«Астана балет» театрының труппасы Аспендоста (Түркия) өткен XXXI халықаралық опера және балет фестиваліне қатысып, зор ықыласқа бөленді. Айта кетейік, елордалық өнер ұжымы аталған фестивальға шақырылған жалғыз шетелдік труппа.
Өнер мерекесі, шамамен екі мың жыл бұрын салынған ежелгі амфитеатрдың сахнасында өтті. Өнер ұжымы көрерменге «Кармен-сюита» (Альберто Алонсо хореографиясы) және «A Fuego Lento»/ «Баяу от» (Рикардо Амаранте хореографиясы) бір актілі балеттерін ұсынды. Карменнің оқиғасы суреттелген қойылым мен танго ырғағындағы биіне тәнті болған келушілер ыстық ықыласын білдірді. Бекзат өнердің көрермені әртістердің кәсібилігі мен техникалық шеберлігін ғана емес, сонымен қатар өнерге адалдығы мен сезімді жеткізе алатын қабілеті үшін де жоғары бағалады.
Спектакльдерге театрдың жетекші солистері Қаламқас Орынбасарова, Сүндет Сұлтанов, Уэсли Карвальо, басқалар қатысты.
Айта кетейік, «Астана балет» театры Түркияда өткізілетін танымал фестивальдарға екінші рет шақырылып отыр. Бодрум фестивалінде астаналық әртістердің өнеріне тәнті болған ұйымдастырушылар балет ұжымын Аспендос фестиваліне де арнайы шақырған.
Сарапшылардың айтуынша, бұл өнер додасы әлемдегі үздік ондыққа кіреді. Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нұри Ерсой атап өткендей, өнер, тарих және табиғат тоғысқан осы белді фестиваль антикалық театрдың ғажап бір атмосферасында өтіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі өнерсүйер қауымның назарын аударта алды. Иә, фестивальда мәңгілік өнер тарихпен қауышып, тылсым өнердің құдіретін паш етеді.
Мемлекеттік опера және балет театрының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі, ұйымдастырушылардың бірі B.Тан Сақтүріктің айтуынша, фестиваль бағдарламасына енген туындылар өнердің бірегей тілінде сөйлеп, тарих пен қазіргі заманды байланыстырып тұр.
Сәтін салғандай жексенбі күні өнер көрсеткен астаналық әртістерді тамашалауға барған көрермен залға лық толды. «Астана балеттің» қойылымына арналған үш мың билет бірден сатылып кеткен. Демек Карменнің қасіретті оқиғасын суреттеудің шеберлігі мен тангоның өзіндік ырғағы көрермен көкейінен шыққаны анық.
Аспендостағы көне театрға үш мыңға жуық көрермен сыяды. Айта кетерлігі, Еуропа мен Солтүстік Африкадағы басқа ежелгі құрылыстармен салыстырғанда жақсы сақталған.