Ұлттық статистика бюросының кейінгі дерегіне сәйкес, ел жастарының 46 пайызында жоғары білім бар. Ал 48 пайызы техникалық кәсіптік білімді игерген. Бұған қоса, сарапшылар қазір 35-ке дейінгі азаматтардың көпшілігі көтерме және бөлшек сауда, автокөлік жөндеу саласында қызмет ететінін айтады. Сонда білім жүйесі экономиканың нақты қажеттіліктерін әлі де толыққанды өтей алмай отыр ма? Бұған не себеп?
Бүгінде жастар жұмыссыздығы – әлем елдерінің бәріне ортақ проблема. Мәселен, 13 миллион еуропалық жас «екі қолға – бір күрек» таппай сенделіп жүр. Олар, әсіресе, Испания мен Грекияда көп көрінеді. Араб және Африка елдерінде әр үшінші азамат масылға айналған. Бұл аймақтарда жоғары оқу орнын бітірген, табақтай дипломы барлар жұмыс таппай әлек.
Оңтүстік-Шығыс Азияда жастардың 25%-дан астамы бос жүр. Ал Қытайда жұмыссыз жас қатары енді артуы ықтимал. Өйткені жақында «The Wall Street Journal» басылымы 12 миллион қытайлық жоғары оқу орнын бітіретінін, кейін оларға жұмыс табу қиындайтынын жазған.
Халық санынан көшбасшы мемлекет Үндістанда да 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтардың жұмыссыздық көрсеткіші 45,5%-ды құрап тұр. Мұнда ақпараттық технология мамандығына ие өрендер де жұмыссыз. Былтырғы есеп бойынша IT мамандарын жұмысқа орналастыру деңгейі 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ға төмендепті. Таиландта да ахуал күрделі.
Бізде де жағдай мәз емес. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,2%-ды құраған. Әйтсе де биыл еңбекке араласқан азаматтар саны 1,8%-ға өскен. Жұмыспен қамтылған жастардың жас құрамын қарастырсақ, өткен жыл қорытындысы бойынша негізгі үлес, яғни 50,4%-ы – 29-34 жас тобы аралығындағыларға тиесілі. Басым бөлігі сауда, білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында істейді.
– Еліміздегі ресми жұмыссыздық көрӨсеткіші бірнеше жылдан бері айтарлықтай өзгерген жоқ. Шамамен – 4,7%. Десе де, туу деңгейі мен жас азаматтардың үлесі арта береді. Демек, оларға лайықты жұмыс орындарын қамдау маңызды. Жастар – ел экономикасын дамытатын негізгі күш. Екінші жағынан олардың да өзіндік талап-тілегі, сұранысы бар. Қазір 35 жасқа дейінгілердің 3,2%-ы бос жүр. Енді экономиканың одан әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін еңбек нарығындағы жағдайды реттеп, жас буын арасында белсенді шаралар қабылдау қажет. Негізі еңбек биржасында 220 мыңнан аса бос жұмыс орны тұр. Бірақ жұмыс іздеушілер саны 280 мыңға жуықтағанын ескеру керек, – дейді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде жұмысшы мамандарына қажеттілік 2030 жылға қарай 410,6 мың адамға жететінін хабарлапты. Биылдың өзінде 52,7 мың маман жетіспейді екен. Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтарға тоқталсақ, 88,1 мың жүк көліктерінің жүргізушісі мен такси жүргізушісі, 18 мың дәнекерлеуші, 13,4 мың құрылысшы-монтажшы, құрылысшы-әрлеуші, суретші, 13,2 мың сантехник, 12,4 мың фермер мен аралас өнімдерді өндіру бойынша жұмысшы, 11,2 мың сылақшы, 11 мың тракторшы, 8,2 мың өнеркәсіптік жабдықтардың слесары – қажетті мамандар қатарында.
Негізі мәселенің түйінін тарқатуда мемлекет тарапынан кешенді жоспар құрылып, бірқатар бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, кез келген оқу ордаларының түлектеріне оқыған мамандығы бойынша тәжірибе жинақтау үшін «Жастар тәжірибесі» іске қосылған. Бұған қоса «Жасыл ел», «Серпін», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар – ел тірегі» бағдарламалары да жастарға жұмысқа орналасып кетуіне үлкен мүмкіндік береді.
Асылайым Қайратова Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетінде «психолог» мамандығы бойынша білім алған. Жоғары оқу орнын аяқтай сала, Түркістанға келіп, «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасыпты.
– Оқу бітірген жас мамандардың көпшілігі бірден еңбекке араласып кетпейді. Жұмыс берушілердің біреуі еңбек өтілін талап етсе, белді компаниялар танысың болмаса қиын екенін білдіреді. Осылай қаншама жас жұмыс таппай жүр. Ал «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалар жөнінде көбі әлі күнге дейін біле бермейді. Мен мұны Жастар ресурстық орталығы мамандарынан естідім. Кейін жұмыспен қамту орталығына барып, керекті құжаттарымды тапсырдым. Бірер күнде-ақ жақсы хабар келді, – дейді жас маман.
«Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының биылғы дерегіне сүйенсек, респонденттердің 38,8%-ы – «Жастар практикасы», 34,6%-ы – «Жасыл ел», 54,8%-ы – «Zhas project», 29,4%-ы – «Дипломмен – ауылға!», 46,6%-ы – «Жас кәсіпкер», 54,3%-ы Президенттік жастар кадрлық резервінен бейхабар екенін көрсеткен.
