• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қыркүйек, 2024

Саудадағы салық инфляцияны үдетті

72 рет
көрсетілді

Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің мәліметіне қарағанда, тамыз айында өңірдегі инфляция деңгейі 9,1% болған. Азық-түлік тауарлары – 6,5%-ға, азық-түлік емес тауарлар 8,5%-ға қымбаттаған. Ақылы қызмет бағасы 14%-ға жеткен.

Баға өсіміне объективті себептермен қатар, субъективті себеп­тер де әсер етіп отыр. Жуырда Эко­номикалық тергеу депар­та­мен­ті мен Сауда департаментінің әлеуметтік маңызды тауарларға қатысты бірлескен тексеріс жұ­мыстарының нәтижесі жария­ланды. Жыл басынан бері 15 шаруашылық жүргізуші субъек­тінің әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстеме баға қосуды шектен тыс асырып жіберуінің 23 фактісі анықталған. Соның ішінде 5-еуі – супермаркет желісі, 6-ауы – көтерме компаниялар, 3-еуі бөлшек сауда дүкендерінен анықталған. Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Максим Пахно «Барлық  15 субъекті де ӘҚБК тиісті баптарына сәйкес ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде бір жыл ішінде қайталап құқық бұзу­шы­лық жасаған 2 көтерме сауда кә­сіпорнына айыппұл салынды», деді.

Тексеріс барысында тауар­лар­дың келесі түрлеріне байланысты бұзушылықтар анықталған: күн­бағыс майы – 9 факт; ұн – 4 факт; күріш – 2 факт; тұз – 3 факт; жұмыртқа, тауық еті, айран, қара­­құмық, сарымай – 1 факт­тан. «Қазір тауарлардың барлық позициясындағы бұзушылық жойылған. Бағалар рұқсат етілген үстеме шегіне төмендетілді» деді М.Пахно.

Әлеуметтік, білім беру, меди­ци­налық мекемелердің азық-түлік өнімдерін сатып алу мәселесі де тек­серіліп, мұнда да бірқатар өрес­келдік табылған. Соның ішін­де балабақшалардың азық-түлік өнімдерін жоғары бағамен са­тып алу фактілері анықталған. Сонымен бірге облыстағы білім беру ұйымдарында әлеуметтік маңызды тауарлардың сатып алу бағасын төмендету жұ­мыс­­тары жүргізіліп, олардың қоры­тын­дысы негізінде 458 мектепке дейінгі мекемеде 17 мың баланың ата-анасына қолдау қо­рынан ақша үнемдеуге мүм­кіндік туған.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департа­мен­тінің басшысы Қанат Жеңісбек­ұлы­ның айтуына қара­ған­да, биыл тұтынушылардан 342 өті­ніш шағым түскен. Оның 127-сі –  «е-otinish», 91-і – Telegram-bot, 66-сы –  «жедел желі» телефоны, 66-сы – ауызша жүгіну мен 58-і тұтыну­шыларды қабылдау кезін­де түсіпті.

«Департамент тұтынушылар құқығын қорғап, оларға 4,5 млн теңгенің ақшалай қаражатын қайтарды. Соның ішінде бөлшек сауда саласында – 1,9 млн, электронды сауда саласында – 1,2 млн, тұрмыстық қызмет көрсету саласында 1,3 млн теңге мөлшерінде ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдем көрсетті», деді Қанат Жеңісбекұлы.

Биыл департамент тұтынушы­лар құқығын қорғау туралы заңнаманың бұзылуына байланысты әкімшілік жаза қолдану туралы 13 қаулы шығарыпты. Сондай-ақ сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы бұзған 106 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауап­­кершілікке тартқан. Олар­дың ішінде әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) сауда үстемесінің мөлшерін арт­тыр­ған 105 кәсіпкерлік субъектісі жа­заланған.

Аталған бұзушылықтар та­уарларды сатып алу мен өткізудің электрондық шот-фактураларын талдау, сондай-ақ әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды мониторингтеу дерек­тері барысында анықталған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы