Семей қаласы күніне орай облыс орталығына қарасты Цементшілер кентінде пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ санатындағы 20 отбасына пәтер кілті табысталды. Көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар соңғы үлгіде салынған баспанаға қол жеткізді. Үйде мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасалған.
Кейінгі жылдары қалада құрылыс қарқыны артып келеді. Осыған дейін бой көтерген тұрғын үйлерден 525 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Биыл наурызда да Қарағайлы шағын ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 77 азамат баспанамен қамтылды. Тамыз айында 237 адам қолдарына жаңа пәтердің кілтін алды. Өткен жылы пәтер кезегінде тұрған 211 отбасы баспаналы болды.
Сонымен қатар қаланың дамуына үлес қосып келе жатқан әртүрлі сала мамандарына «Семей қаласының құрметті азаматы» және «Үздік қызметкер» атағы берілді. Мерекелік іс-шарада сөз алған қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов еңбегімен еленген жандардың өмірі мен қызметі көпке үлгі екенін атап өтті.
«Бүгін Семей қаласының қалыптасуы мен дамуына лайықты зор үлес қосқан азаматтарды ұлықтап отырмыз. Семей қаласының құрметті азаматы атану – бірреттік жұмыстың нәтижесі емес, ұзақ жылдар бойы бір салада табан аудармай жемісті еңбек еткендеріңіздің, қызмет жасағандарыңыздың жемісі. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен өнегелі өмірлеріңіз өскелең ұрпаққа өшпес үлгі», деді Н.Нұрсағатов.
Семей қаласының дамуына қосқан үлесі еленіп, қоғам қайраткері Менсафа Усманова, спорт ардагері Юрий Маслов, білім беру саласының үздігі Жұмағазы Стамбеков, 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Спутник» МТ ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқаратын Қайрат Мирашев, суретші, педагог Төлеуғазы Жұбанышев, футболшы, халықаралық санаттағы төреші Александр Борисов, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері, хирург Базар Төлеуов «Семей қаласының құрметті азаматы» атанды.
Сондай-ақ қарапайым еңбек адамдары да назардан тыс қалған жоқ. Автобус жүргізушісі Дархан Жаукенов, электр маманы Нұртас Жанақыметов, қосалқы жұмысшы Мәуітқазы Рахымбаев, әлеуметтік қызметкер Раушан Мұсабекова, механик Мавлетян Хазипов, су шаруашылығының қызметкері Думан Молденов, жылу стансасының қызметкері Юрий Клименко, жол жөндеу жұмыстарына атсалысқан Марат Рамазанов «Үздік қызметкер» атағына ие болды. Оларға Алғысхаттар мен 100 мың теңгелік сертификаттар табысталды.
Қала әкімі Н.Нұрсағатов Семей қаласының 103 жастағы ең қарт тұрғыны Зейне Аманбаеваның шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Зейне апа 1921 жылы Абыралы ауданында дүниеге келген. Соғыс жылдары колхозда әртүрлі жұмыс атқарған. Кейін Семейде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халық құрметіне ие болған. Оның өмірлік жолдасы да заң саласында ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет етті. Бүгінде Зейне апа – немере-шөберелерінің құрметіне бөленіп отырған абзал ана.
Абай облысы