Бағдарламалардың жемісін көріп отырғандар қатары аз деуге болады. Осы орайда «Жастар неге жұмыссыз жүр? Олардың атаулы бағдарламаларды тиімді пайдалана алмауының себебі неде?» деген сауал туындайды.
– Меніңше, басты себеп – жастардың жалқаулығы. Қазір 35-ке дейінгі азаматтарға сан алуан мамандық бар. Жұмыспен қамту орталықтары кәсіптік мамандықтар бойынша еңбекке араласуға мүмкіндік ұсынып жатыр. Алайда құлықсыздық танытып жатады. Кейбіреуі айлықтың аздығын сылтауратып, ұсынған жұмысты керек қылмайды. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың маңызы мен мүмкіндігін де жиі басқосуларда, форумдарда, жиындарда түсіндіреміз, бірақ ден қойып жатқандар аз, – дейді «Қазақстанның медициналық волонтерлері» бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәш.
Сондай-ақ отандық сарапшылар еліміздегі жоғары білімнің бірнеше маңызды аспектісіне қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Олар еңбек нарығына талдау мен зерттеулердің болмауы биылғы білім бағдарламаларының экономиканың нақты қажеттіліктерін өтемеуі мүмкін екенін айтады. Сол сияқты оқытушылар құрамының сапасы да көңіл көншітпейді деп отыр.
– Бізде еңбек нарығына қатысты сараптамалық зерттеулер болмай тұр. Маман даярлайтын жоғары оқу орындарында жақсы оқытушылық құрам да жоқ. Жастарды шетелдерге оқуға жібере отырып, неге екені белгісіз, біз олар қайтып келгеннен кейін өзгеріс болады деп ойлаймыз. Бірақ бұл – утопия. Олар осындағы нарық пен қатынасты білмейді. Шетелде оқып жатқан студенттерден өзгеріс күтіп отырмай, жергілікті жерлерде кадр дайындауды жақсартуға екпін салу қажет. Ортаны өзгертіп, кадрларды Қазақстанда өсіруге белсене кіріспейінше, елдегі ЖОО-лары экономиканың маңызды компоненттерін толық қамтамасыз ететініне күмән бар, – дейді «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк.
«Astana Media Week»-тің екінші күніндегі панельдік сессиялардың бірінде бір ғана журналистика саласындағы мамандарды даярлайтын оқу орындарының білім беру жүйесіне сын таққан. Қатысушылар түлеп ұшқан түлектердің білім-білігі еңбек нарығындағы сұранысқа сай емес деген ой қозғады. Тіпті оқу құралдарының ескіргенін тілге тиек етті.
– Түлектер динамикалық әрі бәсекелес еңбек нарығына дайын болу үшін практикалық дағдыларды дамыту, сандық сауаттылық пен кәсіпкерлік ойлауға назар аудару қажет. Бұған қоса университеттерге теориялық білімі мен практикалық білігі ұштасқан кәсіби мамандарды көбірек тарту керек, – дейді «Тараз 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова.
Демек еңбек нарығының қазіргі сұраныс-қажеттіліктері білім беру жүйесі алдына үлкен талаптар қойып отыр. Әйтпесе дипломдары сандықта шаң басып жатқан жастар жетерлік.
– Қазір екі-үш жыл оқитын мамандықтарды жыл ішінде оқып алуға болады. Кей сала, бағытта университетте төрт жыл уақытыңды зая кетіріп те қажет емес. Түлектердің мамандықтары еңбек нарығының нақты талаптарына сай болуы үшін, жұмыс берушілермен әлі де тығыз байланыс орнату керек әрі білім беру бағдарламаларын жаңартып отыру қажет. Яғни барынша икемді болу маңызды. Қазір сыни ойлау, шығармашылық, коммуникация, командада жұмыс істеу дағдылары барынша сұранысқа ие болып келеді. Бұл дағдыларды дамыту үшін университеттерде қосымша курстар, семинарлар мен тренингтер өткізген абзал. Себебі мамандардың жұмысқа орналасу деңгейі білім сапасының шешуші көрсеткіші болып саналады, – дейді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әділ Құсманов.
Осылайша, жоғары білімнің отандық жүйесін жетілдіруге қатысты сарапшылар бірауыздан практикалық дағдыларды дамыту, цифрлық сауаттылық пен кәсіпкерлік дағдыны күшейту қажет екенін айтады. Жалпы, елімізде кейінгі жылдары барлық деңгейде білім беру жүйесінің сапасын жақсарту үшін белгіленген шаралар қолға алынып, қадамдар жасалып келеді. Мәселен, білім саласын қаржыландыру артты, шетелдік университеттермен меморандумдарға қол қойылып, жаңа мектептер салынып, педагогтің кәсіби мәртебесі артып, мектеп бағдарламалары жаңартылып жатыр.
Тағы бір мәрте «Қазақстан жастары» сараптамалық құжатына зер салсақ, белгілі бір оқу тауысқан немесе оқып жатқан респонденттердің көпшілігі, яғни 76,2%-ы білім сапасына көңілі толатынын жеткізген. Сауалдамаға қатысқандар ішінде 20,2%-ы ғана қанағаттанбаған. Ал ғылыми дәрежесі бар респонденттердің 28,2%-ы өзгелерге қарағанда оқыған білімге қанағаттанбайтынын көрсеткен.
Негізі білім – ел болашағы үшін жоғары құнды актив. Сондықтан оны жақсарту мен дамыту бағытында жұмысты үздіксіз жалғастырып отыру керек. Бұл өз кезегінде еңбек нарығындағы қажеттіліктерді толық өтеуге әбден сеп болуы мүмкін.