орталығында талантты ақын Несiпбек Айтұлының «Бәйтерек» деп аталатын поэмасы бойынша дайындалған қойылым көрсетiлдi. Астананың белгiлi әртiстерi қатысты. Мен де қатысып, Жыраудың бейнесiн жасадым.
Спектакльдi көруге Президенттiң өзi келдi. Қойылымның соңы сценарий бойынша, Елбасының сөзiне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың әнiмен аяқталды. Мiне, ғажап, Елбасы әнге қосылып шырқап кеттi. Көрермендердiң де, сахнада тұрған әртiстердiң де делебесi қозып, әндi хорға айналдырып жiбердi. Қойылым соңында Нұрсұлтан Әбiшұлы алғысын айтып, ризалық көңiлiн бiлдiрдi. Сонан соң сахна жаққа қарап: «Дана бабаларымыздың толғауын айтқан Сәбең, Сәбит Оразбаев – академтеатрда елу жылдан астам қызметте келе жатқан ақсақалымыз. Бiз Сәбеңмен отыз жылдай араласып, сырласқан жандармыз. Жастық шағымызда тауға да шықтық, күннiң батысынан таңның атысына дейiн ән шырқадық. Өткен өмiрде жақсы сәттерде, қиындық кезеңдерде де бiрге болдық. Құдайға шүкiр, Сәбең сақал-шашы қауғадай болып, ақсақалдық дәрежеге жеттi», – дедi. Бұл мен үшiн күтпеген жағдай болды. Елбасының қысқа болса да айтқан естелiгiнен әрi қуат алып, әрi қысылып қалдым. Төбем көкке жеткендей сезiндiм. Шынында да, Елбасымен бiр заманда өмiр кешу мен үшiн зор мақтаныш едi…
«Патшаға ел бағынуы керек»
Қазiр елiмiзде демократия деген сөздi пайдаланып, артық кетiп жүрген жағдайларымыз бар. Көршi қытай елi Конфуцийдiң данышпандық сөзiн пайдаланып, сол арқылы алып мемлекетке айналып отыр. Оның сөзi өте қарапайым.
«Бала әкеге бағынуы керек. Әйел күйеуiне бағынуы керек. Қызды анасы тәрбиелеуі керек. Патшаға ел бағынуы керек. Ол жөнiнде лағнет сөз айтпау керек. Билiктiң басында отырған адамға қарамағындағылар бағынуы керек». Бар айтып отырғаны осы ғана. Бiрақ қаншалықты қарапайым болса, соншалықты нақты, көкейге қонымды. Ең соңында «егер де осының бәрi сақталатын болса, мемлекет мықты болады» деген. Мiне, қытайлар осы қарапайым кеңестердi сақтай отырып, әлемге танылып, жер жүзiн мойындатып отыр.
Қытайдың мемлекеттiк дiнi – конфуцийшiлдiктiң негiзiн салушы – Конфуций. Оны Кун-цзы, Құнфу-цзы, Цзоу деп атайды. Ол қазiргi Қытайдың Шандунь провинциясындағы Цюйф қаласында туып, сонда қайтыс болған. Халық арасында ұстаз Кун деген есiммен кеңге танылған. Ол – Қытай ойшылы, философ, тарихшы, мемлекет қайраткерi. Өмiрге келген ортасы – кедейленген ақсүйектер отбасы. Осы данагөй негiзiн қалаған iлiм (Конфуций идеясы) кейiн жапон қоғамының ұлттық жалпы психологиялық, мiнез-құлықтық және идеологиялық қондырғысы болып қалыптасты.
«Жығам деп жалғандықтың қыш қорғанын...»
Кешегi өткен ғасырда қазақтың ел билеген парасатты да асыл азаматы Асанбай Асқаровқа нақақтан-нақақ жала жабылып, түрмеге отырғызылды. Сотталу себебi – адам айтса сенбейтiн қызылдардың қандықол саясаты. Шымкент қаласының шығысынан халық демалатын дендрарий паркiн салғызғаны үшiн айыпталды.
Асекеңнiң шәкiртiмiн деп кеудесiн қаққандар үндемей бұғып қалған кезде, иманды болғыр батыр ақынымыз Фариза Оңғарсынова Асанбай ағасына арнап «Түрмеге хат» деген айбынды өлең жазып, дүниенi дүр сiлкiндiрдi.
Салғандай тыпырлатып жанды мұзға,
Шырылдап күн кешсем де қарлы мұзда,
Жүргенде сiз биiкте, бiлесiз ғой,
Бармап ем ағатайлап алдыңызға.
Өлеңнiң сәттерi көп жылар-күлер,
Мен үшiн жайлы тiрлiк мұнарлы бел.
Өзiме пайда бермес әдетiм бар –
Жуыспай, билiктiден жырақ жүрер.
Хат жаздым бүгiн сiзге, шыдамадым,
Шетiнде тұрғандаймын құламаның.
Бұл хатым жүрек сөзi қазақтағы
Қарындас атаулының, мың ананың.
...Жақсының соңында елден алғыс қалар,
Артында кей бастықтың қарғыс қалар.
Жығам деп жалғандықтың қыш қорғанын
Бүгiнде жiгiттер аз жалғыз шабар.
...Бұл өмiр ұршық екен айналмалы,
Кейде мен шабақтаймын қайраңдағы.
Обал деп күрсiнедi Әбдiлда ағам,
Қазақтың өлеңiнiң пайғамбары.
... Жұмақ бар жер бетiнде, тамұқ та бар,
Қоршайды қоғам деген алып қамал.
Шара жоқ қарындаста, кептер жырым
Көңiлiмдi сiзге деген алып барар.....
Иә, қазақтың маңдайына сыймай кеткен Асанбай ағасын қазақтың маңдайына сыймай кеткен Фариза ақын осылайша жырлап едi. Бұл жәй ғана жыр емес, бүкiл бiр халықтың мұң-зары едi. Фаризаны жоқтайтындар қатары да әлi көбейе беретiнiне еш күмән жоқ...
Саябақты қалпына келтiру Сапарбаевтың ғана қолынан келдi
Төрт жылдай абақтыға жабылған Асқаров мерзiмi бiткесiн үйiне келдi. Көп адам жағдайын сұрап бардық. Асекең нағыз ер екен! Түрiне, сөзiне қарасаң, тiптi, еш нәрсе болмағандай. Өзi үлкен ғұлама. Тарихты тереңнен бiлетiн адам. Нағыз сөздiң шешенi. Ағып тұрған ақын. Қысқасы, қазекең айта беретiн сегiз қырлы, бiр сырлының өзi. Бұл кiсiнiң маңайына жақындаудың өзi оңай шаруа емес. Жақындау үшiн өз бойыңда да бiр жақсы қасиет пе, талант па, бiрдеңе болу керек. Ал бiр жақындап алсаң, қызыққа, қазынаға батасың.
