• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Байқау 27 Қыркүйек, 2024

«Аққұмның Ақкербезіне» құрмет

77 рет
көрсетілді

Орал қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші-термеші Қалампыр Рахимованың 75 жылдығына арналған «Аққұмның Ақкербезі» атты республикалық әнші-термешілер байқауы өтті.

Өнер байқауын әншінің туған жері – Шыңғырлау ауданы әкімдігі Батыс Қазақ­стан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқарма­сының қолдауымен ұйымдастырды. Сайысқа Маңғыстау облысы, Астана, Қызыл­орда, Ақтөбе қалалары мен Батыс Қазақстан облысының аудандарынан кел­ген 13 пен 16 жас аралығындағы 18 өнер­паз қатысты.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші әрі айтыскер ақын Қатимолла Бердіғалиев бастаған қазылар алқа­сының сараптауынан кейін байқаудың финалдық кезеңіне 10 әнші өтті.

Тартысты өткен байқауда бас жүлдені Қазталов ауданының Ақпәтер ауылынан келген Аяжан Елемес жеңіп алды. Бірінші орын шыңғырлаулық Сұлужан Жәдігерге бұйырды. Екін­ші орын жүлдесін астаналық Тол­ғанай Есілбай мен ақтөбелік Ислам Құрманғазы иеленсе, үшінші орынды Маңғыстау облысынан келген Арайлым Айса, оралдық Әлихан Да­ғаров және Бәйтерек ауданының өнерпазы Ақкенже Қонысбай бөлісті. Ал оралдық Әлижан Нұрғали мен Нұр­дана Зинат, астаналық Ақбота Ер­ланқызы дипломант атанды.

Бұған қоса қазталовтық Әлина Сұлтан мен Сәнім Тұрарбек, қы­зыл­орда­лық Айару Қойшыбай мен Ақ­ер­ке Жұбатқанова, маңғыстаулық Жан­­сұлу Әли, қаратөбелік Арман Лұқ­пан, шыңғырлаулық Ару Бисе­кенова ын­та­ландыру сыйлығымен марапатталды.

Өмірден ерте кеткен Қалампыр Рахимованың сіңлісі Жаңыл апайға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орын­басары Қалияр Айтмұхамбетов елдің ықыласын көрсетіп, гүл сыйлап, иығына қамзол жапты.

Айта кетейік, Қалампыр Рахимова Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылын­да 1949 жылы дүниеге келген еді. Мектеп бітіріп, туған ауы­лында клуб мең­герушісі болып жүр­ген өнерлі қызды әйгілі әнші, Қазақ­станның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев көріп, Алматыға оқуға шақырған. Осылайша, ол Алматы эстрада-цирк өнері студиясында Ғ.Құрманғалиевтен тәлім алып, үлкен сахнаға шықты. 1969 жылдан «Гүл­дер» ансамблінің әншісі болды. «Ақ­құмның Ақкербезі» атанды. Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев сынды өнер тарландарымен бірге елге танылып, 1988 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атанды. Әнші гастрольдік сапармен шетелді де, Қазақстанның түкпір-түкпірін де жиі аралайтын. Сондай сапардың бірінде Қалам­пыр Рахимова 1988 жылы жол апатына ұшырап, небәрі 39 жасында көз жұмды.

 

Батыс Қазақстан облысы