• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қыркүйек, 2024

Мәдени мұраларды қорғау бастамалары

97 рет
көрсетілді

Абай атындағы ҚазҰПУ-де Мәдениет және ақпа­рат министрі Аида Балаева­ның төраға­лығы­мен ЮНЕСКО қор­ғауын­дағы Қазақстан­ның тарихи және мәдени мұрасын сақтаудың кешенді жос­парын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Іс-шара аясында министр университет басшылығымен кездесіп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. А.Балаева университет түлектерінің шығар­машылық және қолөнер туындылары қойылған музейді де аралады. Ежелгі дойбы ойынына арналған көрмеге ерекше назар аударылды. Министр Қазақ­станда ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттаудың маңызын, еліміздің мәдени мұрасында алатын орны ерекше екенін атап өтіп, бұл спорт түрлерін жастар арасында кеңінен насихаттау қажет екенін сөз етті.

Кездесу барысында А.Балаева еліміздің тари­хи-мә­дени мұра­сын сақтау мен на­сихаттаудың маңызы­на тоқ­талып, бұл кездесу Бүкіл­әлем­дік мұра тізіміне енгізіл­ген нысандарды қорғау бойын­ша кешенді шараларды қамта­масыз ету жолындағы бас­ты қадам екенін атап өтті. Ол жұ­мыс тобының мүшелерін бола­шақ ұрпақ үшін ұлттық мұра­ны қорғау мен сақтауға бағыттал­ған ұсы­ныстар әзірлеуге әрі іс-шара­ларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Кездесуде ЮНЕСКО-ның мате­риалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенциясын жүзеге асырудың негізгі мәселелері, сондай-ақ мәдени дәстүрлерді сақтау сала­сындағы міндеттер талқы­ланды. Қаты­су­шылар жиі қолда­ныла­тын «материалдық емес» және «сезіл­мейтін құндылық­тар» терминдері бойынша өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ Қазақстандағы мәдени мұра объектілерін қорғау жүйесін жетілдіру шараларына тоқталды. Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен дамытудың жаңа бастамалары ұсынылып, қатысушылар осы саладағы тәжірибелерін бөлісіп, алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгіледі.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау ұлттық комитетінің мүшесі Жанерке Шайгөзова «Абай жолымен» жобасы аясында материалдық емес мәдени мұраны сақтау­дың мәселелері мен келешегі» тақырыбында баяндама жасады. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақ­станның мәдени мұрасын ел ішінде де, шетелде де тиімді қорғау­ға және ілгерілетуге бағыт­талған әрекеттер мен шаралар­дың тұрақты негізін жасау.

Жоба аясында елімізде алғаш рет материалдық емес мәде­ни мұра саласындағы білім беру, ақпа­рат­тық-әдістемелік жұ­мыс және мамандардың білікті­лігін арт­тыру мәселелері көтері­ліп отыр. Тарихи-мәдени мұра сала­сын­дағы мамандарды даяр­лау үшін пәнаралық білім беру бағдарламалары әзірленіп, сынақ­тан өткізіледі. Ұлы Жібек жолы бойындағы (Сығанақ, Жетіасар, Қаялық, т.б.) ай­шық­ты ескерткіштерді зерттеу, рес­таврациялау және музейге ай­налдыруды қоса алғанда, мате­риалдық емес мәдени мұра салас­ындағы ғылыми жобаларды жү­зеге асыру да жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қазақ­стан­ның мәдени мұрасын ел ішін­де де, шетелде де танымал етуге ба­ғытталған Абай орталық­тары­ның халықаралық және ұлт­тық желі­лері, еліміздің тарихи-мәде­ни және материалдық емес мұра­сын көрсететін «Цифрлық фор­мат­тағы мұра» веб-порталы құрылады.

«Арнайы топтың жұмысын күшейтіп, оны өскелең ұрпақ арасында қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін көрсететін ұлттық құн­дылықтарды тиімді насихат­тауға бағыттау қажет. Ұрпақтар сабақ­тастығын қамтамасыз ету, ұлт­тық кодымыздың элементтерін зерделеу және оларды дұрыс пайдалану, сондай-ақ ұсынымдар мен нақты ұсыныстар әзірлеу маңызды», деді А.Балаева.

Отырыс соңында ұсынылған іс-шараларды орындау, барлық мүд­делі тараптың күш-жігерін үй­лестіру және материалдық емес мәдени мұраны қорғау бағ­­дар­ламасын жүзеге асыру бо­­­йын­­ша нақты ұсыныстар әзір­леуде ал­дағы қадамдар талқыланды.