Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді промоушен UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мұхаммад қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмоновпен күш сынасуға ниетті екенін білдірді. Егер қос тарап ортақ мәмілеге келсе, онда қандасымызға төрткүл дүниенің теңдессізі атануына тамаша мүмкіндік туындайды.
36 жастағы Белал Мұхаммад АҚШ-тың Чикаго қаласында туып-өскенімен, оның шыққан тегі – палестиналық. Кезінде болашақ чемпионның ата-анасы сұрапыл соғыстан қашып, Иордан өзенінің жағалауынан Америкаға келіп бас сауғалады. Бала кезінен спортқа құмар болған Белал бокс, күреспен айналысып, бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері атанды. 24 жасқа толған шағында аралас жекпе-жекке мықтап ден қойды. 2012 жылдың жазында тұсаукесер кездесуін Индиана штатындағы Валпарейзо қаласында жерілікті спортшы Джастин Брокқа қарсы өткізіп, оны бірінші раундта-ақ ұрып жықты.
2016 жыл Мұхаммадқа сәтсіз болды. Алғашқы төрт жыл аралығында тоғыз жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен ол аталған маусымда қатарынан екі рет жеңілістің кермек дәмін татты. UFC-дегі тұсаукесер бәсекесінде Алан Джубаннан ұпай санымен ұтылса, көп кешікпей Висенте Лукенің қарқынды шабуылына шыдай алмады. Бірақ бұл сәтсіздіктер палестиналық оғыланның сағын сындыра алған жоқ. Одан кейінгі екі жылда кейіпкеріміз Ренди Браун, Джордан Майн, Тим Минс, Шанс Ренкунтреге сан соқтырды.
Соңғы рет Белал 2019 жылдың 19 қаңтарында жеңілді. Нью-Йоркте ұйымдастырылған жарыста ол Нил Джеффке ұпай санымен есе жіберді. Содан бергі бес жарым жылдан аса уақыт аралығында Чикаго тумасының тегеуріне ешкім төтеп бере алмады. Палестиналық файтер Кертис Миллендер, Такаши Сато, Лайман Гуд, Диего Лима, Демиян Майя, Стивен Томпсон, Висенте Луке, Шон Брэди, Гилберт Бернстен басым түсті. 2021 жылғы 13 наурызда Мұхаммад Леон Эдварспен күш сынасты. Бәсеке қызған тұста Леон Белалдың көзін шұқып алды. Соның салдарынан ол кездесуді жалғастыра алмады. Ақыры бұл жекпе-жек есепке алынбады.
Биыл 27 шілдеде Белал Леон Эдварспен қайта жолықты. Ұлыбританияда тұрып жатқан Ямайканың тумасы осыдан екі жыл бұрын нигериялық Камару Усманды «хэд-кик» әдісімен ұрып жығып, UFC чемпионы атанған еді. Одан кейін ол алтын белбеуін екі мәрте сәтті қорғады. Алдымен қайта Камаруды қапы қалдырса, іле-шала Колби Ковингтанның осал тұсын тапты. Англияның Манчестер қаласында өткен айқас Мұхаммадтың пайдасына шешілді. Америкадан келген жігіт барлық компоненттерде жергілікті файтерден басым түсті. Бәсеке аяқталғаннан соң төрешілер бірауыздан жеңісті соған берді. Сөйтіп, Белал Мұхаммад әлемдегі ең белді промоушеннің жартылай орта салмақтағы чемпионы атанды. Ол октагонда барлығы 28 кездесу өткізіп, 24 рет жеңіс тойын тойлады. Алты айқасты мерзімінен бұрын аяқтады.
– UFC чемпионы болған рахат екен. Мен қазір алып таудың ең биік шыңында тұрғандаймын. Өзге спортшылар төменде тұрып, маған қызыға да, қызғана қарайтындай. Олардың дені менің алтын белбеуімді тартып алуды армандайды. Үнемі жекпе-жекке шақырып әлек. Ал таңдау – менде. Кімді қаласам, сонымен жұдырықтасамын. Қазір көпшілік менің Камару Усман немесе Шавқат Рахмоновпен күш сынасқанымды қалайды. Камарумен маған қызық емес. Оны бұған дейін екі рет ұттым. Оның үстіне ол қатарынан үш мәрте жеңілді. Шыны керек, Усман қартайып қалды. Сондықтан да мен Шавқатты таңдаймын. Біріншіден – ол жас, екіншіден – әлі де жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Егер қазақты ұтсам, UFC-дегі беделім одан әрі арта түсетіні анық. Сонда менің нағыз чемпион екеніме ешкімнің күмәні болмайды. Сол себепті де дәп қазір Рахмоновпен айқасуға ниеттімін, – дейді Мұхаммад Белал.
Ал Шавқат Рахмоновтың жүріп өткен жолы барша қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Келесі айда орда бұзар 30 жасқа толғалы отырған қандасымыз спорттың бұл түрін серік еткелі 10 жыл болды. Сол аралықта 18 рет октагонға шығып, барлық бәсекеде айқын басымдық танытты. «Номадқа» қарсы шыққан жігіттердің бірде-біреуі айқастың соңына дейін шыдамады. Рахмонов 2020 жылдан бері UFC-де өнер көрсетеді. Сол төрт жыл аралығында қазақтың қайсар ұлы бразилиялық Алекс Оливера («қылғындыру») мен Мишел Празейрес («қылғындыру»), гайаналық Карлстон Харрис (аяқпен теуіп құлатты), америкалық Нил Мэгни («қылғындыру»), Джеф Нил («қылғындыру»), Стивпен Томпсон («қылғындыру») сынды саңлақтардың тас-талқанын шығарды. Осы деректердің өзі-ақ Шавқаттың чемпиондық тәжге таласуға лайық екенін айғақтап тұр.