Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалінде жеңімпаз атанды. Режиссер Дәурен Серғазиннің «Күйеу бала» спектаклі ұлттық драматургия саласында жаңа бір буынның қалыптасып келе жатқанын аңғартты. Қойылымды көріп отырып, бір жылап, бір күлдік.
Павлодарда Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі өз мәресіне жетті. 11 театр, жалпы саны 288 актер қатысқан өнер додасында бекзада көрермен еліміздегі ең үздік туындыларды тамашалап, рухани ләззат алды. Мәдени майданның лебін сезінді. Ұйымдастырушы – Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек атап өткендей, фестиваль мақсаты – қазақ театрлары арасында тәжірибе алмасып, актерлер мен көрермен арасына алтын көпір салу.
Елордалық «Жастар театры» ұсынған «Күйеу бала» қойылымы өнер додасында сахналанған талассыз дүниенің бірі болды. Мұны көзіқарақты көрерменнің өзі бірден аңғарды. Қойылымды көріп отырып бір жылап, бір күлдік. Актерлер мен режиссер тыңғылықты бірлесіп жұмыс істесе, бейне жасаудың шарықтау шегіне апара алса, одан нәтиже шығатынын көрдік.
«Соңғы жылдары отандық театр өнері саласында фестивальдардың жолға қойыла бастағаны аңғарылады. Ал фестивальдың олжасы – жақсы спектакль. Бұл жағынан алғанда керекулік көрермен рухани құндылыққа кенелді деген ойдамын. Қазылар алқасы әр қойылымды шамамыз келгенше талдап, әділ бағасын беруге тырыстық. Театрларға, режиссерлер мен актерлерге қатысты көп сын айтылды. Сынның шын екеніне көз жеткізгендер талдау соңынан қолымызды қысып, міндетті түрде назарға аламыз деген пікірлерін айтты. Бұл – фестиваль мақсатының орындалғаны. Астана Жастар театры қойған «Күйеу бала» спектаклі бізді қуантты. Қазақ театрында соңғы уақытта драма жанры жоғалып кетті деген пікірлерді естіген едік. Бұл пікірді аталған қойылым ығыстырып шығарғандай көрінді. Көкейдегі біраз мәселені көтеріп тастады. «Бүгінгі қазақ кім, ол қай бағытқа бара жатыр? Ұлттық құндылығымыздың азайып бара жатқан тұсы қайсы?» деген сауалдарға жауап алғандай болдық. Кәсіби жағынан жинақы, екі жарым сағатқа созылса да, назарыңды бір минутқа да өзге жаққа аудармайтын жақсы туындыны көрдік. Екінші бір ұнаған қойылым – Ж.Аймауытұлы театрының труппасы сахналаған Шекспирдің «ІІІ Ричард» трагифарсы. Режиссер С.Левицкийдің айтқысы келген ойын актерлер толықтай жеткізе білген. Бұл – Павлодар жерінде соңғы 30 жылда актерлік үлкен мектептің, кәсіби театрдың қалыптасқанын байқатады», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек.
Өнер майталманының пікірінше, қазіргі жазушылар, режиссерлер мен драматургтер заманға сай дүниелерге ұмтылуы керек. Бұл тұрғыда Абай атындағы Абай облыстық Қазақ музыка-драма театры сахналаған «Абай айтқан Еңлік-Кебек» трагедиясын (режиссері Ж.Жұманбай) атап өтуге болады. Қойылым барысында кемшіліктер болғанымен, оның жаңашылдық қырын атап өту маңызды.
Бұған қоса дода барысында әттеген-ай деген сәттердің де аз болмағанын тілге тиек етті. Кейбір қойылымды көркемдік кеңестің фестивальға бағыттауының өзі қателік болған.
«Астанадан келген Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Ақан сері туралы аңыз» трагедиясын ұсынды. Режиссер сол спектакльдегі Ақан, Балқадиша, Бәтима үштігін шығарма өзегі етіп қана алса, бір жұмыр туынды шығар еді деп ойлаймын. Алайда қойылымға қасқыр мен иттің тағдырын, Ақан серінің бауырын да қосып қойған. Олардың барлығы басы артық дүние екені көзге ұрып тұрды. Спектакль – бір сағат ішіндегі бір өмір, бір тағдырдың сахнадағы баяны. Көрермен спектакльді қабылдамаса, театрға келмесе, театр кінәні өзінен іздегені абзал. Көрермен мен труппаның мақсаты түйіскен кезде нәтиже шығады. Қазақ театры актерге бай. Тек заманға сай драматургия мен режиссура жетпей жатыр. Сабақтастық болмай қалды, аралық үзіліп қалды. Ендігі мезетте біз осы кемшілікпен жұмыс істеуіміз керек», деп түйіндеді Е.Жуасбек.
Өнер бәйгесінде Астанадан келген «Жастар театрының» бағы жанып, бас жүлдені жеңіп алды. Аталған ұжым режиссер әрі актер Дәурен Серғазиннің «Күйеу бала» драмасымен қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Режиссердің өзі «Үздік режиссуралық шешім» аталымын иеленді.
Ал павлодарлық Ж.Аймауытұлы театры Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесін иеленді. «Үздік ансамбль» аталымына – Абай атындағы Абай облыстық Қазақ музыка-драма театры («Абай айтқан Еңлік-Кебек» трагедиясы, режиссері Ж.Жұманбай), «Үздік сценографиялық шешім» аталымына – С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық Қазақ драма театры («Қарагөз» трагедиясы, режиссері Г.Балпеисова) ие болды. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры («Войцек» драмасы, режиссері. Ұ.Қабыл) Павел Аймауытов атындағы арнайы жүлдеге, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры («Қазақтың тойы бітпесін» драмасы, режиссері Д.Базарқұлов) «Amanat» партиясы Павлодар облыстық филиалы ұсынған арнайы жүлдеге лайықты деп танылды.
Бұған қоса жекелей актерлердің үздік өнері де назардан тыс қалған жоқ. «Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі» аталымын «ІІІ Ричард» қойылымындағы Герцогиня Йорк рөлі үшін Ж.Аймауытұлы театрының актері Талжібек Атамбек, «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі» аталымын «Тартюф» комедиясындағы Лояль мырза рөлі үшін Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық Қазақ музыкалық-драма театрының актері Қайрат Мырзаболатов жеңіп алды. Ал «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы «Ақан сері туралы аңыз» трагедиясындағы Бәтиманың рөлін сомдаған Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ақбота Макежановаға, «Үздік ер адам бейнесі» аталымы «Шинель» драмасындағы Акакий рөлі үшін Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақ музыкалық-драма театрының актері Ислам Жақсылыққа бұйырды.
Кереку төрінде олжаға кенелген режиссер Дәурен Серғазин жалпы режиссурамен он жылдай айналысып, бүгінде онға жуық қойылымды сахнаға алып шыққанын жеткізді. «Бұл – өнердегі ұстазым Нұрғанат Жақыпбайдан үйренген дүниелерімнің жетістігі. Сол кісіден тәлім алғанымды мақтаныш етемін. Құдай қуат берсе, алдағы уақытта режиссерлік жолымды жалғастыра беремін деген ойдамын. Бүгінгі жеңісім – жеке шығармашылығым үшін үлкен ынталандыру», дейді өнер иесі.
Павлодар облысы