Облыс басшылығына Бердiбек Сапарбаев деген азамат келдi. Шынында да азамат екен. Саябаққа бiрден назар аударды. Саябақты қайта қолға алу, жұмысын жандандыру соның ғана қолынан келдi. Ол Асекеңнiң үйiне телефон шалып, аман-есен отбасына оралғанына шын көңiлiн бiлдiредi.
– Асеке, өзiңiз басқарған елге келдiм. Көптеген шаруалар атқарыпсыз, көрдiм. Естiп те жатырмын. Алдыма қойған жоспарларым бар едi. Сол төңiректе сiздiң кеңесiңiз керек, – дейдi. Сөйтiп, бiр орайы келгенде әңгiмелесуге рұқсатын алады. Осылайша Асекеңмен кездесiп, сөйлесiп, Шымкентке шақырып, Асекеңнiң құрметiне ипподромда ат жарысын өткiздi.
Сол басқосуда саябаққа Асқаровтың есiмiн беру туралы ұсыныстың шет жағасын шығарды. Қазiр Дендро саябағы Асанбай Асқаровтың атында.
Бердiбек Сапарбаев бiлiм саласын да қолға алды. Ақсап жатқан жерлерiн қалыпқа келтiрдi. Асарлатып мектептер салдырды.
Қаңырап, ескiрiп бара жатқан театрға күрделi жөндеу жүргiздi. Түркiстан шаһарынан Бердiбектiң қолдауымен, өлкемiзден шыққан өте дарынды Қазақстанның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, менiң сүйiктi досым, марқұм Райымбек Сейтметовтiң басқаруымен музыкалық драма театры ашылды. Бұл өнер саласындағы елеулi оқиға болды.
Қай елге барсаңыз да елдiң қадiр-қасиетiн, керек десеңiз, мәдениетiнiң қай деңгейде екенiн жолынан бiлесiз. Жол деген – елдiң күре тамыры. Осы салада Өмiрзақ Шөкеев қала мен елдi мекен арасында жақсы жолдар салдырды. Қазiргі әкiм Асқар Мырзахметов Сапарбаевтың iсiн жалғастырып, саябақтың iшiне көл, балалар ойнайтын, үлкендер тынығып отырып ас-су iшетiн түрлi орындар жасатты. Шiрiген ағаштар кесiлiп, жас шыбықтар отырғызылды. Қазiр қала тұрғындарының денi сол жерде. Әсiресе, ақсақалдардың құрметтi орнына айналған.
Асанбай Асқаровтың 90 жылдығына орай Алматыда бiраз шаралар өткiзiлiп жатыр. Мұндай игi iстердiң Оңтүстiк Қазақстан мен Жамбыл облыстарында да өтуi – заңды көрiнiс. Асекеңнiң қайраткерлiгi, ойшылдығы, ақындығы, iскерлiгi – бiрер шарамен бiтпейтiн, түгесiлмейтiн қыруар дүние. Бiрнеше ғылыми еңбекке, том-том кiтапқа арқау болатын тәлiмi мол, тәрбиесi зор қазына.
Құрекеңдей әншi болуды қаладым
Құрманбек Жандарбеков аса талантты актер болатын. Қайырымдылығы да мол, әншiлiгi де ерен едi. Бiздiң елден шыққан ғой, ауылымыз жақын, арада ел жоқ. Ауылдастарымыз сол кiсiнi ауыздан тастамайтын. Мен де бала кезiмнен ән мен жырға жақын болдым. Қарттар ортаға алып, «ән салшы» десе, шырқап жiберетiнмiн. Аудандық оқу бөлiмiнiң бастығы Молдияр Оразалин дейтiн ақсақал: «Айналайын, сен Құрманбектiң жолын қу, бойыңда өнерiң бар екен» деп ылғи айтып жүретiн. Сол кiсiнiң сөзi әсер еттi ме, әйтеуiр iштей Құрекеңдей әншi болуды қаладым. Бiрақ, ағайын-туыс қарсы болды. Сөйтiп, бәрi менi ортаға алып, мал дәрiгерi болуға көндiрдi. Ол кезде үлкендердiң айтқаны бiз үшiн заң едi. Сөйтiп, Алматыға келiп малдәрiгерлiк институтқа түстiм. Онда конкурс үлкен болмайтын. Бiрақ, кейiн ол оқуды тастап кеттiм. Себебiн бұрынғы әңгiмелерiмде айтқанмын. Малдәрiгерлiк институтқа менiмен бiрге түскен жiгiттердi кейiннен кездестiрдiм, көбi кеңшар директоры болыпты. Мен бедел емес, өнер қуып кеттiм.
Ағам әскерден әлi келмеген, әкем қайтыс болған, үйде бiзбен бiрге әпкем бар едi, «Жалғыз шешеңдi тастап кетпекпiсiң» деп ауылдағылар гуiлдеп кеттi. Бiрақ, анам мықтылық танытты. «Алған бетiңнен қайтпа, балам», – дедi. Содан нартәуекел дедiм де, Алматыға тартып отырдым. Көп қиындық көрдiк, не туыс жоқ, не таныс жоқ, не қол ұшын беретiн адам жоқ. Жертөледе, жатақханада тұрып жүрiп, әйтеуiр оқуымды бiтiрдiм. Содан берi, мiне, 56 жыл болыпты, әкемтеатрда қызмет етiп келе жатырмын...
Өмiр деген қызық қой. Кейiн атым шығып, елге танылған кезiмде сол баяғы ағайындар «сенiң осындай болатыныңды баяғыдан бiлiп едiк» деп қолпаштап қояды. Оларды да түсiнемiн, әрине. Шындап келгенде бәрi менiң қамым ғой.
Маған көлеңке жасап, күннiң көзiн түсiрмейтiн
Бiздiң балалық шағымыз соғысқа дөп келдi де, қиындықты көп көрiп өстiк қой. Оның ендi айтары жоқ. Бiздiң жақта мақта егедi. Шыбынқара деген атым бар едi. Колхоздікi ғой, менiкi емес. Менде мал қайдан болсын. Жануар өте ақылды болатын. Күндiз күн ыстық, сол аттың көлеңкесiнде жатамын. Мақтаның iшiне шығатын құмай деген шөп болады. Соның бiр құшағын аттың алдына саламын. Ат соны жеуге кiрiскенде мен соның көлеңкесiнде ұйқыға кiрiсемiн. Күн қозғалып, көлеңке ауысып тұрады ғой. Сонда менiң Шыбынқарам да қозғалып, маған көлеңке жасап, күннiң көзiн түсiрмейтiн едi.
