• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 02 Қазан, 2024

Баукеңнің Гданьск музейіндегі мүштігі

221 рет
көрсетілді

Польшаның Гданьск қаласының музейінде қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына Сталин сыйлаған мүштік тұрғанын естіп, таңғалдық. Ал хабарды жеткізген ауылдасымыз Әбілқайыр Мұстафин «суретін жіберемін, астында поляк және ағылшын тілдерінде жазылған түсінік сөз бар» дегенде, нанбасымызға болмады.

Әбекең кешікпей мүштіктің суретін жіберді. Оның астында шынында поляк және ағылшын тілдерінде сөздер бар екен. Оны қазақшаға аударсақ, мағынасы төмендегідей: «Кеңес басшысы бұл мүштікті 1941 жылдың қысында Мәскеуді қорғауда ерлік көрсеткен қазақ полковнигі Бауыржан Момышұлына сыйлаған».

Демек Әбілқайыр Мұстафиннің сөз­дері рас болып шықты. Ендеше, бұл кө­зі­нің тірісінде-ақ батыр атанған, кейін Кеңес Одағының батыры атағын алған Бауыржан Момышұлының даңқын арттыра түсетін баға жетпес құнды дерек.

Осы арада Әбілқайыр Мұстафиннің кім екенін де таныстыра кетелік. ҚазМУ-дың заң факультетін бітіріп, Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл ауданы­ның орталығы Явленка селосында көп жылдан бері нотариус болып қызмет ат­қарады. Әкесі Балтабек Мұстафин – мар­құм ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан, Бер­линді алғандағы ерлігі үшін «Қызыл жұл­дыз» орденімен наг­радталған. Ұзақ жылдар бойы туған ауы­лы Тау­ағаштың басқарушысы болып, ел-жұрт­тың құрметіне бөленген жан. Әбіл­қайырдың қызы мен күйеу баласы қазір Польшада тұрады екен. Қызы Баян Вар­шаваның бір фирмасында Шығыс Еуропа департаментінің директоры көрінеді. Ке­зінде бұл фирманың Мәскеуде де филиалы болып, Баян сонда қаржы директоры болыпты. Филиал жабылған соң Поль­шаға қоныс ауда­рады. Күйеу баласы да сондағы бір фирмада қызметкер. «2022 жылдың тамыз айында бәйбішем екеуміз Польшаға дем алуға бардық. Варшава қаласын оған дейін де көргенбіз, сондықтан Гданьск қаласына да барып қайтайық деп шеш­тік. Өйткені бұл – тарихи қала. ІІ Дү­ние­­жүзілік соғысқа арналған орталық музейі өте бай екен. Асықпай аралап жүр­генімізде, көзіміз осы экспонатқа түс­ті. Баян оның астындағы жазуды оқып, айғай­лап жіберуге шақ қалды. «Қазақ», «Бауыржан Момышұлы» деген сөздер кө­зімізге оттай басылды. Музейде фотоға түсіруге рұқсат жоқ, алайда біз телефонымызбен түсіріп алдық. Ал «бұл сурет сіз­дерге қашан келді, кім берді?» деп сұрайтындай қасымызда еш қызметкер болмады», деді ол.

Гданьск қаласы туралы айта кетер бол­сақ, бұл шаһардың тарихы тым алыс­қа ке­теді. Халық саны жөнінен алтыншы орын алса да, өзінен әлдеқайда үлкен қалалар­ға қарағанда атақты. Мысалы, халық саны бойынша үшінші орын алатын Лодзьді көп адам білмесе де, Гданьскіні білмейтін адам жоқ.

