• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 27 Қыркүйек, 2024

Серпінді саланың өрісі

66 рет
көрсетілді

Ел азаматтары отандық демалыс орындарында саяхаттауды жиілете бастаған. Мұны ресми деректер де растайды. Қазір еліміздегі туризмнің ахуалы қандай? Бұл саланың біз күткендей дәрежеге жетуіне қандай факторлар кедергі болып отыр? Мәселенің мән-жайы Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында «Қазақстандағы тұрақты туризм» тақырыбында Fishbowl-пікірталас алаңында талқыланды.

Fishbowl-пікірталасқа Ас­та­­­на қаласы мәс­ли­хаты­ның де­­пу­тат­тары, туристік сала­сы­ның сарап­шылары, мүд­делі мем­лекеттік органдар­дың өкіл­дері, жоғары оқу орын­да­рының профессор-оқы­ту­шы­лар құрамы мен қоғам қай­раткерлері қатарынан 60-қа жуық адам қатысты.

Алқалы басқосу Мем­­­ле­­­­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл­ғы Жол­­­­дауындағы негізгі ба­сым­дықтарды ескере отырып, туризм саласын тұрақ­ты дамыту мәселелеріне арналды. «Атамекен» ҰКП қол­дауы­мен, Еуразиялық туризм қа­уымдастығы, Астана қала­лық туризмді дамыту орталы­ғы бірлесе ұйымдастырған іс-ша­рада отандық туристік ин­фрақұрылымдарды жақсарту, инвестиция тарту жайы кеңі­нен сөз болды.

Президент іс басқармасы Президент орта­лы­ғы­ның директоры Бақытжан Те­мір­болат құттықтау сөзінде туризм әлемдік экономика­­ның серпінді дамып келе жат­­қан салаларының бірі екенін, оның өсу қарқыны басқа салалар­дан екі есе жылдам екенін мәлім етті.

«Мемлекет басшысы биыл­­­ғы Жолдауында елі­міз­дің туристік әлеуетін дамы­­ту­­дың стратегиялық маңы­­зын айтты. Әсіресе туризмді да­мы­ту қоршаған ортаны қор­ғау­мен, мәдени мұрамызды сақтаумен қатар жүруі керек­тігін ескертті. Қазір туризм са­ласына құйылған инвести­ция былтырғы жылмен салыс­тырғанда екі есе артып, 390 миллиард теңгеден асты. Ту­ризм және спорт министр­лігі ар­­қы­лы жалпы құны шамамен 400 ­млрд теңгеге 61 ин­фра­құры­лым­­­­дық жоба жү­зе­ге асырылып ­жа­тыр», деді Б.Темірболат.

«Ішкі туризмді ілгеріле­ту­де осы бағыттағы мақсатты, жүйелі жұмыстарды, бекітіл­ген бағдарламаларды уақытылы орындау керек, басымдық­ты еліміздің болашағы – жастар мен балалар саяхатына беру керек», дейді Президент орталығында өткен пікірта­лас­қа қатысқан мамандар­дың дені. Олардың айтуынша, ел­дегі туризмді ілгерілетпес бұ­рын шетелден, басқа өңірлер­ден келген қонақтар жиі бара­­тын орындардың қызмет көр­се­ту сапасын дамыту, көрік­ті жер­лердегі құнды жәдігер­дің бүлінбеуін қатаң бақылауда ұстау қажет.

Еуразиялық туризм қауым­дастығының президенті Рысты Қарабаева Дүниежүзілік ту­рис­тік ұйымының, Дүние­жү­зі­лік саяхат және туризм ­жө­нін­дегі кеңестің, Euromoni­tor International, басқа да ірі халықаралық ұйымдардың зерт­­теулеріне негізделген бі­раз жайларға тоқталды. Әсіре­се, балалар саяхаты жөнінде ­жан-жақты әңгімеледі.

«Биыл Астанаға әртүрлі өңір­ден мыңнан астам бала келді. Олар қаладағы музей­лер­­ді, қызықты жерлерді аралады. Бала жастайынан өз елі­­нің жақсы тұсын көріп өссе, ол оны мақтан тұтады. Сондық­тан елде балалардың саяхаттауына жеңілдіктер жаса­луы, қарастырылуы керек», деді Р.Қарабаева.

«Атамекен» ҰКП Туризм индустриясы комитетінің басшысы Юлия Якупбаеваның айтуынша, еліміздің бірегей табиғи аумақтары мен турис­терді тартатын мәдени-тарихи орындарына ерекше күтім қажет.

«Тұрақты туризм – эко­но­­микалық өсуді, қоршаған ортаны қорғауды мен әлеу­мет­тік-мәдени байланыстар­ды нығайтуды үйлестіруге мүм­кіндік беретін стратегия­лық даму жолы. Тұрақты туризм қағидаттарын енгізу әлемдік саяхаттаушыларды тарту­ға, ин­весторлардың назарын ауда­ру­ға серпін беретіні сөз­сіз», деді Ю.Якупбаева.