Өзi жорға болатын. Шыбынқараны мiнбеген адам жоқ. Парторг та мiнген, профкомның бастығы да мiнген, бригадир де мiнген, солардың бәрiнен кейiн бұл жазған соқаға түстi ғой, окошкаға. Мақтаға күтiм жұмысы жүргiзiлген кезде әрқайсымызға бiр-бiр аттан бередi. Мойнына қамыт кигiзiп, соңына жалғыз тiстi соқа байлаймыз. Сосын таңның атысынан күннiң батысына дейiн мақтаны күтiп, жап салып, арам шөбiн тазалап жүремiз. Осы жұмысты окошка дейдi.
Ол кезде күн ұзақ, тiптi батпай қояды. Ымырт үйiрiле қайтамыз үйге. Қарап жүрмей, сол әбден шаршаған атпен, өзiмiз де жетiсiп тұрғанымыз жоқ, Әлiпбек, Исабай бәрiмiз жарысамыз ғой. Сонда менiң Шыбынқарам әлгi екеуiнiң аттарынан озып кетушi едi.
Жұрттың бәрi аттарын тұсап, кейбiрi арқандап қояды, менiкi тұсамасам да кетпейдi. Қажет кезiнде өзi келiп тұратын. Кәдiмгi жыр-дастандағы Тайбурыл сияқты едi.
«...Қалың қардан жол ашып келе жатқан жоқпын ба?»
Тағы да Әбдiқадыр ағам есiме түсiп отыр. Бұл кiсi туралы үнемi жазып жүрмiн. Өзiмнің бiр жақсы көретiн адамым әрi жанашырым едi.
Әбдiқадыр ағам – Ұлы Отан соғысына қатысты, от кештi. Бiрақ ауыр жарақат алып, елге ерте оралды. Оқтың бiр жарықшағы иегiне тиiп, жартысын жұлып кеткен, бетi бұжыр-бұжыр. Бiрақ барынша өнерпаз кiсi болатын. Домбыраны жақсы тартады.
Қыстың күнi едi, қар қалың, тiзеден асады. Үйдiң жанында ағам атпен кетiп бара жатыр екен, «Ассалаумағалейкум, аға!» – деп сәлем бердiм.
«Уағалейкумассалам!», – дедi. Артында Хатша жеңешем сүйретiлiп әзер бара жатыр. Жүрiстерiне қарап, бiр қолайсыз жағдайдың болғанын байқадым.
– Оу, аға, не болды, тыныштық па? – дедiм.
– Е, тыныштық болушы ма едi, мына жеңешең ауырып қалыпты, соны докторға алып бара жатырмын, – дедi.
– Ауырып қалса, докторға алып бара жатсаңыз, неге атыңызға мiнгестiрiп алмадыңыз? – дедiм қарап тұрмай.
– Тәйт, қайдағыны айтпай. Қатынды атқа мiнгестiрiп, не болды. Мен оған қалың қардан жол ашып келе жатқан жоқпын ба? Анау жерге дейiн алып барамын, арғы жағына өзi бара бередi, – дедi.
– Ей, шырағым-ай, нең бар сөзiңдi қор қылып. Бiз осы кiсi не айтса соған көнген адамбыз, – дедi жеңешем қалың қарды омбылап бара жатып...
«... Күйеу жiгiттей былқ-сылқ етпей, аяқ-қолыңа ие болсайшы»
1979 жылы Қазақстанның халық әртiсi, ұлттық театр өнерiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi – Социалистiк Еңбек Ерi Серке (Серәлi) Қожамқұлов 83 жасында дүние салды. Жарықтық, кесек тұлғалы, жүрiсi де, тұрысы да бөлек, өтiрiк-өсекке жаны шыдай алмайтын, иманжүздi, таза адам едi. Бүкiл өмiрi осы қасиеттi қара шаңырақта өттi. Естен кетпейтiндей бейнелер жасап, халықтың сүйiктiсiне айналды...
Театрдың екiншi қабатындағы үлкен залда қоштасу шаралары өтуде, халық көп. Жанұя мүшелерiне көңiл айтып келгендер бiр-бiрiмен көрiсiп, қимастық сезiммен көздерiне жас алып жатыр. Дәл осы кезде бөлектеу жерге тұрып алған Сәбира Майқанова көзiне жас алып, ерекше жылағаны. «Не боп қалды?» дегендей, Жұмабай Медетбаев екеумiз қасына бардық. Бикен Римова көңiл айтып: «Не болды соншама? Серi ағаның арманы жоқ. Құдайдың берген жасында қиындықты да, жақсылықты да көрдi. Жұлдызды шақтары да жеткiлiктi» деп жұбатқандай болды. Сәбира апам: «Осыдан бiр апта бұрын Серағам Фурманов көшесiнiң бойымен томпаңдап жүрiп келе жатыр екен, «Нағашы, екпiнiңiз күштi ғой, жол болсын!» – деп едiм. «Әлей болсын! Осы да екпiн болып па. Тыпың-тыпың бiрдеңе ғой» деп күлдiрiп едi. Амандық-саулықты сұрасқанбыз, тың едi...». Жұмабай қарап тұрмай: «Иә, нағашым деушi едiңiз...» дегенiнде, Бикен: «Апаңның шешесi – Қыпшақ руынан, сол жағынан...», – дедi.
Сәбира апам көзiне жас алып: «Серағаң бәрiмiзге әкедей қамқоршы, арқа сүйер Алатауымыз едi ғой... Мен кооптехникумда (кооперативтi техникум ) оқып жүргенмiн. 1932 жылы қолымнан жетектеп «Саудада нең бар, жүр менiмен бiрге! Осы Сәбирадан жақсы әртiс шығады», – деп жарықтық, театр ұжымына алғызып едi...Әкем жасай алмаған жақсылықты осы кiсiден көрiп едiм, иманды болғыр», – деп көз жасын сүрттi...
Қасиеттi қара шаңырақтан ел-жұрты, қара ормандай көрерменi шығарып салды. Жер-ананың құшағына тапсырар алдында қаралы жиын болды. Театрдың көркемдiк жетекшiсi Әзiрбайжан Мәмбетов қысқаша сөз сөйлеп, сөзiнiң аяғын: «Қызмет бабында артық айтылған сөз, оғаш мiнездерiмiз болса кешiрiңiз, Сераға!» – деп бiтiрдi. Артқы жағымызда тұрған жазушы жiгiттер «Соңғы кездерi Әзiрбайжан екеуiнiң арасы нашар болған-ау, сiрә! Серағаң өкпелегенi сонша, тiптi үн қатпады ғой, жарықтық», – деп әзiлдедi. «Күлкi — арсыз» деген осы ғой.Үндерiн шығармай, тұншығып күлгендерi сонша, қып-қызыл болып қызарып кетiптi. Жұмабайдың теке күлкiсi бар едi, аяғын жөтелмен бiтiрдi.
