• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Тұлға 28 Қыркүйек, 2024

28 қыркүйек – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей дүниеге келген күн

398 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиетінің алыптары – Мұхтар Әуезов (1897-1961 жж), Шерхан Мұртаза (1932-2018 жж), Оралхан Бөкей (1943-1993 жж) 28 қыркүйек күні дүниеге келді.

Мұхтар Әуезов 1897 жылғы 28 қыркүйекте қазіргі Абай облысының Абай ауданына қарасты Бөрілі деген жерде дүниеге келген. Атасының үйретуімен арабша хат танып, 4 жасынан бастап Абай өлеңдерін жаттап өскен ол 6 жасында Абай ауылына барып, ақынды жүзбе-жүз көрген. Мұхтар Омарханұлы Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ташкенттегі Орта Азия университеті мен аспирантурасында және Ленинград мемлекеттік университетінде оқыған.

Мұхтар Әуезов «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» повестьтерін, «Бүркітші», «Ескілік көлеңкесінде», «Жетім», «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», «Көксерек», «Кінәмшіл бойжеткен», «Оқыған азамат», «Сөніп-жану» және тағы басқа көптеген әңгімелер жазды. Драматургия саласында да ерен еңбек сіңірген ол – «Абай», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды» және басқа да қаншама пьесалардың авторы. У.Шекспир, И.Тургенев, Н.Гоголь, К.Тренев, Л.Толстой, Д.Лондон шығармаларының бірқатарын қазақ тіліне аударды. М.Әуезов шығармаларының желісі бойынша фильмдер де түсірілді: Райхан (1940 ж), Абай әндері (1945 ж), Шыңдағы шынар (1966 ж), Қараш-Қараш (1969 ж), Көксерек (1973 ж), Қаралы сұлу (1982 ж), Абай (1995 ж), Трагедия триумфатора (2009 ж).

Мұхтар Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947) және оның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазғаны мәлім. Алғашқы екі кітап үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Эпопея дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.

Жазушының 60 жасқа толу мерейтойы Алматыда, Мәскеуде салтанатпен атап өтілген.

1961 жылғы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.

(Фото total.kz)

Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы мен ПЕН-клуб сыйлығының және «Құрмет белгісі» «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанның халық жазушысы  Шерхан Мұртазаұлы 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетін тәмамдаған.

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жж. «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарған.  

1989-1992 жж. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. Мәжіліс депутаты болған.

Тұңғыш кітабы – «Құрылысшы Дәку» очерктер жинағы 1958 жылы жарық көрген. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Бұлтсыз күнгі найзағай» (1965), «Белгісіз солдаттың баласы» (1967), «Мылтықсыз майдан» (1969), «41-жылғы келіншек» (1972), «Ахметжанның анты» (1973), «Интернат наны» (1974) кітаптары жарық көрді. Өндірістің дамуы жөнінде және ғылыми-техникалық төңкерістің жай-жапсарын сипаттаған «Қара маржан» романы, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өміріне арналған «Қызыл жебе» роман-трилогиясы басылды.

Драматургия саласында «Қызыл жебе» (1987, Қ.Ысқақовпен бірге), «Сталинге хат» (1988), «Бесеудің хаты» (1989) пьесалары қойылды. Ол Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет» повестерін және «Боранды бекет», «Жанпида» романдарын қазақ тіліне аударды.

Шерхан Мұртаза 2018 жылы 8 қазанда қайтыс болды.

(Фото: e-history.kz)

Жазушы-драматург Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Оралхан Бөкей 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді. 1974-1983 жылдары «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды.

1970 жылы «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды. Оның «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1975), «Ән салады шағылдар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984), «Құлыным менің» (1986), «Ұйқым келмейді» (1987) кітаптары шыққан.

«Құлыным менің» (1974), «Текетірес» (1976), «Қар қызы» (1982), «Зымырайды поездар» (1984), «Жау тылындағы бала» (1985), «Мен сізден қорқамын» (1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ, бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған.

О.Бөкей сол кезеңдегі Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты (1978 ж), ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1986).

«Алданған ұрпақ» трилогиялық романы қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған.

Оның есімі дүние жүзіне белгілі, шығармалары орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да көптеген тілдерге аударылған.

Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде, Делиде қайтыс болды.

(Фото: Egemen.kz)