2-6 қазан күндері Тәжікстанның астанасы – Душанбеде дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Бұл жарыста 67 мемлекеттен келген 574 балуан бақ сынайды. Солардың қатарында еліміздің 18 жас өрені бар.
Памир тауының етегінде өтетін додада еліміздің жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ермек Иманбеков мына шәкірттеріне сенім артты: Ұлдар – Талғат Орынбасар, Алдияр Қарғұлов (60 кг), Ақылжан Жұбатқанов, Мағжан Әлжанов (66 кг), Әділет Алмат (73 кг), Азат Күмісбай (81 кг), Досбол Балғабай (81 кг), Асқар Біржанов (90 кг), Жантілек Нұртілепұлы (+100 кг), Шерхан Алпанов (+100 кг, командалық сайыста). Қыздар – Сабина Юлдашбекова, Тәсним Әбдуәли (48 кг), Аяулым Қайрат, Аружан Ережепова (52 кг), Дана Әбдірова (57 кг), Көркем Орымбек (63 кг), Ажар Асхат (70 кг), Диана Телбаева (78 кг), Руслана Мақатова (+78 кг). Қыздардың 78 кг, ұлдардың 100 кг салмақ дәрежелерінде балуандарымыз қатыспайды. Себебі бұл салмақтардағы спортшыларымыз осал. Сол себепті де бапкерлер байрақты бәсекеге ешкімді қоспауды құп көрді.
– Қазіргі кезде дзюдо күресі әлемнің көптеген мемлекетінде қарқынды дамып жатыр. Алпауыттарды айтпағанда, іргеміздегі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан балуандарын ұтудың өзі оңай шаруа емес. Сол себепті команда сапына кіл күштілерді іріктеп алып, дайындық жұмысын тыңғылықты жүргіздік. Әлем біріншілігіне даярлық жұмысы үш кезеңді құрады. Алғашында Қырғызстанның Ыстықкөл өңірінде жиналдық. Одан кейін Түркістан облысындағы «Алма-тау» базасында шынықтық. Ал соңғы дайындығымызды Алматыда пысықтадық. Енді Душанбедегі додада жасөспірімдер жасындай жарқылдап, жеңіс тұғырына көтерілу үшін еш аянып қалмайды, – дейді Ермек Иманбеков.