Осындайда Серағаңның бiр әзiлi еске түседi. Замандасы, Абайдың алғаш бейнесiн жасаған Қалибек Қуанышбаев дүниеден өткенде Серағаң мәйiттi жуу рәсiмiне (сүйекке кiру) қатысады. Сол арада әзiлi қалтасында жүретiн ағамыз «Әй, Қалибек, қайын жұртыңа келген күйеу жiгiттей былқ-сылқ етпей, аяқ-қолыңа ие болсайшы», – деп жуып-шайып жатқандарды бiр күлдiрген екен. Осындай адал еңбектерiнiң жемiсiн халқы көрген, дақпырты мен даңқы жер-көкке сыймай жүретiн құдыреттi де қасиеттi қара шалдардың тәрбиесiн көрген Сәбира Майқанова тiрi жүргенде бұл күнде 100-ге келер едi. Бiрақ... Құдайдың құдіретiне амал жоқ.
«Мию хатите?»
Алматыдағы «Алатау» демалыс орнында Қазақстанның халық әртiсi Кәукен ағамен бiрге демалудың ретi келдi. Өнер адамдарының тағдыры, қызықты кезеңдерi мен қасiрет шеккен сәттерi айтылып едi сонда.
Мен: «Кәукен аға, ол апамыз көп жылдар театрдың партия ұйымын басқарды. Ол кiсiнiң қызығы көп», – дедiм. «Естiгем», — деп қарқылдап күлдi де, «Дегенмен, кәнi бiр-екеуiн айтшы», – дедi. Мен бастадым.
«Тамашаның» тарланы марқұм Құдайбергеннен естiгенiмдi айтып бердiм. Сұлтанбаевтың айтқаны: «Қостанай облысын 15 күн аралап, Алматыға қайтар алдында облыстың 1-хатшысы Бородиннiң өзi бас болып Әуезов театрының Сәбира бастаған әртiстерiне шәй бердi. Дастарқанның үстiнде колбаса көптеу екен. Сәбира апамыз жақтырыңқырамай, «орыспысың деген» деп бiр қойды. Бiрнеше тостан кейiн, әңгiме арасында Серағаңның елiмен қатысып тұратыны, Елубай ағаны да облыс басшыларының бiлетiнi сөз болды. Ал Қапан ағаның елмен (ол кiсi де осы аталмыш аймақтың тумасы) мүлде қатынасы жоқ екен. Сонда Сәбира апамыз: «У Қапана жена русская, ана аулу не пүстить», – деп едi, отырғандар қарқылдап күлдi.
Ет келдi, басты апамыздың алдына қойды. Құйқасы таратылып, миынан алып бiрiншi хатшыға қарап: «Мию хатите?» – дедi. Хатшы түсiнiңкiремей: «Что, что!» – дедi. Апамыз да қайтпай:«Мию!Мию! Человеком нұжна говарят», – дедi. Бiрiншi хатшы: «Спасибо, берите сами, я не хочу» десе, апамыз: «Напрасна» деп аузына салып кеп жiбердi. Отырғандар бiраз күлiп алды».
«Апа, ол қоятын арақ емес қой!»
Сәбира апамыз көп жылдар Әуезов атындағы театрда партия ұйымының хатшысы болды. Тәртiп күштi. Орынбасары – Ыдырыс Ноғайбаев, кейiн Жұмабай болды. Жиналысты қазақша жүргiзедi, орысшасын Ыдырыс сөйлейдi. Апамыздың орысшасында мужской, женский род деген болмайтын. Орысша сөзiнiң аяғын, иу-мен бiтiретiн. Жарықтық сол орысшасы өзiне жарасып тұрушы едi. Көре алмайтын бiреулер жоғарыдағы билiкке «орысшасы ұяттау» десе керек. Ол сөз Димаш Қонаевқа жетпей ме.
«Сәбираға тиiспеңдер, сол орысшасымен-ақ театр коммунистерiн тамаша басқарып отыр», – дептi. Жастарға үлгi көрсету, жастар шығармашылығы, жастар тәртiбi деген бағдарламалар бойынша жұмыстар жүрiп жатты.
Бiр күнi «Не дейсiң, театр жанындағы студияның екi студент қызы мен театрдың екi актер жiгiтi грим бөлмесiнде шәй iшiптi-мiс» деген сөз гу ете қалды. «Театрдың iшiнде ме?!». «Бұл не деген масқара!..». «Кiм көрiптi?» Осындай сұраулы сөйлемдер көбейiп кеттi.
Сөйтсек, екi жiгiтiмiз – Әнуар Молдабеков пен Асанәлi болып шықты. Екеуi де ел-жұртқа танымал болып қалған. Театрдың шаруашылық бөлiмiн басқаратын (үш әрiптен келген) орыс шал көрiп қалып, басшыларға жеткiзiптi. Ең қызығы, театрымызда Әзiрбайжан Мәмбетов немiс тiлiнде жазатын швейцариялық драматург Макс Фриштiң «Дон Жуанның думанын» (аударған – Әбiш Кекiлбай) сахнаға шығару үшiн қызу жұмыс үстiнде едi. Мен Дон Жуанның әкесiн ойнаймын. Балам қыз-келiншек дегенде есi шығып кететiн. Оған ғашық болғандарда есеп жоқ...
Дон Жуанның сөздерi мынадай: «Қырғидай қызға тием анталасып, ысқыртам сұлуларын жанталасып...». Әкесi маған: «Әке, батаңды бер!» – дейдi. Күнде бiреуiн әкеледi. Сонда ұяты бар әкесi:«Айналайын балам, осы қызбен тұрақтан, үйленуiңнiң ең алғашқысы һәм соңғысы болсын! Әумин!» – дейдi. Тыңдап жатқан бала қайда?... Ай, жастық ит-ай, бүлдiрмей жүрмейсiң-ау! Сонымен партия ұйымы мен кәсiподақ ұйымының бiрлескен жалпы жиналысы басталды. Хатшымыз Сәбира Майқанова, кәсiподақ ұйымының төрайымы Шолпан Жандарбекова. Қабақтары қатулы. Дүйсенбi әртiстерге демалыс күнi болғандықтан, қатысушылар аз болды. Себебi, бұл әртiстердiң дубляжға, радиоға, теледидарға барып, қысқасы, көлденең нәпақа табатын күнi. Қаралған мәселе – күтпеген жағдай. ЧП (төтенше жағдай) десе де болады. Кiнәлi екi жас әртiс Әнуар мен Асанәлi тұр ортада. Айыбы – күндiз студияда оқып жүрген екi қызды театрдағы өз бөлмелерiне әкелiп, күндiзгi сағат 14-тен 17-ге дейiн болуы. Жиналыстың шақырылу себебi жайлы Сәбира апам айтып, жастар тәрбиесiндегi кемшiлiктердi қолға алу керек екенiн қатты ескерттi. Кәсiподақ ұйымының төрайымы Жандарбекова: «Жаңа осында бiреулер театрдан шығару керек» дедi, мүмкiн ол да дұрыс шығар» деп айтты. Алдында «Театрдан шығару керек» деп бiр әйел дауыс күңк еткен. «Дон Жуанның рөлiне дайындалудың бастамасы осы шығар» деген әзiлдер де естiлiп жатты.
