• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қыркүйек, 2024

Баршаны баураған Бурабай

87 рет
көрсетілді

Биыл жазда еліміздің солтүстігіндегі өлкелер жауын-шашынды болғанына қарамастан, туристік маусымда «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жарты миллионға жуық қонақ барған.

Ресми деректерге сүйенсек, маусым-тамыз аралығында Бурабайға 450 мыңнан астам қонақ сапарлаған. Бұл статистиканы былтырмен салыстыр­сақ, 20 мыңға артық. «Бурабай» мемлекет­тік ұлттық табиғи паркінің дирекциясы хабарлағандай, жыл басынан бері ұлттық парк 650 мыңнан астам қонақ қабылдаған. Ал былтырғы осы мезгіл­дегі көрсеткіш – 550,7 мың адам. Бұл Ұлт­тық паркке туристерді тарту бағытында іске асып жатқан жұмыстың жемісі. Өйткені Бурабай бүгінде елішілік қана емес, халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шаралар өтетін орынға айналып келеді. Ол Бурабайды танытып, туристерді тартуға ықпал етеді. Мысалы, биыл «X-Waters Kazakhstan 2024», «Aqbura Bay trail 2024» сынды спорттық іс-шараларға мыңдаған адам келген.

«Инфрақұрылымды дамытып, экс­курсиялық бағдарламаларды кеңейте берсек, бұл қадамымыз елдегі ғана емес, шетелден келген қонақтарды да қызықтырады. Туристік маусымда қонақтардың көп келуіне ықпалдасады. Жазда паркке 8 мыңнан астам ше­тел­дік турист келді. Қонақтардың геогра­фиясы жөнінде ТОП-5 елдің қатарын­да Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Германия, Қытай бар. АҚШ азаматтары да қызығушылық танытып отыр», деді «Бурабай» МҰТП директорының даму жөніндегі орынбасары Венера Нұғыманова.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық та­би­ғи паркі экологиялық туризмді да­мытуға ерекше назар аударып келеді. Ұлт­тық парк басшылығы туризмнің осы бағы­тын дамыту мақсатында қандай қадамға бару керегін жақсы біледі. Осы тұрғы­да алдағы уақытта Бурабайдың ажары кіре түседі деген­ге сенім мол. Бүгіннің өзінде аумақтың табиғатымен жақынырақ танысуға кө­мек­тесетін экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттар арқылы жазда 9 мың­нан астам адам жүріп өткен. Жазғы мау­сымның қорытындысынан «Бурабай» ұлттық паркі ішкі туризмнің жетекші бағыттарының бірі ретіндегі позициясын нығайта түскені анық байқалады.