2024 жылдың 18-19 қазанында Қазақстанда ең ірі мультилокациялық хакатон – Decentrathon 2.0 өтеді. Іс-шараға еліміздің 17 аймағынан 2 500-ден астам адам қатысады. Олар AI, Blockchain, GameDev және Telegram mini apps бағыттарындағы мәселелерді шешуге атсалысады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Generative Nation қозғалысы жетекшілік ететін іс-шара Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды секілді ірі қалаларда және басқа да аймақтық орталықтарда өтеді. Қатысушылар қомақты ақшалай жүлде үшін бәсекеге түсіп, саланың жетекші компанияларына жобаларын таныстыруға және IT мамандарының жетекшілігімен білім мен практикалық дағдылар алуға мүмкіндік алады.
«Decentrathon – Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын алғашқы ауқымды IT-оқиға. Біздің мақсатамыз өңірлердегі жас таланттарға технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік беру», деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.
BAITC директоры Айдана Қасқырбек айтулы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Өткен жылы біз қатысушыларымыздың керемет әлеуетін көрдік, биыл Қазақстанның барлық өңірінен келген таланттар бізді тағы да жобаларымен таң қалдырады деп күтеміз. Хакатондар елде AI қауымдастығын құруға мүмкіндік береді», деді BAITC директоры Айдана Қасқырбек.