Екеуiне қатты шүйлiккен Бикен апаның даусы көтерiңкi шықты. «Екеуiңдi театрдың болашағы деп мақтан тұтып жүрсек, мыналарың не? Мұхаңның атындағы өнер ордасына кiр келтiрдiңдер ғой. Сендердi не қара басты. Үйлерiңде Жiбектей сұлу келiншектерiң бар! Бедiрейiп тұрыстарын қарашы? Мәймөңкелеудiң керегi жоқ, шығару керек», – дедi.
Манадан берi үндемей тұрған Әнуар:«Апай, ештеңе де бүлiнген жоқ», – дедi. Бикен апа: «О, шiркiн-ай, сөздерiңе сенгенiм-ай? Бүлдiрмей жүресiңдер ме сендер?». Тағы да сөйлегендерден ақыл-кеңестерiн айтқандар, бiрдеңенiң шетiн шығарып, «Қыздар неге келе қалған, әлде зорлық болды ма, ол жағын да тексеру керек» дегендер болды. Сәбира апам: «Сынды қабылдау керек, жiгiттер, бiздiң театр тәртiптiң ордасы», – дедi.
Асанәлi бедiрейiп тұрып алды. Парторг апамыз Асанәлiге қарап: «Әй, бауырым, сөйле! Бұдан былай бұндай болмайды, кешiрiңiздер деп айт», – дедi аузына сөз салып. «Ең оңай нәрсе — ақыл айту. Адамдар өздерiне қарау керек қой...Сiздердiң не iстегендерiңiздi бiз де бiлемiз. Театрдан шықпай-ақ жүрсiздер ғой. Шығару керек дейсiздер, бiздiң жасағанымыз сiздердiкiнiң бiр пайызына да жетпейдi...», – дедi Асанәлi. Сәбира апам оның сөзiн бөлiп: «Әй, шырағым, не деп кеттiң? Одан да ендi жасамаймыз, ондайды қойдық демейсiң бе!» – дедi. Ашынған Асанәлi: «Апа, ол қоятын арақ емес қой!» – дегенде жұрт ду күлдi.
Қойылым тамаша шықты. Қысқасы, бұларды аман алып қалған — «Дон Жуанның думаны» болды.
«Елу жыл бiр әйелмен тұру
не деген азап...»
Қалтай Мұхамеджанов ағамыз: «Креслоға отырғызып қойып, екi сағат сенi мақтағанда, құдай-ай, соған шыдап отырудың өзi бiр батырлық» деушi едi. Мен 75 жасқа толып, салтанатты жиын өткенде ел-жұрт шығып Оразбаевтың жасаған рөлдерiн, шеберлiгiн айтып жатты. Бiр кезде бiрге оқыған досым Асанәлi шықты мiнбеге.
– Бәрiң мақтадыңдар Оразбаевты, ал ендi мен кемшiлiгiн айтайын, – дедi. Жұрт елең ете қалды.
– Бұл кiсi 50 жылдан берi театр сахнасында қызмет жасап келе жатыр. Қанша сұлуларды құшақтады, құшты. Қаншасыменен сүйiстi. Мұның кемшiлiгi – сонша сұлулармен бiрге жүрiп, бiрге ойнап-күлiп, осы уақытқа дейiн бiр-ақ әйелмен өмiр сүрiп келе жатқандығы. Не деген азап. Мұның бар айтатыны – «әйелдердiң бәрi бiрдей... немесе тоқал иттiң құйрығы» деп келетiн әлгi бабасының пәлсапасы. Оразбаев сол «иттiң құйрығынан» қорқатын болу керек, – дедi. Жұрт қыран-топан күлiп жатыр.
«Кеттiк онда Созақтағы тойға!!!»
Ыбрайым деген көкемiз Шымкенттiң шығыс жағына шығып, Қаратау жаққа баратын қара жолда машина күтедi. Мiне, құдай тiлеуiңдi бергiр бiреуi тоқтай қалады.... Тоқтаған машинаға «Айналайын, менi ала кетiңдер, түнгi жұмыс кезегiнен шығып едiм», – дейдi. Iшiнде төрт жiгiт карта ойнап отыр екен. «Мiнiңiз», – дейдi. «Менi Теспе деген жерде оятыңдар», – деп көкемiз ұйқыға басады.
Көлiктiң жүрiсi жаман емес. Жолда Боз арықтан өтедi. Шiркiннен өтедi. Теспеден де, Қайнар бұлақтан да өтедi. Арыс өзенiнен өтiп бара жатып қарта ойнап отырған жiгiттiң бiреуi «Оу, мына кiсiнi ұмытып кетiппiз ғой, масқара...», – дейдi. Содан амал жоқ керi қарай жүредi. Жiгiттер карталарын ойнап отыр. Ұтқаны мәз, ұтылғаны қапалы...
Сонымен, Теспеге келiп, «Келдiңiз, көке», – дейдi ғой. «А, солай ма? О, аналайын, бәрекелдi... қазiр-қазiр...». Аузындағы ескi насыбайды сұқ қолымен алып тастап, жаңасын салады да, иегiн кемсең еткiзiп: «Ал, жiгiттер, тартыңдар Созаққа!» – деген екен.
Жiгiттер: «Ойбай-ау, мiнген кезде бiрден айтпадыңыз ба? Созақ қайда, бiз қайдамыз...Ендi алға қарай әлi сексен шақырым жүру керек...», – деп шулап қоя бередi. Ыбрайым көкемiз: «Кешiрiңдер, айналайындар, түнгi кезек ауыр ғой, сiлем қатып ұйықтаппын. Бүгiн Созақтағы Жорабай деген құдамның тойы едi ...», – дейдi.
«Жорабай..! Ойбай-ау не дейдi. Ол кiсi бiздiң көкемiз ғой, бiздi де шақырған... Кеттiк онда Созақтағы тойға!», – деп жiгiттер бұл жолы қуанғаннан шулап қоя берiптi...
Хадиша апай «быт-быт» деп ұрсуды да бiлмейтiн
Хадиша Бөкеева апамыз 98 жасқа келiп дүниеден озды. Бұл кiсi 95-ке дейiн тура Хабиба апам секiлдi болатын. Абайдың, Қадырдың, Мұқағалидың, Фаризаның өлеңдерiн жатқа оқитын. Ақыл-есi қаз-қалпында едi. Сонымен қатар, татардың атақты ақыны Мұса Жәлелдiң өлеңiн де көп бiлетiн. Ерекше ықыласпен оқитын.
