Өркениет көшіндегі өрелі жұрттың қариясы да қадірлі болатыны рас. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін қазақы таным-түсінікте үлкенді құрметтеп, төрден орын беру – бұлжымас қағида. Мемлекет те қарияларымыздың қамсыз өмір сүруіне барынша жағдай туғызып келеді.
Елімізде жасы жүзден асқандардың саны – 423. Солардың ішінде ең егдесі – Ұлытау облысының тұрғыны. Ол биыл 114 жасқа толыпты. Павлодар, Түркістан облыстарында да 110 жастан асқан қариялар бар. Статистикалық деректерге үңілсек, ұзақ өмір сүретін қариялар еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек екен. Мысалы, Түркістан облысында 100 жастан асқан 64 қария бар. Ұзақ өмір сүретін азаматтардың көрсеткіші жөнінен екінші орында – Алматы қаласы. Қазір қалада 100 жастан асқан көзі тірі 48 қарт кісі тұрады. Үшінші орында – 100 жастан асқан 38 қариясы бар Алматы облысы.
Бүгінде елімізде 2,4 миллионнан аса зейнеткер ғұмыр кешіп жатыр. Қарияларды әлеуметтік қолдау іс-шаралары мемлекеттің назарынан тыс қалған емес. Мемлекет аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғауға, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге басымдық береді. Еліміздің зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға ілгері индекстеледі. Мысалы, биыл 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылардың мөлшері 9%-ға ұлғайды. Әрі ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақының мөлшері артты. Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасымен базалық зейнетақының мөлшері кезең-кезеңімен жылдан-жылға көбейіп отырады.
Биыл қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-дан 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-дан 105%-ға дейін артты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарттарды қолдауға, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыруға қоғамдық өмірге жұмылдыруға ықпалдасады. Бүгін елімізде 92 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмысын үйлестіріп отыр. Осындай орталықтарға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың жалпы сомасы биыл 5,9 млрд теңгеге жеткен. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидатымен үш бағытта жұмыс істейді. Олар белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті, қоғаммен байланысқа назар аударады. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді, белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде бос уақытты жүйелі ұйымдастыруға, қарттардың еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Зейнеткерлер осындай орталықтарда йога, скандинавиялық жүріспен айналысып, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық, кәсіпкерлік курстармен қатар, ағылшын тілі курсына қатыса алады.
Бүгіннен бастап елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Айлық аясында облыс, қала мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау мақсатында түрлі іс-шараларға тартады. Еңбек ұжымдарында кездесу, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерінен бөлек, басқа да аға буын мен жастардың басын қосатын мән-маңызы жоғары кездесулер өтеді. Қарттар күніне орай Астана қаласында, Ақмола (ең төменгі зейнетақы алушыларға), Қарағанды (75 жастан асқан азаматтарға), Павлодар (ең төменгі зейнетақы алушыларға, 80 жастан асқан азаматтарға), Шығыс Қазақстан (90 жастан асқан азаматтарға), Маңғыстау (70 жастан асқан азаматтарға, Түркістан (жалғызбасты зейнеткерлерге, 100 жастан асқан азаматтарға) облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында (70 жастан асқан азаматтарға, мүгедектігі бар адамдарға) 235,8 мың адамды қамти отырып, жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндігін ескере отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт кісілерді әлеуметтік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалыпты (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 11,8 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,6 млрд теңге). Оның ішінде азық-түлік жиынтығын ұсынуға, жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, тіс протездеуге, санаторийлік-курорттық емшараға, тұрғын үйді жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге, жеңілдікпен жол жүруге, басқа да көмекке қаражат берілген.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған ақпаратқа назар аударсақ, зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем 33 817 теңгені құрапты. Ал зейнеткерге аударылатын ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы – 945 752 теңге. Биыл қыркүйекке дейінгі мерзімді қоса алғанда отандастардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарындағы зейнетақы активтері 20,9 трлн теңгеден асқан. Жыл басынан бергі 8 ай ішінде 3 трлн теңгеге жетіп, 17 пайыз өскен. Зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі – 4,1 трлн теңгені құрайды. Жинақтардың 96,25 пайыз мөлшері Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтары – 627 млрд теңгеге жетсе, ерікті зейнетақы жарналары жөніндегі жинақтар 7 млрд теңгеге өскен.
1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары түсіп жатыр. Қыркүйекке дейін жұмыс берушілерден түскен зейнетақы жинақтары – 148,9 млрд теңгеге жеткен. Жинақ көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. Қаңтар-тамыз аралығында салымшылардың шоттарына түскен зейнетақы жарналары шамамен 1,78 трлн теңге болған. Өсім былтырмен салыстырғанда 406,01 млрд теңгеге артық. БЖЗҚ салымшыларының жеке, шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері 1,9 трлн теңгені құраған.
8 айда БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түріне жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түріндегі шығыс ағындары 740 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі төлемдердің көлемінен 2 есе көп. Мысалы, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері – 322,6 млрд теңге. Ал зейнет жасына толуына байланысты төлемдер шамамен 130,6 млрд теңге. Бұл былтырғы көрсеткіштен 26 пайыз жоғары болып тұр. Мүгедектігі бар азаматтардың төлемі 2 млрд теңгеден асса, сақтандыру ұйымдарына 212 млрд теңгеден астам сома аударылған. Елімізде зейнетақы жүйесінің базалық, ортақ, жинақтаушы деп аталатын үш деңгейі бар. Мұның ішінде базалық, ортақ бөліктерді мемлекет республикалық бюджет есебінен төлейді. Базалық зейнетақыны зейнет жасына толған барлық зейнеткер алады. Бірақ оның көлемі 1998 жылға дейінгі еңбек, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Биыл базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге болған. Егер азамат жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 30 жыл, одан көп уақыт қатысқан болса, оған ең жоғарғы 45 578 теңге мөлшеріндегі базалық зейнетақы тағайындалады.
Ортақ зейнетақы төлемінің мөлшері еңбек өтілімен айқындалады. Оны 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі кемінде алты айды құрайтын адамдар алады. Әрі зейнетақы есептелген кезде азаматтың үш жыл қатарынан орташа айлық табысы ескеріледі.
Зейнетақы төлемінің мөлшері азаматтар аударатын зейнетақы жарналарының тұрақтылығына, мөлшеріне, сондай-ақ осы зейнетақы жарналарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялаудан түсетін кіріске тікелей байланысты. Міндетті зейнетақы жарналарын заңды, жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шағын бизнес субъектілері, шаруа қожалықтары, шетелдерде жұмыс істейтін ел азаматтары төлейді. Оның мөлшері айлық табыстың 10 пайызы көлемінде. Тағы бір айта кететін жайт, еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде жұмыс істейтін азаматтардың пайдасына 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары белгіленгенін білетін боларсыздар. Сосын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары жылдың басында енгізілді. Жарнаның бұл түрін жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 1975 жылы, одан кейін туған азаматтардың пайдасына аударып отырады. Биыл оның мөлшері қызметкер табысының 1,5 пайызын құраса, 2028 жылға дейін біртіндеп 5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Яғни зейнет жасына дейін түрлі салада аянбай еңбек етіп, елдің экономикалық дамуына үлес қосқан қариялар еңбегіне қарай жоғары зейнетақысын алады, әлеуметтік қолдаудан да қалыс қалмайды.