• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
Сұхбат Кеше

Сақтансаң – сақтайды!

30 рет
көрсетілді

Тағдыр тәлкегінен ешкім қашып құтыла алмайды. Әсіресе түрлі апат не өрт болғанда, тіпті денсаулық сыр бергенде қолдағы көк қағазды санап қаламыз. Осы орайда шығынды барынша азайтатын сақтандыру полистері бар. Оны қалай алуға болады? Мән-маңызы, мақсат-міндеті қандай? Көкейдегі сауалдарды сақтандыру агенті, «Halyk-Life» АҚ 9-дирекциясының директоры Сәуле Ахметоваға қойып көрдік.

– Сәуле Қазбекқызы, сақтандыру тетігі қаншалықты қажет?

– Азаматтық кодекстің 820-бабының 1-тармағында «сақтандыру төлемі – сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгіленген мерзім туған кезде сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы» деп көрсетілген.

Кез келген келеңсіздік айтып келмейді. Біз тек салдармен күресеміз не тосыннан келіп тосырқатпас үшін жоспар құрып алдын ала қамданамыз. Міне, осы тұжырым негізінде дүниежүзінде сақтандыру төлемдері жұмыс істейді. Яғни бұл құрал өзіңді және туысыңды күтпеген оқыс жағдайларда болуы мүмкін қаржылық шығындардан қауіпсіздендіруге көмектеседі.

Мәселен, сіз көпқабатты үйде тұрасыз делік, көршіңізден су кетіп, баспанаңызға зиян келді. Міндетті түрде олардан өтемақы талап етесіз. Алайда ымыраға келе алмай немесе сіз айтқан бағаға келіспей, тұрғын ат тонын ала қашуы ықтимал. Осы сәтте үйіңізді сақтандырған болсаңыз, компания арқылы өтемақы алуыңызға мүмкіндік бар. Мұны кез келген бағытта қолдануға болады. Негізі өрттен, тасқыннан, табиғат апатынан, ұрлықтан және тағы сол сияқты келеңсіз жағдайларда сақтандыру тетіктерін пайдаланған тиімдірек.

Көлік жүргізушілеріне де міндетті сақтандырудан бөлек, оқыс оқиға кезінде шығындарды азайтуға болады. Айталық, машинаға бөгде зат құлауы, жарылыс, найзағай түсуі немесе үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен оңтайлы сақтандыра аласыз.

Өміріңіз бен денсаулығыңызды да қауіпсіздендіресіз. Уикипедия тілімен айтсақ, өмірді сақтандыру – тұтынушы мен оның жақындарын Шарттың бүкіл мерзімінде күтпеген жағдайлардың салдарынан материалдық қорғау. Еңбекке жарамсыздық, қандай да бір маңызды жағдайлар, тіпті мезгілсіз өлім құшса да сақтандырудың болғаны көп көмегін тигізеді. Азаматтар бір мезгілде сақтандырып қорғауды және сақтандыру төлемінің кепілдігін ала отырып, қаражат жинақтауға пайдалана алады. Осылайша сақтандыру мен жинақтауды біріктіруге болады.

Мысалы, өмірі сақтандырылған адам қаза болса, сақтандыру компаниясы оның пайдаланушысына жинап үлгерген қаржысын бермейді. Жинақтау мерзімі кезіндегі жинауы керек ақшаны ұсынады.

Сондай-ақ жеке сақтандыру – ірі инвестициялық ресурстарды құруға, экономиканың әртүрлі салаларында маңызды мемлекеттік және коммерциялық жобаларды қаржыландыруға жол ашады. Былайша айтқанда, отандық нарықты қалыптастырудағы бір тетік.

– Елімізде сақтандыру бағдарламаларының қай түрі танымал?

– Бүгінде елімізде 24 сақтандыру компаниясы бар. Оның 9-ы тікелей өмірді сақтандырумен айналысады. Биыл олардың активтері 2,6 трлн теңгеге жетті. Ал компаниялардың жиған сыйақы мөлшері 669,4 млрд теңгені құрайды. Көрсеткішті былтырмен салыстырсақ, 36%-ке артық. Нарыққа шолу жасасақ, жыл басынан бері 10 млн 451 мың жеке және заңды тұлға сақтандыру шартын жасаған екен. Мұны өткен жылмен екшесек, әжептәуір өскенін аңғартады. Басым көпшілігі жазатайым оқиғалардан және өмірді сақтандыру шарттары.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне зер салсақ, отандастарымыз биыл өмірін сақтандыруға 200 млрд теңге қаржы бөлген. Яғни елде өмірін сақтандыратын адамдар саны да, сақтандыру жарнасы өсіп келеді.

Өмірді сақтандыру компанияларының ішінде Қазақстан Халық Банкінің еншілес компаниясы» АҚ 2005 жылы құрылған «Halyk-Life» АҚ-да белгілі бір шарт жасау үшін ең төменгі жарна айына 10 мың теңге. Әрине, қаражат мөлшері азаматтардың мақсаттарына байланысты бекітіледі. Өйткені қазір бағдарламалар көп. Мәселен, Bilim-Life бұл баланың білім алуына арналған жыл сайынғы сыйлықақы түріндегі мемлекеттік қолдаумен өмірді жинақтаушы сақтандыру бағдарламасы. Сыйлықақысы 5%-7%. Отбасыларға арналған әмбебап бағдарлама – «Бәйтерек», ата-анасы мен 15 жасқа дейінгі баласы сақтандырылуы мүмкін отбасылық пакет – Болашақ-Life, өзі үшін жинайтын екінші зейнетақысы, яғни зейнеткерлік жасты күтпей-ақ, қанша алғысы келетінін және бұл төлемдерді қай уақытқа дейін алғысы келетінін өзі таңдайтын Life+Renta бағдарламасы да бар.  

Сондай-ақ ақшасын доллармен жинағысы келетін азаматтар үшін «Қазына» және жуырда 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған «Балам» ерікті сақтандыру полисі іске қосылды. Мәселен, сақтандырылған балалар жарақат алған жағдайда, ем-домды, күтім шығындарын 1 миллион теңгеге дейін өтейді. Оны кез келген ата-ана HalykLife мобильді қосымшасынан әп-сәтте рәсімдейді. Өтемақы үш жұмыс күн ішінде төленеді. Бір артықшылығы бағдарлама кез келген елге шықсаң да қызмет етеді.

– Жалпы сақтандыру төлемін қалай алуға болады?

– Өмірді сақтандыру полисін сатып алу кез келген компанияда оп-оңай рәсімделеді. Мекеме кеңсесіне не сайтына кіріп, электронды өтінімді толтыру арқылы сақтандыру сыйлықақысын төлеп, ізінше шарт жасалады. Жақсы салық жеңілдіктері де бар. Азаматтық кодекске сәйкес, полис сақтандыру құпиясына кепілдік беріледі. Яғни сақтандыру жарнасын уәкілетті органдарға сақтандыру шарты иесінің міндеттемелері бойынша бұғаттауына, сот арқылы тәркілеуіне мүмкіндік жоқ. Тіпті ерлі-зайыптылар арасында неке бұзылған жағдайда да бөлінбейді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»