Хадиша апамыз Ленинградта оқыған. Актрисалардың iшiндегi бекзаты едi. Бiздiң кез келген актриса өте шебер ұрысады ғой. Ұрысқан кезде қай-қайдағы сөздердi тауып алып айтады. Тапқан сөздерiне таңқаласың. Ал Хадиша апай «быт-быт» деп, ұрсуды да бiлмейтiн. Мұның өзi үлкен мәдениет деп бiлемiн.
Тағы бiр қасиетi – өте қарапайым болатын. Гастрольде жүргенде қонақта көп боламыз ғой. Сондайда төрге шықпайтын, төменде отыратын. Тiптi кейде, қаныңды қайнатып, босағада отыруға таласатын.
Сүртiбаевтың сiлiкпесi шықты
Әзiрбайжан Мәмбетов Алексей Яковлевич Каплердiң «Ленин 1918 жылы» деген спектаклiн сахналайтын болды. Мүлiкке Лениннiң рөлi берiлдi. Дайындық кезiнде Сүртiбаевты қайта-қайта тоқтатады.
– Тым жеңiлсiң...
– Ұшқалақсың...
– Ол – оратор...
– Ол – данышпан...
– Ол дүние жүзiнiң бетiн өзiне бұрған адам... Сенiң мына жасап жүргенiң не? Жүрiс-тұрысың жалған....Ешкiм сенбейдi сенiң Ленин екенiңе, – деп үстiн-үстiн ескерту жасайды.
– Мен ендi орыстың актерлерiн көрдiм. Щукиннiң ойнағанын көрдiм. Ол да мен сияқты ойнады...
– Жоқ, Борис Васильевич Щукин сен сияқты емес. Максим Максимович Штраух деген бар. Ол да сен сияқты емес. Олардың ойланып тұратын жерi бар, қимылдарында салмақ, әрекеттерiнде құлшыныс, алдарына қойған мақсаттары бар. Айтса ренжисiң... Мейлi, осылай болса, осылай бола қойсын, – дедi де, Әзекең басқа мәселеге ойысты.
Екi күннен кейiн Лениннiң рөлiне Семейден Әбiлқасым Жаңбырбаев деген актер келдi. Ол бұрыннан пьесамен таныс сияқты, бiрден кiрiстi де кеттi.
– Дұрыс! Дұрыс! Мiне, актер осындай болу керек, даусы, жүрiсi қандай жарасып тұр, – деп Әзекең оны бiрден қолдай жөнелдi. Ой, Мүкеңнiң қара терге түскенiн көрсең. Ойпырмой, бой-бойы шықты. Ұрысу да, айтысу да жайына қалды. Әбден бiр үлкен сынға түстi. Спектакльден кейiн қалып, ыңқылдағанын тоқтату үшiн барлық мәтiндi судай сiмiрiп жаттап алды. Әйтеуiр үлкен еңбекпенен бетiн берi қаратты. Сөйтiп, Лениннiң рөлiн өзi ойнады-ау. Өзiнiң де қан-сорпасы шықты. Жасыратыны жоқ, Лениннiң бейнесiн жасады, бiрақ өз дәрежесiне көп ойындардан соң жеттi.
Жаңбырбаевты театрға алатын болып едi, бала-шағасын, үй-жайын желеу етiп, қалмады. Елiне кеттi.
Оспанханның атақты өлеңi осылай жазылды
Актерлiк бөлiмге қабылданған соң бiздi екi топқа бөлдi. Жартымыз Моисей Гольдблатта қалдық та, жартымыз Асқар Тоқпановқа бардық. Мен алғашқы топтың iшiнде болдым. Оқуға өзi қабылдағанмен, Тоқпанов менi өз тобында қалдырмады. Неге олай жасағанын сол күйi бiле алмадым.
Моисей Исаакович Гольдблат ерекше дарынды ұстаз әрi режиссер болатын. Студенттердiң жағдайына қарайтын. Дауыс көтерiп ұрсу дегендi бiлмейтiн. Ауыл баласының мiнез-құлқына сай тәрбиеледi. Бiздiң әке-шешемiз сияқты едi. Қалай киiну керек, қандай киiм жарасады, аудиторияға кiргенде қалай сәлемдескен жөн, есiктi қалай жабамыз, осының бәрiн айтып отыратын. Сабақтың өзiн осындай iшкi мәдениеттен бастады. Шындығында да, осының бәрi әртiс үшiн, жалпы өнер адамы үшiн керек екен ғой. Сосын барып театрға көштi. Өкiнiшке орай, ол кiсi бiздiң маңдайымызға сыймады. Арада бiр жыл уақыт өткенде Моисей Исааковичтi қызметтен босатты. Ол кiсi бiзге сабақ берумен қатар, қазақ драма театрының бас режиссерi едi. Үстi-үстiне жазылған дәйексiз арыздар себеп болды. Мықты маман, талантты режиссер едi.
Алғашқы топтағы 12 бала Асқар Тоқпановтың сыныбына қайта қосылдық. Iшiмiзде әдебиетке бейiм жастар да болды. Солардың бiрi – Оспанхан Әубәкiров. Өзi әзiлкеш болатын. Болмайтын жерден сөз тауып, оны әзiлге айналдырып, жанындағыларды күлдiрiп жүретiн. Тiлiнiң уы бар-тын. Тiлiн төсеп сөйлейтiн мүкiсi де болатын. Асқар Тоқпановтың кәрiне iлiктi. «Сенен актер шығуы қиын. Қалжыңбассың. Оспақтан басқаға бейiмiң жоқ», – деп ұрсатын.
Ерегiскенде Оспанхан актерлiктi бiтiрдi. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» Жантықтың рөлiн өзiнiң дипломдық жұмысы ретiнде ойнап шықты. Кәдiмгi актерлердей сенiмдi ойнады. Комиссия мүшелерiн тәнтi еттi.
«Ойнаймыз деп Жантықты,
Қалмады ғой жан, тiптi.
Оспан әртiс болмас деп,
Кейбiреулер тантыпты»,
– деген уытты жыры осы кезде жазылды. Жалғыз ауыз шымшыма шумақ талайларды тулатқан болатын. Әсiресе, Асқар Тоқпанов ұстазымыздың шымбайына шындап батып едi. Консерваторияның қабырға газетiнде жазылған бұл жалғыз жыр шумағы сол күннен бастап-ақ ауыздан-ауызға тарап, атақты өлең болып кеттi. Атақты болғаны ғой, арада жарты ғасырдан астам мерзiм өтсе де, әлi жадымызда жүргенi.
Асқар Тоқпановтың қазақтың актерлiк мектебiн қалыптастырудағы еңбегi ересен. Оны әсте жоққа шығаруға болмайды. Бұған тарих куә. Қазақ театрының көркiне айналған Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Байдiлдә Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев, тағы да басқа атақты актерлерiмiздiң бәрi дерлiк – осы Асқар ағамыздың алдын көргендер, тәлiм-тәрбиесiн алғандар. «Тоқпанов тоқпағының» мықтылығы да осында болса керек. Райымбек те, Асанәлi де, мен де осы мектептен шықтық.
