Елордалық еріктілер жағалаудағы есірткі жарнамалары бейнеленген граффиттерді өшірді. Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – есірткі заттарының таралуына жол бермеу, азаматтардың жауапкершілігін арттыру.
Есірткіге тәуелді ететін құралдардың бірі – жарнама. Сондықтан оның таралуына қарсы жазуларды бояуға 15-ке жуық ерікті қатысты. Науқанды Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы Көлік және коммуникация жоғары колледжімен бірлесе ұйымдастырды.
– Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың өмірге саналы көзқарасын қалыптастыру, олардың болашағына көбірек көңіл бөлу үшін маңызды. Жастардың шешім қабылдауды үйреніп, өмірге дұрыс көзқарасы қалыптасқанын қалаймын, – дейді «Жаңару сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ филиалы төрағасының орынбасары Дәулеткерей Рахметуллин.
Қоғамдық мәселелерде жастардың белсенділігі басым. Бұл бір жағынан олардың ұстанымын қалыптастыруға сеп болады.
– Біз нашақорлық мәселесіне бейжай қарамаймыз. Осы іс-шараға алғаш рет қатыстым. Бұл – өзімнің азаматтық ұстанымымды білдірудің бір жолы, – дейді студент Диас Балтабаев.
Сондай-ақ Астанада осы бағыттағы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Ілкімді іске Алматы ауданының әкімдігі, прокуратурасы және полиция басқармасы ұйытқы болды. Бұған қоса «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты волонтерлер де көмекке келді.
– Нақты бағыт – есірткі және синтетикалық заттардың жарнамасын жою. Яғни аудандағы үйлер мен мекемелердің қабырғаларына, тротуарлар мен жолға жазылған есірткі және синтетикалық заттардың жарнамасы болуы мүмкін түрлі граффити, QR-кодтар, жазбалар, суреттер өшірілді. Қазіргі кезде жазбалар мен суреттердің полиция анықтаған 15-ке жуық түрі белгілі. Бұдан басқа да сызбаларды тазалаймыз. Өйткені бұл вандализмге жатады. Акция алдағы уақытта да жалғасады, – дейді Алматы ауданы әкімдiгi ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбын Айдынұлы.