3-5 қазан аралығында Астанадағы «Барыс Аренада» мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді.
Денис Тен – ел спорты тарихында өшпес із қалдырған ерен тұлға. 1993 жылғы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген ол балауса шағынан спорттың осы түрін серік етті. Өз қатарластарының алды болып, ересектер дуына еркін қосылды. 2010 жылы 16 жасында Ванкуверде алауы тұтанған қысқы Олимпия ойындарына қатысты. Үйеңкі жапырақтар еліндегі жарысты жас дарын 11-орынмен қорытындылады. Әр жылдары Николай Морозов, Фрэнк Кэролл, Рафаэль Арутунян, Елена Буянова, Татьяна Тарасова сынды атақтары алысқа жайылған майталман мамандардан тәлім-тәрбие алған Денис көптеген белесті бағындырды. Атап айтсақ, Азия ойында-рының жеңімпазы (2011), әлем чемпионатының күміс (2013), қола (2015) жүлдегері, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері (2014), Төрт құрлық чемпионаты (2015) мен Дүниежүзілік универсиаданың (2016) жеңімпазы атанды. Денис Тенге дейін бірде-бір мәнерлеп сырғанаушымыз дәл осындай орасан зор жетістікке жетпеген еді.
Денис Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында қазақ елінің әнұранын шырқатып, туын биікте желбіретуді армандады. Сол мақсатына жету жолында жатпай-тұрмай даярланды. Бірақ 2018 жылғы 19 шілдеде Алматының қақ ортасында әйгілі спортшы қапияда қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Ол небәрі 25 жаста еді...
Жыл сайын елімізде Денис Тенді еске алуға арналған түрлі шаралар үздіксіз ұйымдастырылып тұрады. Солардың бірі – осы турнир. Биыл Астанада өтетін додаға 31 мемлекеттен келген 120-дан аса спортшы қатысады. Солардың арасында Диас Жиренбаев (Қазақстан), Даниэль Грассль (Италия), Анастасия Губанова (Грузия), Стар Эндрюс (АҚШ), Алекса Ракич (Канада), Йе Куан мен Ханна Лим (Оңтүстік Корея) сынды саңлақтар бар.