Тоқпанов керемет ұстаз болатын. Адамды жазбай танитын. Оспанханға да «Сенен әртiс шықпайды, әзiл-оспаққа бар» деп жүргенi сол. Асанәлiнi де ауылшаруашылық институтында агрономның оқуына түсейiн деп жүрген жерiнен консерваторияға сүйреп әкелген. Тұңғышбай Жаманқұловты да өнерге шақырған осы ағамыз. Ол – Жамбылдың су шаруашылығы институтының үздiк студентi екен. Осындай мысалдар толып жатыр.
«Қазақстанның халық әртiсi едiм, шәйдi кезексiз бершi, жаным...»
«Әр елдiң салты басқа, иттерi қара қасқа» деген ғой қазекең. Сол рас екен. Орал өңiрiнде кiсi күту оңтүстiктен өзгешелеу. Әсiресе, шәй бергенi ерекше. Еттен артық баптап, барынша ыстық қылып бередi. Шәй құйылған ыдыстарды таратады. Сосын бәрi iшiп болғанша күтедi. Бәрiнiң ыдысын бiр-ақ жинап алады. Ешкiмнiң ыдысын ауыстырмайды. Мен әдейi байқап отырдым.
Құм да ыстық, күн де ыстық. Аңқасы кеуiп отырған адамға бәрiн күтiп отыру өте қиын. Сейфолла Телғараев ағам шыдай алмай, шәй құйып отырған келiншекке: «Әй, айналайын, келiн. Мен Қазақстанның халық әртiсi едiм. Маған шәйдi кезек күттiрмей бершi, жаным», – дейдi. Сонда да әлгi келiншек кезексiз бермейдi. Бәрiне бiрдей құйып, бiрдей таратады. Сосын ағамыз бiзге жалынады. «Сендер де айтып көрсеңдершi, менiң жасым үлкен, егде адаммын, жағдайыма қарауға болады ғой», – дейдi. Мен: «Аға-ау, бұл елдiң заңы осындай. Қай жерде жүрсек, сол жердiң дәстүрiне көнуiмiз керек», – деймiн.
Қалай «бұйрабас» атандым
Қызылжарға да жеттiк. Кездесу қала шетiндегi орманның iшiнде өтетiн болды. Ол жақта негiзгi ағаш – қайың екен. Бiздердiкiндей тiзiлiп, сап түзеп өспейдi, әр жер-әр жерде шоғырланып, топтанып тұр. Жол олай да, бұлай да кетiп жатыр. Күнде жүрiп жүрген адам болмаса, адасып кету оп-оңай екен. Бiз де адастық. Үлкен керуеннен қалып қойыппыз. Жүсiпбек Елебеков алдында отырған. Шопырға қатты ренжiдi. «Арқада қанша жыл жүрсiң, жол бiлмейсiң бе? Елден-жұрттан ұят болды ғой», – деп кейiдi.
«Ағатай-ау, менiң жұмысым қалада ғой. Даланың ойы-қырын, орманның ықпыл-жықпылын қайдан бiлейiн», – деп ол да ақталып жатыр. Бiр кезде баратын жерге де жеттiк-ау.
Сахна құрулы тұр. Халық жиналыпты. Бiздi күтiп отыр екен. Бiр кезде Сырбай ақын: «Әй, Сәбит, өй, Сәбит, қайда жүрсiң сен?!» – деп айқайлап менi шақырды. Сол жерде Нүкетай ұшырасып: «Өзiң қызық екенсiң ғой, тiптi, сенi iздеп үлкен кiсiлердiң дегбiрi кетiп жатыр. Осы уақытқа дейiн қайда жүрсiңдер?» – дейдi. Мен шопырдың жол бiлмегендiгiнен адасып кеткенiмiздi айттым.
Осы кезде «Сәбит! Сәбит!» деген Сырағаңның жуан қоңыр даусын естiген Сәбең үйден атып шықты. Менi кiм iздедi дегендей аңтарылып, жан-жағына қарады. Өзiнiң оғаштау әрекетiн сезген Сырбай ағамыз дереу: «Оу, Сәбе, кешiрiңiз, осында сiзбен аттас бiр әртiс жiгiт бар екен. Мен соны шақырып едiм. Бұл өзi қолайсыздау болды-ау. Той сiздiкi, 60 жас та сiздiкi. Мына жiгiттi сiзбен шатастырмау үшiн бұйрабас деп атасақ қалай болады?» – дедi. Сәбең менi бастан-аяқ бiр шолып өттi де: «Бұйрабас болса болсын. Бұйра шаш та ақылы бар басқа шығады ғой», – дедi де, iшке қайта кiрiп кеттi. Сөйтiп, мен бұйрабас атанғанмын.
«Әкең – өмiрге құштар, әзiлге ұста, сөзге шешен едi»
Жақында бiр түс көрдiм. Түсiмде анамды көрдiм. Үстiндегi киiмдерi ақша бұлттай аппақ, бiрақ, аяғы жалаңаяқ. Мен сұрақ қояйын десем, қойғызбайды, маған қарап: «Мен Алматыға емес, келесi жылы (осы сөзiн көзi тiрiсiнде, бұрынырақта да айтқан болатын) алғашқы қар жауғанда тауға кетемiн дегенмiн. Аппақ болуым содан», – дедi де бұрылып кете бердi.
Анамның аты – Апақай. Аппақ ай деген сөзден алынған ғой. Бар көргенiм осы. Осылайша түн ортасында шырт ұйқымнан оянып кеттiм. Ұйқым ашылып кеттi. Света:
– Не болды, терлеп кеттiң ғой? – дедi.
– Анамды көрдiм. Анық көрдiм. Аппақ торғындай едi, – дедiм де, жүгiрiп үстел басына барып, айтқан сөздерiн жазып қойдым. Көп нәрсе есiме түстi. Анашым Алматыға келiп қанша қиындық көрсе де шыдады ғой. «Мен көп қиындық көрген адаммын. Әкең Қоңырбай өмiрге құштар, әзiлге ұста, сөзге шешен адам едi. Ұжымшарда бригадир болып еңбек еттi. Айтатын сөзiн әзiлмен, астарлап жеткiзетiн жарықтық. Тоғыз құрсақтан қалғаны – қызы Зерхан, ең кенжесi мынау сен едiң, балам. Айтпақшы, ағаң Мырзабай – мұғалiм едi. Көп оқитын, көп бiлетiн. Әскерден қайтып оралмады», – деп айтып отырушы едi.
Зерхан әпкем жақында, 96 жасында дүние салды. Маған «неменеге жап-жас болып ауыра бересiң» деп ылғи ұрсатын.