Ашық пікірталас алаңын­да отандық туризм саласын­дағы өзекті мәселелердің бірі – цифрлы технологиялар­ды тиімді пайдалана отырып, саяхаттаушыларға қолайлы жағ­дай жасауға бағытталған ұсы­ныстар айтылды. Астана қалалық туризмді дамыту орта­лығының басшысы Әйгерім Есеналиева халықаралық ту­ризмді дамытуға, оның ұлттық экономиканы өркендетуге, халықтың көп бөлігін жұмыс­пен қамтуға қосқан үлесі, сон­дай-ақ отандық туризмге ин­вести­циялар тарту құралдары туралы мәселе көтерді.

Ә.Есеналиеваның айтуын­ша, «еQonaq» жүйесіне қыркү­йек айында Астанаға 12 400-ге жуық шетелдік турист ­келген. Олардың жатын орынға, кө­лікке, тамақтануға, ойын-са­уыққа жұмсаған жалпы шы­ғыны 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құ­раған. Алыс шетелден кел­ген туристердің орташа шығыны 1 500 доллардың шамасында. Шетелдік туристер саны­ның көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпелілер ойынының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Осы екі шараны қызықтап келу­­ші­лер ел экономикасына қо­сым­­ша 625 мың доллар қос­­­қан. Елорданың танымал ту­рис­тік нысандарына 7-13 қыр­­кү­йек аралығында келуші­лер ­саны артқан. Ұлт­тық музей ­14 мыңнан астам адам­ды қа­был­­дап, «Астана-Бәйте­­рек» мону­ментіне 15 мыңға жуық ­ту­рист, ал «Нұр-Әлем» павильо­ны­на 10 мыңға жуық адам келген.

Ұлттық статистика бюро­сының дерегіне сәйкес, еліміз­ге келетін шетелдік туристердің гео­графиясы жыл сайын ке­ңейіп келеді. Мысалы, жа­қын көршілерден бөлек, елімізге мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерден де саяхатшылар келе бастаған. Шекаралас ­Ре­сей мен Қытайды айтпаған­да, Үндістан (53 695 адам), ­Түр­кия (30 312), АҚШ (19 597) ел­дері үздік бестіктің қата­ры­на кірген.

«Елімізге Үндістан, Түр­кия, АҚШ сияқты алпауыт елдерден келетін туристер саны­ның артуы еліміздің әлем­дік туристік картада жыл өткен сайын тартымды бағытқа ай­налып келе жатқанын көр­сетеді. Біз туристік инфра­құрылымды дамытуды, әлем­нің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларға қолайлы жағ­дай жасау шараларын жал­ғастырамыз», дейді Туризм ин­дустриясы комитетінің төр­ағасы Нұртас Кәріпбаев.

«Бүгінгі кездесу елдегі тұ­рақты туризмді дамытудың ке­лешегін талқылауға арналған бірегей алаңға айналып отыр. Ол еліміздің туристік саласын жетілдіруге бағытталған Президенттің Іс басқармасы ­мен БҰҰ жанындағы Дүниежүзі­лік туристік ұйым (UNWTO) арасындағы Ынтымақтас­тық туралы меморандумға қол қою аясында ерекше өзек­ті­лікке ие болды», дейді ұйым­дастырушылар.

Жиын барысында сарап­шы­лардың дені жолдарды жөн­деп, инфрақұрылымды дамы­тар болсақ, елімізге ке­ле­тін туристердің саны еселеп ар­татынын алға тартты. Тарихи орындарымызды, тұм­са табиғатымызды танытып, дұ­рыс насихаттай білсек, табысы мол саладан біздің де үлес алатынымыздан үміт мол екенін жарыса айтты.

Әрине, бұған дейінгі қыруар қаржы жұмсалған мемлекет­тік жобалардың жемісі деп то­лық айтуға келмес, дегенмен, са­лада баяу болса да даму байқала­ды. Бұған елімізде өтіп жат­қан әртүрлі іскерлік, мәдени, спорттық жиындардың әсері мол. Алайда тозған жолдар мен кейбір қолайсыздықтар саяхаттаушыларға еліміздің көрікті жерлерін көруге деген құлшынысына кедергі болып отырған жоқ. Мысалы, әлемде инфрақұрылымдық дамуы, жалпы өркениеті біз­ден едәуір төмен елдерде ту­ризмнің ерекше дамығанын бай­қаймыз. Алысқа бармай-ақ, бір Моңғолияны алып қараңыз. Қай мезгілде бара қалсаңыз да турист арыл­майды. Ондағы жолдың жағ­дайы, тағы басқасын біз­дегі жағ­даймен салыстыруға да ­кел­мейді. Сонда ол елге ту­рис­терді магнитше тартып тұр­ған не? Біздіңше, осы тұрғы­да маман­дардың мәселені бас­қа жақ­тан да қарап көргені дұрыс шығар.

Қазір әлемде кірісінің 90 па­йыздан көбін осы саладан түс­кен қаражат қалыптастыра­тын елдер жетерлік. Ондай қосымша кіріс көзі болар­лық әлеует бізде де мол, тек соны тиімді пайдаланып, дұрыс жолға қоя білсек игі.