Аграрлық саланы қаржыландыру шарасы мен агроөнеркәсіп кешені (АӨК) субъектілерін жеңілдетілген несиемен қамту қолға алынып жатыр. Ол үшін бірқатар нақты жоба жүзеге асырыла бастады.
Үкімет қолдауымен егістік және жинау жұмысына жылына 5% мөлшерлемемен 580 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде 100 млрд теңгесі жеңілдетілген лизингке бағытталған. «Даму» қоры несие сомасының 85%-ын кепілдендіруге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, фермерлердің жеңілдетілген мөлшерлемемен лизингке техника алу мүмкіндігінен басқа, кейіннен инвестициялық субсидиялау тетігі шеңберінде 30% өтемақы алу мүмкіндігі бар.
«Биыл Үкімет 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Жақында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатыса алатын жаңа жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылады. Олар 5% мөлшерлемемен несиелерді отандық шикізат сатып алу үшін пайдалана алады. Қазіргі уақытта осы мақсатқа 30 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылып отыр», деді Е.Тасжүреков.
Оның сөзінше, 2025 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешені субъектісі субсидия алуға өтінім бермей, бірден арзанырақ несие алуға мүмкіндік ашылып, қаржы институттарын тікелей субсидиялау басталады.