Qazaqstan республикалық телерадиокорпорациясы жаңа телевизиялық маусымдағы жобаларының таныстырылымын өткізді. Тікелей эфир студиясында өткен іс-шараға шығармашыл қауым, сала ардагерлері, руханият өкілдері қатысты. Соңғы жылдары дәстүрге айналған таныстырылым бір жағынан жаңа өнімдерді насихаттау болса, екіншіден өткенді қорытындылап, болашақ шығармашылық жұмысты пысықтауға саяды.
Жаңа маусым таныстырылымын телеарна тілшілері мен олардың жасанды интеллект арқылы жасалған образдары бірлесіп жүргізді. Елдегі ең үлкен медиа ұжым күзгі маусымда аудиторияның барлық санатының сұранысын қамтитын түрлі жанрдағы 28 жаңа бағдарлама, жалпы серияларының саны 150 бөлімді құрайтын 11 жаңа телехикая мен деректі фильмдер желісін ұсынады екен.
Оның ішінде қоғамға мейірбандық, жауапкершілік, жанашырлық секілді құндылықтарды қарапайым кейіпкерлер арқылы орнықтыруға бағытталған «Жақсылық жаса» атты жаңа бағдарламаны ерекше атап өтуге болады. Жұма күні кешке эфирге шығатын хабардың бірнеше шығарылымы көрерменге жол тартты. Өз өмірін қиып, 130 баланы құтқарған қарағандылық полиция қызметкері Қайрат Жұмабековтің, Жамбыл облысындағы жол апатында өртке оранған көліктен бірнеше адамды алып шыққан Мәди Әлиевтің, Астанада 15 жастағы жасөспірімді пәтердегі өрттен арашалап алған Алтынбек Алтаевтың ерлік істері мен оқиға куәгерлері көрсетілді.
Ұлттық арна елдің 17 аймағының ерекшелігін қамтитын «Атамекен» телевизиялық тревел-шоу бағдарламасын да қолға алыпты. Тревел-шоу – эфирде көрінбей кеткен жанр. Шығармашылық ұжым жаз бойы әр аймақтағы шалғай елді мекендер мен өндіріс ошақтарын аралап шығыпты. Мұнда еңбек адамдарының бейнесі айқын көрсетілген. Бұл – Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан еңбек адамдарының рөлін дәріптеудің мысалы.
Заң шығарушы орган Парламенттің жұмысына арналған «Қос палата» хабарында журналист Ирина Советжанқызы депутаттық сауалдардағы мәселелерді кеңінен тарқатып, көрермендерге құқықтық бастамалардың жай-жапсарын түсіндіреді. Кішкентай көрермендер мен олардың ата-аналарына арналған дүниелер де назардан тыс қалмаған. Осындай жобалардың бірі – «Дара бала» хабары. Еліміздегі ең талантты балаларды бір алаңға біріктірген жобаға арнайы іріктеуден өткен жас өнерпаздар, білім, ғылым, өнер, спорт салаларындағы дарынды балалар қатысады.
Корпорацияның жаңа маусымға дайындаған қомақты дүниесінің бірі – телехикаялар өндірісі. Атап айтсақ, ұлттық арна көрермендерге 11 премьера ұсынбақ. Жалпы бөлім саны 150 серия болатын жаңа телехикаялар арасында туризм, инклюзия, спорт пен медицина, құтқарушылар тақырыбына, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған драма, мелодрамалар, Қазақ театрының 100 жылдығына арналған «Шам түбіндегі шындық», 1930-1940 жылдардағы мәдени кезеңге, сол замандағы Ахмет Жұбанов бастаған қазақ кәсіби музыка өнерінің көрнекті тұлғаларына арналған «Жел үстіндегі вальс», Жеңістің 80 жылдығына орай Сайын Мұратбеков шығармасының желісімен түсірілетін «Жабайы алма» тарихи телехикаялары бар. Сонымен қоса биыл корпорация Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» шығармасын экранизациялайды. Осы арқылы шығармашылық ұжым қаламгерлердің мұрасын да дәріптейді. Деректі фильм жанры да жаңғыртылып, тың туындылар түсірілмек.
«Шығармашылық команда жаңа маусымда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға қажетті құндылықтарды дәріптейтін бағдарламалармен қоса, елдегі елеулі оқиғаларға, маңызды даталар мен өзге де өзекті тақырыптарға арналған телехикаялар мен деректі фильмдер ұсынады. «Қазақ қызы» сериясымен шығатын деректі жобаларымызда Ғайнижамал Дулатова, Зейнеп Бөкейханова, Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Мүбинә Ниязова секілді әр саладан шыққан тұңғыш қайраткер әйелдердің еңбектерін насихаттауды мақсат еттік. Келер жылы бұл циклді тарихи телехикаяға айналдыруды жоспарлап отырмыз», деді «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Саяси-қоғамдық бағыттағы «Ашық алаң», «Әлем және біз», «Жедел желі», «Бас тақырып» жобалары, медициналық кеңес беретін «Теледәрігер», отбасы татулығының сырын көрсететін «Тату-тәтті», әскери-патриоттық бағыттағы «Ақсауыт», тікелей эфирде күннің резонансты оқиғаларын талдауға арналған «1001 түн» жобалары жаңа маусымда да жалғасады.
Шығармашылық кешке қатысқан ақпарат саласының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов аудитория сұранысына жауап беретін бағдарламалар молаюына барлық медиа мүдделі болуға тиіс екенін айтады. «Qazaqstan» арнасы – қоғам өзгерістері мен ұлт тарихындағы жаңа парақтарға үнемі мән беріп отыратын үлкен ұжым. Руханият пен құндылықтарымызды ұлықтауда жаңашылдығымен, зор ізденісімен көш басында жүреді», деп атап өтті.
Корпорация құрамындағы «Abai tv» телеарнасынан классикалық музыка мен театрдағы әлемдік деңгейдегі туындыларды терең талдайтын «Арнау», зияткерлік бағыттағы «Оймерген», кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейтін «Менің кітапханам» жаңа хабарлары эфирге шығады. «Balapan» телеарнасы кішкентай көрермендерге 20-ға жуық жаңа жоба мен мультхикаялар ұсынады. Оның ішінде мектеп жасына дейінгі балалар арасындағы «iBars» зияткерлік телевизиялық байқауы, балаларды ғылымға баулуды көздейтін «Ғылымға саяхат», ата-аналарымен бірлесе сайысқа түсетін «Ойзерек» танымдық жобасы бар.
Жаңа телевизиялық жобалардан бөлек, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жыл соңына дейін «Алтын қордағы» құнды аудиошығармалар жинақталған 6 бөлімді «Асыл мұра» жинағын, спорт журналистері мен комментаторларына арналған «Комментаторлар сөздігін» жарыққа шығарады.