Астана – еліміздің қарымды күш-қуатының, динамикалық дамуының көрінісі, сан салалы бағдарламаларды жүзеге асырудың бастау көзі, берік іргетасы. Сайын дала төсінде кеңінен қанат жайған елорда жаңа Қазақстанды құрудың негізі, ізгі ниет пен игі тілектің қаласы. Қарқынды құрылыс жұмыстарымен қатар, тұрғындар саны да жыл санап артып келе жатқан бас қаланың еңбек нарығында алатын орны да ерекше.
Географиялық тұрғыда елдің ортасында, қолайлы орналасуы елорданы ішкі-сыртқы саясат тұрғысынан барынша ұтымды әлеуметтік-экономикалық аймаққа, қоғам өмірінің бар саласы тоғысқан руханият орталығына, Еуропа мен Азия құрлықтары арасындағы дәнекер, транзиттік көпірге айналдырды. Астананы елдің бір қиырынан орталық бөлікке ауыстыру өңірдің ғана емес, тұтастай еліміздің жан-жақты дамуына қуатты серпін берді. Қала құрылысының қарқынды дамуы инвестицияға тартымды, оралымды болды. Кейінгі жылдарғы Астананың елге тартылған инвестициялар көлеміндегі үлесі шамамен 10 пайызға тең, ал республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 11 пайыздан асады. Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс, құрылыс салалары.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметіне сүйенсек, елорда халыққа қызмет көрсету, қалыпты тіршілікті қамтамасыз ету мақсатында 148 жоспарлы секторға бөлінген. Жоспарлы сектор – бірнеше тұрғын үй орамынан тұратын ірі қалалық аумақ. Сектордың басты қағидаты – жалпы білім беру мектептерінің, балабақшалардың жаяу баратын жерде болуы, балалардың көлік қозғалысы қарқынды жалпы қалалық магистральдарды кесіп өтуіне жол бермеу, қала тұрғындарын, оның ішінде балалар мен қарттарды, тұрғындардың қозғалысы шектеулі топтарды қауіпсіз жаяу баратындай радиуста қызмет көрсету мекемелерімен қамтамасыз ету. Жалпы секторлар аумағы – көпшілікке жақсы таныс шағын аудандар, тұрғын үй кешендері. Бірақ олар енді ірілендіріліп, күнделікті өмірдің қазіргі заманауи жағдайына бейімделеді. Бұл іс-шаралар қаланың барлық жоспарлы секторында тұруды қолайлы етеді.
Өткен жылы Астана еліміздің бас қаласы ретінде қалыптасудың ширек ғасырлық жолын еңсерді. Осы кезең ішінде қаланың аумағы 3 есеге, салынған тұрғын үй көлемі 20 есеге жуық ұлғайып, халық саны 4 еседен астам өсті. Бүгінгі Астана – қуатты демографиялық әлеуеті, 1,5 миллионға жуық тұрғыны бар мегаполис. 2030 жылға қарай халық саны 2 млн адамға жетіп, ал 2050 жылға қарай 3 млн-нан асады деген болжам бар.
Мемлекет басшысы Астананы креативті адамдар, зиялы қауым өкілдері, дарынды жастар, сондай-ақ туристер мен шетелдік инвесторлар тартылатын негізгі орталық болатын жаһандық қалаға айналдыру туралы нақты міндет қойды. Осы орайда елорданы заманауи қала ретінде дамыту бірнеше негізгі бағытта жүргізіледі деп жоспарланған. Ең бастысы – адами даму. Қаланың басты капиталы – оның тұрғындары. Түрлі салаларға білікті мамандарды көптеп тарту, олардың шаһарда орнығуына жан-жақты жағдай жасау мақсатында қаланың тыныс-тіршілігінің өмір сүруге барынша ыңғайлы етіп қалыптастыру мен дамытудың маңызы ерекше. Оның негізгі алғышарттары – қолжетімді сапалы баспана, денсаулық сақтау, білім беру салаларының жоғары сапасы, қоршаған ортаның, қоғамдық көліктің қауіпсіздігі.