Жұмыс жасау тәсiлi ерекше едi
Иннокентий Смоктуновскийдiң жасаған образдарының бәрi шедевр. «Идиотта» князь Мышкиндi, «Гамлетте» Гамлеттi, Чеховтың Ваня ағайын, «Берегись автомобиля» фильмiнде Деточкиндi ойнады. Бұл адамның жұмыс iстеу тәсiлi ерекше, маған ұнады. Үш айға дейiн жұмыс кезiнде режиссерден бастап ешкiмнiң мазалағанын қаламайды екен. «Менi мазаламаңдар, мен iзденiп жүрмiн» деп оларға тiптi, ескертiп қоятын да көрiнедi. Бiр ғана мысал келтiрейiн.
Алексей Толстойдың «Царь Федор Иоаннович» деген шығармасы бар. Сонда Иннокентий Федор патшаның бейнесiн жасайды. Өте күрделi рөл. Тәжiрибелi актерлердiң де ол образды жасауға тәуекелi жете бермейдi. Сол кезде Смоктуновский режиссерге «Маған ештеңе айтпаңыз. Өзiм iздеп табамын», – деп ескертедi. Өзге актерлердiң бәрi таңғалады.
– Бұл қалай болғаны?..
– Режиссерсiз тiрлiк бiте ме?..
– Бұл сонда ненi таппақшы?..
Осылайша әрiптестерiнiң әрқайсысы әртүрлi ой айтып, кекетiп-мұқатады. Үш айдан кейiн спектакльдi байқау сәтi келедi. Мiне, ғажап! Иннокентий сахнаға тiптi басқаша актер болып шығады. Жүрiс-тұрысы, сөйлеу мәнерi – бәрi, бәрi бұрынғысынан бөлек, ұқсамайды. Осылайша патша Федордың бейнесiн әлемдiк деңгейде жасап шығарады. Бұл өзi өте бейнеткер адам, киноларға көп түскен. Теледидардан да қалмайды. Осыншама еңбектенiп, мемлекетке, халыққа қызмет көрсетiп жүргенде жөнi түзу пәтерi де болмаған. Тек өмiрден өтерiнiң алдында ғана Мәскеудiң нақ ортасынан 4 бөлмелi үйге әзер қолы жеттi. Бұрын Кутузов даңғылындағы көне де шағын пәтерде тұрып келдi.
– Сәбит Қоңырбайұлы, көрдiңiз бе? Қыруар еңбегiмнiң қайтқаны осы болды-ау, – дедi бiр кездескенде пәтерiне риза болып. Өзi, зайыбы Саломея Михайловна, қызы Мария мен ұлы Филипп – бәрi бiрге тұрды. Барынша қарапайым, адал, жаны жұмсақ жан. Қабақ шытқанын, дауыс көтерiп сөйлегенiн көрмейсiң. Үнемi жүзiнен күлкi кеткен емес. Iшкiлiк iшпейтiн. Мен де тентек суға телмiрген адам емеспiн. Бәлкiм, соның да әсерi болған шығар. Мен осы кiсiмен достастым, сыйластым. Егер iшетiн адам болғанымда олардың кез келгенiмен достасуға болар едi.
Дамылсыз жұмыс, есепсiз бейнет есесiн жiбермейдi екен. Үнемi ой қимылы, жүйке шаршағандығы жүректiң талмасына алып келедi. 69 жасында дүниеден озды. Иннокентий Смоктуновскийдiң өлiмi әлемдiк киноөнерi үшiн орны толмас қаза болды.
«Ақтоқты бiр мөлдiр бұлақ, құяр жерi – дария...»
Өткенде бiздiң театрда бiр сенсация болды. Бұл өзi сенсация ма, жоқ па, ол жағын дөп басып айта алмаймын. Әйтеуiр, жұрт таңғаларлық оқиға екенi анық. Жүрегiмiз жылып, көзiмiзге жас алдық.
Биыл театрдың жазғы демалысынан кейiн бәрiмiз басымызды қосу, аман-есен келгенiмiздi бiлу, қауышу ниетiмен театрға жиналдық қой. «Кiм қайда демалды? Жағдайлары қалай, аман-есен бе?» деген сұрақ төңiрегiнде және театрдың алдағы жұмыс жоспары жайында сөз қозғамақшы болып театр басшысы Есмұхан Обаев лездеменi бастай бергенi сол едi, сексеннiң сеңгiрiндегi Зәмзәгүл Шәрiпова iшке кiрiп келгенi... Екi жылға жуық уақыттан берi аяғынан жүре алмай жүрген едi. Бүкiл ұжым ду қол шапалақтап қарсы алдық.
– Айналайындар, мен сендердi сағындым! Бiр жарым жылдан астам уақыттан берi қозғала алмай, төсек тартып жаттым. Газет оқимын, теледидардан көзiмдi алмаймын. Әрбiр әртiс экранға шыққанда қатты қуанамын. Осы қасиеттi ғимаратта өстiм, өндiм. Атақ алдым, абыройлы болдым. Ел-жұртымның сүйiктiсi атандым. Кешегi Қаллекей, Өмiрзақ, Құрманбек, Қапан, Камал, Атайбек, Сәбира, Шолпан, Хадиша, Хабиба сияқты, тағы да басқа, аға-апаларымызбен қызметтес болдым. Бүгiн ендi өзiмнiң барлық күшiмдi жинап, орнымнан тұрып, сендерге келiп отырмын, – дедi. Одан сайын қол ұрдық.
Сол күнi театрдың жалақы беретiн күнi екен. Ол да бiр мереке ғой.
– Бұрын айлығыңызды апарып беретiн едi, бүгiн өзiңiз алатын болдыңыз. Бұдан былай қарай өзiңiз өстiп келiп, алып тұрыңыз, – деп жұртшылық шулап жатыр.
Зәмзәмның буындары дiрiлдеп, даусы жарықшақтанып, ерiндерi жуыспай, көзiне жас алған кейпiн көрiп, менiң де көңiлiм босады. Шiркiн-ай, Зәмзәм қандай едi! Кешегi Шәкен Аймановпен, Шахан Мусинмен бiрге Ақтоқтыны ойнаған, қараса көз тоймайтын сұлу едi ғой.
«Ақтоқты бiр мөлдiр бұлақ. Құяр жерi – дария. Кеудесiнде құстар шулап...»,– деп ақырын ғана тақпақтатып бара жатты да:
– Ах! Мен ендi отырайын, – дедi.
– Отырыңыз! Отырыңыз! – деп шулап жатырмыз.
– Жоқ, менiң тағы айтатыным бар, – деп қайта кiдiрдi. Сөйттi де:
– Айтатыным, құлындарым, аянбай еңбек етiңдер. Өнердiң жолы өте ауыр. Бiрде сенi аспанға шығарады, бiрде сенi сүрiндiредi, бiрде құлатады, осының бәрiне шыдау керек. «Сабыр түбi – сары алтын» деген әртiстерге арналған сөз сияқты. Шыдамай, қайғырып, iшкiлiкке салынып, ша