• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Бокс Кеше

Бокс: Еліміз таңдауын жасады

80 рет
көрсетілді

Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясының (World Boxing) Олимпиадалық комиссиясына да төрағалық ететін болды. Мұны ҰОК-тің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бұдан былай Г.Головкин халық­аралық федерацияның мәртебесін нығайту мақсатында атқарылатын жұмыстардың ашық жүргізілуіне, халықаралық спорттық ұйымдармен қанаттаса жұмыс атқаруға күш салады. Комиссия басшысына жүктелген негізгі міндет – бокстың Олимпиада бағдарламасынан сызылып қал­мауына күш салып, Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing арасына алтын көпір орнату.

«Елімізге, барша спорт әлеміне боксты олимпиадалық спорт түрі терінде сақтап қалу маңызды, бұл менің қызметімдегі ең басты басымдық болмақ. Бокс спорты олимпиадалық құндылықтарға сай әділ әрі ашық болуы мақсатында Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнатуды көздеп отырмын. Менің кәсіби спортшы ретінде жиған тәжірибем ұйым жұмысын бір жүйеге келтіреріне сенемін, күшімізді біріктіре отырып бокстың дамуына жаңа серпін береміз. Оған жету жолында атқаратын шаруа шаш етектен», деді Геннадий Головкин.

World Boxing президенті Г.Головкинмен тізе қосып жұмыс істеу келешектің еншісіндегі жобалардың жүзеге асуына серпін беретінін айтады. «Әуесқой бокста жазғы Олимпиаданың күміс медалін, әлем чемпионатының алтын жүлдесін алған, кәсіпқой бокс­та да дүние жүзінің үздігі атанған маманның бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуына қосар үлесі орасан. Төрт жылдық додасында бокстың болуы әуесқойларға, кәсіпқой боксты өрістеуге тың серпін береді. Осы спорт түрін дамыту жолында бірлесе жұмыс атқаратын шақты асыға күтеміз», деді Борис ван дер Ворст.

Былтыр сәуірде Халықаралық бокс федерациясы құрылды. Бүгінге дейін әлемнің 44 мемлекетінің бокс федерациялары мүшелікке өтті. Қазақстан бокс федерациясы да World Boxing қатарына өтуге өтініш берді. Федерация президенті Шахмұрат Мүтәліп: «Бүгінгі күнде бокстың жазғы Олимпиада бағдарламасынан алынып қалмауы мәселесі ХОК-тің күн тәртібінде тұр. Боксты өркендетіп, Олимпия ойындарының бағдарламасында қалуы жолында барлық елдермен білесе жұмыс атқаруға есігіміз ашық. Мұндай қадамға баруымыз елімізде боксты дамыта түсуге мүмкіндік тудырады. World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинмен кездесу барысында отандық боксты өркендету жайын талқыладық», деді. 

Соңғы жаңалықтар