АСТАНА. 15 маусым. Қызылорда облысы Қазалы ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Х-дәстүрлі республикалық турнир өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Екі күнге созылған турнирге Ресей, Қырғыстан, Өзбекстан және Қазақстанның 8 облысынан командалар қатысты.
Айта кетейік, билығы турнирдің ерекшелігі боз кілемде белдесетін палуандардың саны 300 жетіп отыр. Шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Жаханов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, турнирдің бас демеушісі «КазГерМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біріккен кәсіпорны бас директорының орынбасары Айтбай Көшербайұлы мен облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев жайлы естелік айтып, спортшыларға ізгі лебізін білдірді.
Сонымен, турнирдің бірінші күнгі нәтижесінде 1998-2000 жылы туған жасөспірімдер арасындағы 42 кг. салмақта І орынды Оңтүстік Қазақстан облысының палуаны Рсалиев Рахымжан жеңіп алса, 50 кг. салмақта І орын Қырғыстан Республикасынан келген Асикеев Марленге бұйырды. Ал 58 кг. салмақта І орынды Әйтеке би кентінің жас палуаны Сағымбаев Рахат, 69 кг. салмақта І орын Шалқар қаласының спортшысы Айшукенов Жанаділ, 85 кг. салмақта І орынды Досыбаев Дәулет жеңіп алды. Сондай-ақ, 63, 76, 100 салмақ дәрежесіндегі үздіктер де арнайы дипломмен марапатталып, ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: egemen.kz.