Бұрын сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған он сегіз жастан асқан азаматтардың қамқоршылары құжаттарды қағаз түрінде жинап, арнайы өтінімдерді рәсімдеу үшін кезекке тұратын еді. Жаңартылған қызмет қажетті құжаттарды онлайн тапсыруға мүмкіндік беріп, уақыт шығынын едәуір қысқартады.
Енді қамқоршылар бірінші топтағы жүріп-тұруы қиын мүгедектерге жеке көмекші қызметтерін пайдалану, оларды арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету, есту қабілеті нашар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін пайдалану (жылына алпыс сағат), үй жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер алу, протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету, медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнайы әлеуметтік қызметтер алу, мүмкіндігі шектеулі балаларды санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету сынды мемлекеттік қызмет түрлеріне онлайн өтінім бере алады.
Қызметті алу үшін пайдаланушыға eGov.kz порталында тіркеліп, «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөліміне өту қажет. Одан кейін «Мүгедектерді қолдау» бөлімінде ұсынылған тізімнен қажетті қызметті таңдайды. Сосын ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы қол қою қажет. Қызмет нәтижесімен пайдаланушы жеке кабинетте («Қызметтер алу тарихы» бөлімінде) таныса алады.
Айта кетейік, бұл қызметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірледі.