• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:20

Жарыстар күнделігі

27 рет
көрсетілді

Жуырда Мажарстанда өткен шахматшылардың Олимпиа­дасында ел құрамасы күміс медальды иеленіп, төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырған еді. Осы табыстың арқасында жерлестеріміз әлемдік рейтингте едәуір жоғарылады. FIDE-нің жаңартылған тізімінде Будапештте бақ сынаған Бибісара Асаубаева (2487 ұпай) 2-орынға көтерілді. Ал Меруерт Камалиденова (2378) – сегізінші, Алуа Нұрман (2356) – 10, Ксения Балабаева (2335) – 12, Әмина Каирбекова (2288) – 25-сатыға жайғасты. Мықтылар санатында Лия Құрманғалиева да бар. Ол 18-орында (2324).

Қытайдың Харбин қаласында Азия олимпиялық кеңесі өкілдерінің қатысуымен 2025 жылы алауы тұтанатын қысқы Азия ойындарына дайындық барысы жайында семинар өтті. Бұл іс-шараға еліміздің Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай, Халықаралық қатынастар департаментінің бас менеджері Айзат Қарашашев қатысты. Семинардан бөлек ҰОК қызметкерлері жеке кездесу өткізіп, онда ұйымдастыруға қатысты мерзім, логистика, тұратын жерлердің жағдайы, жүк тасымалдау, спорттық жабдықтарды рәсімдеу, тағы басқа мәселелері талқыланды. Алматы облысы аумағында стенд атудан өткен Азия кубогі жолындағы жарыста ел құрамасы 14 жүлдеге қол жеткізді. Оның алтауы – алтын. Жекелеген сайыстарда Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко, Никита Моисеевке тең келер ешкім табылмады. Сондай-ақ командалық бәсекеде еліміздің ерлер (Давид Почивалов, Эдуард Ещенко, Илья Пеньков) мен әйелдер (Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Әдел Садақбаева) құрамасы да топ жарды. Тайпейде садақ атудан жасөспірімдердің Азия бірін­шілігінде жерлестеріміз қос қола медальға ие болды. Аралас жұптар арасында Андрей Тютюн мен Ольга Неживых, коман­далық жарыста Ольга Неживых, Анастасия Ершова, Кәмила Ғазизова үшінші орынды еншіледі. Еліміздің жас теннисшісі Бейбіт Жұқаев Шанхайдағы ATP 1000 сериясындағы турнирдің негізгі бөлігінде күш сынасу құқығына ие болды. Іріктеу сайысының финалында ол ұлыбританиялық Билли Харристі 7:5, 2:6, 6:4 есебімен қапы қалдырды. Алғашқы айналымда қандасымыз Роман Сафиуллинге қарсы ойнайды. Бейбіттен бөлек, аталған додада қос Александр – Бублик пен Шевченко да өнер көрсетеді. Бұл күндері футболдан еліміздің жасөспірімдер құрамасы (U-15) Минскіде жалауы желбіреген «УЕФА Даму турнирінде» бақ сынап жатыр. Тұсаукесер кездесуінде Ресейден 0:7 есебімен ойсырай ұтылған отандастарымыз келесі матчта Беларуське есе жіберді – 2:3. 4 қазанда біздің команда Әзербайжанмен шеберлік байқасады. 15 желтоқсанда Мәскеуде аралас жекпе-жектен ACA 182 турнирінің шымылдығы түріледі. Басты бәсекелердің бірінде еліміздің файтері Артем «Спартак» Резников (24-7, 18 КО) ресейлік Юсуп «Борз» (19-3, 13 КО) Райсовпен күш сынасады. Қос спортшы осыдан төрт жыл бұрын дәл осы промоушеннің турнирінде айқасты. Ол кезде жерлесіміз төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Халықаралық биатлоншылар одағы (IBU) 2028, 2029 жылдардағы әлем чемпионаттарын қабылдайтын қалаларды анықтады. Бұл бәсекелер Аустрияның Хохфильцені мен Норвегияның Ослосында өтеді. Ал 2025, 2027 жылдардағы дода Швейцарияның Ленцерхайдесі мен Эстонияның Отепиясында ұйымдастырылады. Әлемдегі ең құнды футболшылар көшін Эрлинг Холанд бастап тұр. Германияның «Transfermarkt» порталының мәлімдеуінше, Норвегия ұлттық құрамасы мен Англияның «Манчестер Сити» клубы шабуылшысының қазіргі кездегі трансферлік бағасы – 200 миллион еуро. Одан кейінгі орындарда бұл күндері Мадридтің «Реалының» намысын қорғап жүрген бразилиялық Винисиус Жуниор, англиялық Джуд Беллингем, франциялық Килиан Мбаппе тұр. Олардың құны – 180 миллион еуро.