• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Елорда 29 Қыркүйек, 2024

Астанада Абай мен Қызылорда облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

100 рет
көрсетілді

Елордадағы жәрмеңкеге Абай және Қызылорда облыстарының аграршылары өнімдерін алып келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жергілікті әкімдік мәліметінше, бас қалада өңірлерден келген тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы өтіп жатыр. 28-29 қыркүйекте өз өнімдерін Абай әрі Қызылорда облыстарының аграршылары ұсынады.

Қос өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Астанаға ет, сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс, бал мен басқа да тауарларды қоса алғанда 830 тоннадан астам өнім әкелді.

- Елорда тұрғындары және қонақтарына Қызылорда облысы әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады. Келесі жәрмеңкеде Павлодар, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары өз өнімдерін жеткізеді, – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Қосман.

Жәрмеңкедегі ассортимент алуан түрлі. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сөрелерінде ет, күріш, балық, көкөніс, жеміс, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық өнімдері, бақша дақылдары, ас тұзы, сондай-ақ сүт әрі кондитерлік өнімдер сияқты өнімдер алуға болады.

«Бүгін біз Абай облысының атынан қатысып отырмыз. Астанаға экологиялық таза бал сататын 6 шаруа қожалығы келді. Біз өз өнімдерімізді тек Қазақстан бойынша емес, шетелге де жеткіземіз. Біздің бал – ең таза әрі экологиялық пайдалы өнім»,  деді фермер Руслан Хижин өз өнімдері туралы.

Жалпы, Абай мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жәрмеңкеге 400 тонна күріш, 100 тонна балық, 100 тонна сиыр мен жылқы еті, сондай-ақ 30-40 тоннаға жуық бал әкелді.

«Біз жәрмеңкелерден үнемі азық-түлік сатып алуға тырысамыз. Өткен аптада Атырау облысының балықтарын сатып алып, риза болдық. Бүгін жаңа піскен жеміс және көкөністі сатып алдық. Менің ойымша, бағалар өте қолайлы. Енді келесі жәрмеңкені күтіп отырмыз», дейді елорда тұрғыны Санжар Отаубай.

Биыл жәрмеңке Қарқаралы тас жолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы орында өтеді. Қала тұрғындарына әрі қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңкелерді өткізу кезеңінде №18, 37, 303, 323 бағытындағы автобус маршруттары қамтамасыз етіледі. Жәрмеңкелер әр демалыс күндері 27 қазанға дейін өтеді.