• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Қазан, 2024

Аргентинаға әліміз жетпеді

61 рет
көрсетілді

Футзалдан Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алған командалар толықтай анықталды. Өкінішке қарай, олардың қатарында ел құрамасы жоқ. Осыған дейін өрелі ойын өрнегі, керемет тактикалық даярлығы және техникалық арсеналымен көзге түскен Рикардо Каканың шәкірттері ширек финалдық сайыста Аргентинадан ойсырай ұтылды.

Оңтүстік Американың оғландары 2016 жылы Колумбияда әлем чемпионы атанды. Шешуші тұста олар Ресейден 5:4 есебімен басым түсті. 2021 жылы Литвада ұйым­дастырылған әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Финалда 1:2 есебімен Португалияға есе жі­берді. Америка кубогінде 13 рет (3 алтын, 7 күміс, 3 қола) жеңіс тұ­ғырына көтерілді.

Аргентиналықтармен Қазақ­стан құрамасы үш рет кездесті. 2016 жылы Колумбиядағы дү­ниежүзілік доданың топтық тур­нирінде бәсеке тағдырын Ала­миро Вапораки соққан жалғыз гол шешті – 1:0. Келесі жылы Бангкоктағы «Ко­роль кубогі» жо­лындағы жарыс­та жо­лымыз қайта қиысты. Бұл жолы тең та­растық – 0:0. Биыл 8 қыр­күйек­те Алматыдағы Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайында жол­дастық кездесу өткіздік. Бұл матч 3:2 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.

Ташкентте өткен бәсекені тамашалау үшін «Хумо Аренаға» 12 000 көрермен жиналды. Бұл кешен дәл осынша адамды ғана сыйдыра алады. Яғни барлық билет сатылып кеткен. Бұған дейінгі осы жарыстағы бірде-бір матч дәл осынша жанкүйерді жинамаған еді. Солардың барлығы Қазақстан құрамасына қолдау көрсетті деп айтсақ, еш қателеспейміз. Тек бір-екі жерде ғана Аргентинаның туы жылт еткені болмаса, сол кеште «Хумо Аренада» қазақтың көк байрағы көздің жауын алды.

Кездесудің алғашқы минуттарында Рикардо Кака алаңға Игита, Ақжол Дәрібай, Лео, Дәурен Тұрсағұлов және Дугласты шығарды. Аргентинада да бес сер­кесіне сенім артты. Бірінші кезең алма-кезек шабуылмен өткенімен, есеп ашылмады. Үзілістен кейін бәрі 180 пайызға өзгерді. Екінші тайм басталғанына 1 минут 59 секунд өткенде Матиас Роза есеп ашты – 1:0. Арада бес минут өткеннен кейін Шыңғыс Есенаманов допты артқа бермекші болып оны Игитадан асырып жіберді де, өз қақпамыздың баға­насына тигізді. Сол кезде алғырлық танытқан Анхель Клау­дино екінші голды соқты – 2:0. Көп ұзамай Арнольд Кнауп допты қол­­мен тоқтатып, төреші пенальти бел­гіледі. Қолайлы нүктеден Кевин Арриета мүлт кеткен жоқ – 3:0. Содан кейін-ақ Қазақстан футзал­шыларының ойынынан береке кетті. Олар Игитаны алмастырып, алаңға тағы бір ойыншы шығарып әлек болды. 32 минутта Себастьян Корсо допты бос қақпаға бағыттады – 4:0. Әйтеуір ретін тауып, Дәурен Тұрсағұлов бір голды өз еншісіне жазды – 4:1. Бірақ онымен аргентиналықтар тоқтап қалған жоқ. 34-минутта Лукас Боло-Алемани мергендік танытты – 5:1. 36 минутта ережені өрес­кел бұзғаны үшін Тұрсағұлов алаң­нан қуылып, пенальтиді Кевин Арриета сәтті орындады – 6:1. Сөй­тіп, Қазақстан құрамасының әлем чем­­пионатындағы жорығы аяқталды.

Жартылай финалда Аргентина Франциямен күш сынасады. Ширек финалда француздар Параг­вайды (2:1) ұтты. Сондай-ақ екінші жартылай финалда Бра­зилия мен Украина командалары ойнайды. Бұл бәсекелер 2, 3 қазанда өтеді. Бразилиялықтар Мароккодан (3:1) басым түссе, украиналықтар Венесуэланың (9:4) тас-талқанын шығарды.