Қазірде қала экономикасының жартысынан артық бөлігі шағын, орта бизнес есебінен қалыптасып отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елордада он мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Кейінгі жылдар ішінде ғана олардың саны бірнеше есе өсті. Әрбір үшінші астаналық кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Бюджетке түсетін салық түсімінің жартысынан көбі – шағын, орта бизнестің салықтары. Бүгінде Астана мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналып үлгерді.
Тұрақты жұмыс, қомақты табыстың бірден-бір көзі саналатын кәсіпкерлікке, шағын бизнес өкілдеріне қолайлы, бәсекелі бизнес ортаны құруға көбінесе мемлекеттік қолдау құралдары көмектеседі. 2010 жылдан бері «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылып келеді. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне шағын несие беру арқылы, «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзге жуық жоба қаржыландырылды. Қала құрылысында тынбай еңбек етіп жүрген құрыш қолды шеберлер, абаттандыру, тазалықты сақтау саласында жұмыс істейтін тұрғындарды қолдау мақсатындағы түрлі бағдарламаларды іске асырудың әлеуметтік-экономикалық нәтижесі – аталған салада жүрген еңбеккерлердің қатары жыл санап артып келеді. Өнімді жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында кейінгі бес жыл мұғдарында 10 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарына сәйкес белсенді шаралармен 30 мыңға жуық адам қамтылды.
Елордада жыл сайын жоғары технологиялық экспортқа бағдарланған түрлі кәсіпорындар, мекемелер, сауда орындары, руханият ошақтары, сондай-ақ мектеп, балабақшалар көптеп ашылып жатыр. Мұндай жаңа, жарқын ғимараттарда, озық үлгілі өндіріс орындарында алаңсыз қызмет жасауға, еңбек етуге құлшынып, бас қалаға бет түзеген адамдардың қатары да соншалықты мол. Сол тұрғыда Астана ең төменгі жұмыссыздық деңгейі жөнінен елімізде көш бастап тұр: бұл көрсеткіш республикалық көрсеткіштен 0,3% тармаққа төмен. Қанша дегенмен, қайнап жатқан тыныс-тіршілігіне сай, мұнда қызмет, жұмысшылар іздеушілер ағыны да бір сәт толастаған емес. Бұл мәселе қала әкімдігінің қашанда назарында. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тұрғындардың жұмыспен қамтылуына қатысты мониторинг жүргізіп тұрады. Жұмыспен қамту орталығы тұрақты негізде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп отырады. Кейінгі жылдары ақпараттық технологиялардың қауырт дамуына байланысты мұндай шаралар онлайн форматта, электрондық негізде де ұйымдастырыла беретін болды. Жұмыс іздегендер мамандығына қарай әлеуетті мекеме-кәсіпорындардың сайттарына өтініш жолдайды. Әлеуметтік желі арқылы жұмыс берушілердің негізгі еңбек жағдайлары мен бос жұмыс орындары туралы мәліметке қанығады.
«Бос жұмыс орнына қызығушылық танытқандар дереу мекеме-кәсіпорынның байланыс ақпаратын жазып алуына, пікір қалдыруына болады немесе жұмыспен қамту орталығына хабарласса, олар қажетті деректерді табуға көмектеседі», деп мәлімдеді жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл бөлімінің мамандары.
Айта кетейік, бүгінде Астана қаласындағы еңбек нарығында ең көп сұранысқа ие құрылыс, сауда, тамақ, денсаулық сақтау салаларының мамандары. Сұранысқа ие мамандықтар қатарында жұмысшылар, монтажшылар, бригадирлер, кірпіш қалаушылар, арматурашылар, кассирлер, сатушылар, санитарлар да бар. «Тұрғындар өз қалауына орай жұмыс таба алады, оның ішінде жартылай жұмыс күні де бар», деп түсіндірді Жұмыспен қамту орталығының мамандары.
Қорыта келгенде, Астана елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барометрі ретінде еңбек нарығында, халықты жұмыспен қамту мәселесінде де негізгі сұраныс көзі болып қала береді.