Әрі арзан әрі тиімді саналатын газды пайдалану мүмкіндігіне Ұлытау өңірі кейінгі кездері ғана қол жеткізе бастады. Қазір облысты газдандырудың 2030 жылға дейінгі өңірлік сызба-нұсқасы дайындалды. Бұл жобаның берері қандай?
Сызба-нұсқаны жүзеге асыру өнеркәсіп пен коммуналдық-тұрмыстық саланың бірқатар объектісін табиғи газға ауыстыруға, сондай-ақ оны тұрғын үй секторында жылыту және тамақ дайындау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жекелеген аудандар мен жалпы облыстағы отын-энергетикалық теңгеріммен экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартады. 2030 жылға дейін облыстың 9 елді мекені, атап айтқанда, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Атасу, Жәйрем, Кеңгір, Ұлытау, Жезді, Қарсақбай кенттері газдандырылуы тиіс.
Әрбір елді мекенді газдандырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Жезқазған қаласын газдандыру жобасы 3 кезектен, 7 іске қосу кешенінен тұрады. Мұндағы газдандырудың жалпы ұзындығы – 199,8 шақырым. 2026 жылдың соңына дейін Жезқазғанда 4 562 үй табиғи газбен қамтамасыз етілуі керек. Бүгінде Жезқазған қаласында газ тарату желілерін салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Екі іске қосу кешенін қамтитын құрылыстың алғашқы кезегінің жұмыстары аяқталды. Мұның бірі Талап ауылы мен Бөгенбай батыр шағын ауданының ішкі орамын газбен жабдықтауға бағытталған, ұзындығы 36,7 шақырым желі салуды көздеген. Екіншісі – 14,1 шақырымдық Қабанбай батыр шағын ауданының орамішілік желілерін салуды қамтамасыз етуге тиісті газ құбыры еді. Бұл жұмыстар дер мезгілінде аяқталды. Соның нәтижесінде, халық газ қызметін пайдаланып та отыр.
Құрылыстың екінші кезегі үш іске қосу кешенін қамтиды. Бұлардың бірі Бекболатсай мен Қостанкелді шағын аудандарының 43,4 шақырым орамішілік желілері 3,4 млрд теңге сомасына салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 1 316 үйге газ тарату желілері тартылды. Аталған газ тарату желілері «ҚазТранГазАймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалына сенімгерлік басқаруға берілді.
Екінші іске қосу кешені негізінде 91-94 орамдардың 46,2 шақырымдық орамішілік желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта 26,9 млн теңге қаражат қарастырылған. Құрылысты аяқтау мерзімі жақын қалды. Сәтін салса, Жезқазғанда тағы да 1 420 үйге газ жеткізілетін күн де алыс емес. Үшінші іске қосу кешені – қаланың Батыс ауданында салынып жатқан, құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 14 шақырымдық орамішілік желілер. Бұл құрылыстың да аяқталатын мерзімі тақау. Газ тарату желілері жеткізілген 291 үй алдағы жылу беру маусымын газбен қарсы алуы әбден мүмкін.
2025-2026 жылдары құрылыстың үшінші кезегі екі іске қосу кешенін қамтитын болады. Яғни Жезқазғандағы 66-84 кварталдардың 30,9 шақырым және 4-6 кварталдардың 15,45 шақырым орамішілік желілері алдағы екі жылда салынады.
«Облыс бойынша ең алғаш газ желісіне қосылған Талап ауылы болатын. Бұрын мұндағы жеке тұрғын үйлер газға қосылған болса, енді әлеуметтік нысандар да газ қызметін пайдалану мүмкіндігіне ие бола бастады. Айталық, жуырда Талап ауылындағы №14 мектеп газға қосылды. Бұл – газ желісіне қосылған облысымыздағы ең алғашқы әлеуметтік нысан. Аумағы 2 383 шаршы метр болатын қос қабатты нысанға арналған жаңа қазандықтың іске қосылуы ауыл халқы үшін ғана емес, жалпы облыс өміріндегі елеулі оқиға болды. Өйткені ауылдағы 400-ге жуық оқушысы бар жалғыз мектеп қазандығы бұған дейін дизель отыны арқылы жылытылып келген еді.
Биыл жыл соңына дейін Жезқазғанда тағы да бірқатар нысан газбен қамтамасыз етіледі дейді Ұлытау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы Газбен жабдықтау бөлімінің басшысы Асқар Құлатаев. Газдандыру басталғалы облыста 910 үй газға қосылды, 1 083 техникалық шарт берілді.
Жаңаарқа ауданының Атасу кентін газбен жабдықтаудың тарату желілері бар газ құбыры тармағын және «Атасу» автоматтандырылған газтаратқыш стансасын салудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптама қорытындысы күтілуде. Мұндағы жұмыс 3 іске қосу кешенінен тұрады. 2024-2026 жылдар аралығында мұнда 4 500 үй табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
Жезқазған жанындағы Кеңгір ауылына газ құбырын салудың жобалық-сметалық құжаттамасы биыл дайындалды. Осыған сәйкес, 442 үйді және 7 әлеуметтік нысанды табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген. Сәтбаев қаласында газ құбырын салудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Жоспар бойынша кеншілер қаласында 2025-2027 жылдар аралығында 4 100 үй табиғи газға қосылуға тиіс. Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін газдандыру бойынша жобасы 3 іске асыру кешенінен тұрады.
Қарағанды облысы әкімдігімен «Ұлытау облысының Жәйрем кенті мен Қаражал қаласындағы газ құбыры-бұру, АГРС – «Жәйрем» және газбен жабдықтау желілерін салу» жобасы әзірленді. Қазір мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды шықты. Қарағанды облысы әкімдігі тарапынан, Ұлытау облысының әкімдігі тарапына жобаны беру жұмыстары жүргізіледі. Жоба Ұлытау облысы әкімдігінің балансына өткен соң, жұмысты бастау үшін салалық министрлікке бюджеттік өтінім жіберіледі. Соның нәтижесінде аталған елді мекендерде 2025-2027 жылдар аралығында 2 107 үй газға қосылады.
Аймаққа газдың жеткені кей жағдайда жылу беруге байланысты мәселелерді шешуге де болатынын көрсетіп отыр. Айталық, облыс орталығының Батыс ауданындағы әлеуметтік нысандарда жылу тапшылығы мәселесін шешу үшін орнатылатын жаңа қазандық газбен жұмыс істейтін болады. Қазір жаңа қазандықтың іргетасы құйылды. Бұл көп уақытты қажет етпейтін шағын құрылыс болғандықтан, қараша айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Ол сол аумақта орналасқан үлкен ғимараттардағы жылу тапшылығы мәселесін еңсеру үшін резервке қойылады. Қазандықтың қуаты – 10,5 МВт. Нақтылап айтқанда, жаңа қазандық Батыс аудандағы көпсалалы аурухана, қарттар үйі, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернат пен оның жатақханасында жылу тапшылығы орын алғанда көмекке келеді.
Облысты газдандырудың өңірлік сызба-нұсқасын іске асыру халықтың өмір сүру сапасын едәуір арттырып қана қоймай, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға тиіс. Жезқазған – Ұлытау аймағын газдандыруға байланысты құйылған инвестицияның игілігін халық көріп, сезіне бастады. Бастапқыда көпшілік газға үрке қараса, қазір керісінше, «тезірек қосылса екен» дейтін тілек басым.
Ұлытау облысы