Тарихы V ғасырдан басталатын қаланы 1308 жылы Тевтон ордені (немістер) ба­сып алып, Пруссияның құ­ра­мына қо­сып, атауын Данциг деп өз­гер­теді. 1466 жылы Польша әскерлері 13 жылдық соғыс­та Тевтон орденін тал­қандап, Гдань­скіні өзіне қайтарады. Осы кезден қала айрықша мәртебе иеле­ніп, Балтық те­ңізіндегі үлкен портқа айна­ла бастайды. 1569-1795 жылдары пат­ша­лық құрған Речь Посполита одақтас мем­лекетінің құрамында болып, бұл одақ Аустрия, Пруссия және Ресейдің шап­­қыншылығынан ыдырағанда ­Гданьск Пруссияның қара­мағына беріліп, қайтадан Данциг аталады. Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Вер­саль бейбіт келісімі бойынша Данциг Ұлттар лигасының басқаруындағы еркін қала мәртебесін алған. Алайда іргелес жер көлемі Польшаға қарайтын. Сол жылдарда Данцигтің жергілікті тұрғындары арасында басым бөлігін немістер құрайды. Шығыс Пруссияға Германиядан «Данциг дәлізі» арқылы ғана қатынауға болатын. Шығыс Пруссияның өзі Германияның бір пұшпағы, оның орталығы Кенигсберг (қазіргі Калининград) қаласы.

1939 жылдың 1 қыр­кү­йе­гінде жария­ланған ІІ Дүние­жүзілік соғыс нақ осы жерде басталады. Күше­йіп алған Германия Польша­дан Шығыс Пруссияға бару жолында тұрған Гданьск қаласын толығымен өзіне қайтаруды талап етеді. Поль­ша оған көнбегендіктен, Германия соғыс ашады. 7-қыр­күйекте Германия Гданьскіні толығымен өзіне қаратады. ІІ Дүниежүзі­лік соғыста Германия басып алған ең бірін­ші қала – осы. Ол неміс басқыншыларынан тек 1945 жылдың наурыз айында ғана Қызыл армияның күшімен босатылып, Гданьск атауы қайтарылды. Ал неміс тұр­ғындары қаладан депортацияланады.

Бауыржан Момышұлы соғысты 9-гвар­диялық дивизияның командирі бо­лып Балтық бойында аяқтаған.  «Ақиқат пен аңыз» еңбегінде Әзілхан Нұршайы­қов оның командирлікке тағайындалғаны ­туралы АГ-00 001 сериялы №52 374 куә­лік берілгенін атап көрсетеді (Ақиқат ­пен аңыз., Алматы: «Жазушы», ­1978, 300 б).

9-дивизияның командирлері тізі­мін көрсеткен Уикипедияның анық­тамалығында да оның 1945 жылдың 28 қаң­тарынан осы жылдың күзіне дейін ком­див болғаны көрсетілген. Дивизия Кур­ляндия жерінде орналасады. Бұл Латвия республикасының батысындағы жер атауы, ең үлкен қаласы – Лиепая. Диви­зия тарағанша штабы сонда болған. Бос уақытында, мүмкіншілік барында 35 жастағы полковник Бауыржан Момышұлы сол маңды аралап, қыдыруы мүмкін ғой. Ал Лиепая мен Гданьскінің арасы автомобильмен 400 шақырымдай, Балтық теңізі бойымен кемемен барса, 280 шақырым ғана. Екеуі де портты қала. Баукең ІІ Дүниежүзілік қырғынның басталған жері Гданьскіні көруге де барған болуы керек. Осы сапарының бірінде ол өзінің мүштігін Гданьскі музейіне сыйлауы мүмкін... Егер өзі сыйламаса басқа кім сыйлайды?

Ең бастысы, Баукең мүштікті Ста­линнің өзінен алған. Демек, ол бас қол­басшының қабылдауында болған. Егер Сталиннің өзі сыйламаса, Баукең «маған Сталиннің өзі берген мүштік» деп мақтанатын кісі емес екені белгілі.

Сондықтан бұл мүштік болашақ зерт­теушілердің алдына үлкен мәселе қойып отыр. Олар Баукеңнің Сталин алдына қашан және қалай, қандай жағдайға байланысты барғанын анықтауы керек. Анау-мынауға мән бермейтін Сталин оны не себеппен қабылдаған? Мәскеу түбіндегі шайқаста Баукең аға лейтенант қана болды, мұндай кіші офицерді қабылдауға Сталиннің уақыты да жоқ қой. Әлде ол «Волоколамск тас жолы» кітабын оқып, тәнті болған соң Бауыржан Момышұлын көргісі келді ме екен? Бауыржантанушы зерттеушілердің алдында осындай сұрақ­тар тұр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы